Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үміт ана – арманда кеткен аналардың анасы

15.09.2022, 11:00 58

Жаңақорған жазбаларымда ауданның оңды істерін баяндап, тереңірек тарқаттық. Оңтүстік ауданымыз жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен бой түзеп келеді. Егер ұлттың жаратылысында қаһармандық қасиеттер болса ғана найза­ғайдай жарқылдаған тұлғалар туғызатыны рас. Бұл өңір – талай батыр, дана тұлғалар мекендеген қасиетті жер. Тіпті нәзікжандылардың рухы мықты болған. Міне, осы сара жолды жалғаған перзенттер әр сала­ға көңіл бөліп, қолдау көрсетуде. Сөзімізді қалай сабақтасақ та, аудан­ның жақсы тұсын көзбен көріп, сезінген соң тәуір сөзбен иіріп алып кететініміз анық. Олай болса, көзбен көргенді, көңілге түйгенді айтайық. Бірақ бұ жолы халықтың әлеуметтік жағ­дайын жеткізу емес, мәдениетін көркейту, тасқа жан бітіріп сөйлету. Өңірде дәуір тынысын, бабалар мұратын, өткеннің өсиетін келер ұрпаққа аманаттап тұрған ескерткіштер жетерлік. Дегенмен, бұл мүсіндер адам қолынан шыққан шебер­лік қой. Қашанда қолдың өнері – адам жанының айнасы, көне­ден қалған көзі болып қалары хақ. Жалпы, облы­сымызда жаугершілік үрдісі мен батырлық бейнесі шебер суреттелген мүсіндер жетіп артылады. Көбі ер-аза­маттардың еліне сіңген еңбегін, қайсарлығы мен өжеттілігін дәріп­теуге бағытталған. Десе де, қызды төрге шығарып, анасын сыйлаған халық ұлылығын жат қалдырмаған. Сол себепті біз де ананың қасие­тін ұлықтап, Үміт ана жайында сөз қозғауды жөн санадық. Ескерткіштің ерекшелігіне тоқталмас бұрын ең алдымен, «Үміт ана кім?» деген сауалға жауап берейік. Бірі білсе, бірі білмес. Білмегенге таңырқай қарап, именшек  қылмай  түсіндіруге  көшейік.

1941-1945 жылдар әрбір ТМД құрамындағы елдер үшін ауыр есті­летіні  сөзсіз. Ұлы Отан соғысына  елі­мізден аттанған 1 миллион 200 мың  адамның 600 мыңы оралмай қалды. Қызылорда облысынан соғысқа   барған  40  мың  адамның   20 мыңы қан майданда жан тапсыр­ды. Сондай-ақ  Жаңақорған  ауданынан  4949 адамның 2289-ы кіндік қаны тамған еліне оралмай, туған жерінің топырағы бұйырмай қалды. Бұл қанды қасап­қа  куә  болып, кек қуар тірі жан қалу былай тұрсын, құмда ізі, жұртта белгісі қалмайтындай тып-типыл болған еді. Қан сасып, өрт шалған майдан даласынан аман-есен орал­ғандар некен-саяқ. Өмір жолы өксу­мен өткен жарым көңіл, ақ шымылдығын әлі кір шалмаған жас келіншек екі көзі төрт болып, жан жарын тосса, әкесіз жетім қалғанын сезінгендей көзі боталаған жас бала «көкелеп» шешесінің етегіне орала берген көріністер сол уақытта толы болған-ды. Бұған қоса, маңдайында жұлдыз  боп  жанған  перзентінен  хабар-ошар жоқ, көңілі күпті, мұңлық ана күнде жаутаңдап, әлі қара бұлт арыла қоймаған батыс жақтағы созалаңдаған жолға қарағыштай берген деген сөздерді ата-әжемізден ести өстік. Сондай қиын күндерді қазақ халқы бастан өткергенін дүйім жұрт біледі. Дей тұрғанмен, Үміт анамыз 17 құрсақ көтеріп, жұбайы Тоқтар екеуі ұрпақ өрісін кеңейтіп, 7 ұл мен 3 қызды балиғат жасқа жеткізіп, көз қуанышына айналдырды. Кей адам үшін Үміт ананың ерлігі миф болып көрінер, алайда өмірде болған шын оқиға. Бұл жайында «Жаңақорған тынысы» газеті бас редакторының міндетін атқарушы  Баян Үсейіновамен жүздескенде өзінің осы тақырып аясында жазған жазбасын ұсынып, әңгіменің әлқиссасын тарқатты. Онда былай делінген  екен.

«Үміт Мұратбайқызы 1885 жылы туған екен. Жасынан зерек, еті тірі, алғырлығымен өздігінше сауаттанып білім алған. Сонымен қоса тәуіптік емшілігімен талайға қолұшын созғанына сол кез адамдары куә. Құдай артық қасиет дарытқан қазақтың қызының  өмірлік қосағы Тоқтар ағамыз  да сом тұлғалы, қайратты, темірден түйін түйген ұста, еңбек­қор, сонымен қатар кембағалдан қамқорын, жақсылығын аямаған жаны жайдары азамат болыпты. Көп қашанда жәрдеміне жарағанды қастер тұтып құрметтей білген. Анадайдан Үміт ана келе жатса қақ жарылып жол беріп, ауыл-ел ардақ тұтыпты. Елде бала дәрігері ретінде де  аты  шығып,  талай  ананы аман-есен босандырып алған оның жолын бірде-бір кесіп өтпей, алыста келе  жатса  күтіп  тұрады  екен.

Бұл екі жақсыдан 17 перзент дүниеге келсе де, жеті ұл, үш қызы ғана аман-есен ер жетіп, қол ұзартқан екен. Бойында күш-қуаты мен қайраты тасыған, жаратылысынан келбетті, сұңғақ бойлы анадан туған ұрпақтың алыптығының дәлелі, сол жылдары Жаңақорғанға өнер көрсетпекке әлемге әйгілі Қажымұқан Мұңайтпасов келгенде палуанның кір тасын, басқа да керекті асай-мүсейін арқалап жүретін адам қажет болғанда сол істі осы Тоқтар Бектасұлы атамыздың балалары Жұма­бек пен Маткәрім атқарыпты. Ал Марсәлі балажандығы сондай екі қолына он-оннан сәбиді отырғызып тербетіп ойнататын еді дейді көргендер. Осы балаларының алды енді бас құрап, немере сүйгізе бастаған тұста қарғыс атқыр соғыс басталып, майданға аттанған атпал азаматтар қатарында Тоқтар мен Үміт ананың ұл­дары Марсәлі, Құрманбек, Маткәрім, Жұмабек, Мәметсия қолына қару алып қанды қырғынға кіреді. Ал солдатқа жасы толмаған ұлдары Әнуарбекті он сегіз жасқа толған күні аудан­дық комиссариатқа өзі ертіп апарып соғысқа аттандырған ананың тәуекелі таң қалдырардай еді. Бірақ ел басына күн туғанда көпке жөн сілтеп, еңсе түсірмей, барынша қайрат­ты болайын десе де өзекті жарып шыққан перзент қайғысына келгенде әйел жүрегі әлсіз де, қорғансыз екен»  депті әріптесіміз.

Жаңақорғанда Үміт ана жайында мәлімет жинау үшін біраз жерді тоздырдық. «Қасқыр мен журналис­ті аяғы асырайды» деген қанатты сөздің жаны бар екен. Бір-біріне сілтеушілердің арқасында Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері Құралай Дәрменнің көмегі­мен сөнген отты қайта жақтық. Атадан мұра боп қалған тарихты, игі істі еске алдық. Батыр ананың ерлігі мұнда да айтылып, 6 перзентін Отан қорғауға батасын беріп, шығарып салғанына тәнті екенін жеткізді. Иә, 6 ұлдың біреуі ғана қан майданнан жеңіспен оралды. Ол Марсәлі болған. Сол кезде алдынан шығып күтіп алған Үміт ананың айтқан сөзінің өлеңмен өрнектелген мәтінін аудандық музейдің әдіскері бізге көрсетті.

– Көрінді әне, бір ұлым,

Айналайын құлыным!

Келдің бе балам, Мәрсәлі

Шыққандай болды бір күнім.

Ашылып тыныс бір үнім

Иіп те кетті-ау емшегім,

Тарқады мыңнан бір мұңым.

Қалғаның қайда, құлыным?

Қалғаның жоқ қой, құлыным?!

«Жоқ!» дедің бе, не дедің?!

Таппай тұр жаным бір тыным,

Күрмеліп қалды бұл тілім.

Аттанып ең алты ұлым,

Ермеді ме соңынан,

Ең болмасы бір інің?

Не боп кетті бұл күнім?! – деп, соғыс жүріп өткен батысқа қарай көкке қолын жайып, мұңлы дауыс­пен:

– Жалынып жауға бас ұрмай,

Қасқайып қарсы ап өлімді

Төбеңнен жауды асырмай,

Қай жерде қаның төгілді?!

Қан майданда шайқасып,

Өлімге буып беліңді,

Қара бет жаумен айқасып,

Қай жерде қаның төгілді?!

Жас жаның кетті-ау қиылып,

Қорғаймын деп өмірді.

Қай жерден топырақ бұйырып,

Қай жерде қаның төгілді?!

Ажалдың оғы қойды ма,

Алып та тынбай, ой, Алла-ай!

Сендердің кетті-ау мойныңа

Білегі жардың оралмай!

Жоқтап жатты халқың да,

Қырқылып түсті қияғың.

Ең болмаса артыңда,

Қалмады жалғыз тұяғың! – деп жоқтаған екен қайсар ана. Үміт ананың ұлдарының бейітіне барып, құран бағыштай алмайтынына өкінген  ананың  зарын  түсінуге  болады.

Жаңақорған ауданында Үміт ана жайында мағлұмат аз. Десе де, ұрпа­ғы осында мекендейді. Сондықтан батыр ананың ұрпағы жайында айта кеткен жөн. Қазақта «Бір ұлың бір қауым ел болар» деген сөз бар. Үміт ананың майданнан аман оралған ұлы Марсәлі мен келіні Шәдігүлден тараған перзенттері Кеңесбек республикаға еңбегі сіңген дәрігер, Түркістан қаласының Құрметті азаматы екен. Ал, Өмірбек ұлы да белгілі композитор, ұзақ жыл аудандағы Әлшекей атындағы өнер мектебін басқарған, Қазақ КСР оқу ісінің озық қызметкері, Айдарбек есімді тағы бір ұлы аудандық атқару комитетінде, одан әрі қоныстық Кеңес төрағасының орынбасары, зейнетке шыққанға дейін аудандық архивтің бастығы болып қызмет атқарған азамат. Қызы Шәрбан болса «Батыр ана» атағын алған. Үміт ананың майданда қаза болған ұлы Құрманбектен қалған жалғыз көз – Әмірше ағамыздан тараған ұрпақ та бір қауым ел десек, артық айтқанымыз емес. Қазір бұл қарашаңырақтың шырағын ұлы Нұрлан мен келіні Сәуле маздатып отыр. Үміт ананың үшінші ұлы Маткәрімнен қалған жалғыз жәдігер   Әуелбектен Мұхтар, Әлиасқар, Алтай атты перзенттері – Жаңауылда бір-бір  шаңырақтың  отағасы.

Мұндай ананың ерлігін жаңақор­ғандықтар ешқашан естен шығармаған. 2007 жылы Жеңіс күні қарсаңында аудан орталығындағы «Тағзым» алаңына Үміт Мұратбайқызына арнап, «Үміт ана – арманда кеткен аналардың анасы» деген ұранмен бойы үш метрлік ескерткіш орнатқан. Бұған өз қаржысы есебінен академик, заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, Жаңақорған ауданының «ХХ ғасыр адамы» атағының иегері Сұлтан Сартаев мұрындық болған. Ал, ескерткішті жасаған – мүсінші Болат Досжанов. Қаланы, ауданды құр гүл мен баннерлермен көрікті ету әсте мүмкін емес. Оның үстіне қайда қадам бассаң да, алабажақ жарнамалар көзге сүйел болды. Өз еліңнің сыртқы көркіне қарауға жасқанатын кездер де болатыны рас. Сол себепті тамыры тереңге жайылған тарихты түртпектеп оятып, осындай елдің перзенттерін ескерткішпен дәріптеген дұрыс. Өзі өлсе де, ісі өлмеген адамдарға құрметіміз азаймасын. Үміт анамыздай өзін емес, халықтың болашағын ойлайтын аналар көбейе берсін. Аналардың жатырынан шыққан ұл мен қыздың бойында қазақылық жоғалмасын деген тілекпен сөзімізді қорытындылап, ықылым заманнан бергі келе жатқан тарихты жиі жазбамызға қосып  жүрейік  деп түйіндедік.

Азамат  АБИМОЛДА,

Жаңақорған  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: