Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сезім – нәзік, назерке

11.11.2021, 10:00 248

Құлақтан кіріп бойды алар,

Әсем ән мен тәтті күй.

Абай

Иә, ән – көңілдің ажары да, базары да екені шындық. Әрине, ол аласұрған әсіреқызыл әуен болмай, әсерлі ән болса… Сезімді баурап алатындай, жаныңды жаулап алатындай болса… Әр әннің адамға әсерлі естілуі мен әсер етуі өлеңнің сөзіне тікелей байланысты. Бүгінде осы жайт кейде бір-бірімен астасып жатқанымен, кейде керісінше. Қазіргі кейбір әннің әуені, ия, әуені «ішімдік ішкендей», сөзі «түйден түскендей» болып естілетіні жасырын емес. Мысалы, «Мен келгенде неге шықпайсың?», «Келсең кел, келмесең қой!», «Сен сүймесең, мен де сені сүймеймін!» деген секілді тағы басқа тұрпайы тіркестер. Осындай өлеңді естігенде анайы сезім алқымдап, шынайы сезім салқындап бара ма деген ой келеді. Оның беті аулақ!

Адамзат баласының жаратылысында АР, НАМЫС, ЖІГЕР деген үш АЛЫП бар. Ал, СЕЗІМ – нәзік, назерке. Соған селкем түсірмеу – өнер адамдарының да, өзге адамдардың да АР алдындағы өмірлік міндеті.

Адам баласының бойындағы әдемілік пен әсемдікті, сыпайылық пен сымбаттылықты, инабаттылық пен имандылықты, әсерлі әуен мен нәзіктікті ес білген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін ұнататыны әркімге аян. Әріге бармай-ақ қояйын, кешегі ақындар мен сазгерлер Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов, Шөмішбай Сариев, Әсет Бейсеуов, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Ескендір Хасанғалиев, Кеңес Дүйсекеев, Бексұлтан Байкенжеев мынау кең дүниеге керемет шығармаларымен шашу шашқан еді-ау. Кезінде солардың шығармашылық шәрбатынан сусындаған сол кездегі жастар бүгінде жетпістің жотасынан асып, сексеннің сеңгіріне жақындап қалғандар есті әндерді егіле еске алады. Өнердегі әннің өміршеңдігі де осындай болса керек.

Ақын мен сазгерге әсем табиғат көріністері де әсер етпей қоймайды. Жоғарыдағы аты аталған өнер адамдарының өлеңдерінде тамаша табиғат тылсымдарының бәрі бар. Олардың бәріне жеке-жеке тоқталу – өз алдына бөлек әңгіме. Қайран, Шәмші аға! Өткен ғасырдың алпысыншы жылдардағы жалынды жастары сенің «Қайықта» әніңмен есейіп ержетті-ау. Талай ер жігіттер «ескекті ерке қызға естірмей» өздері алып есіп, қайықты болашаққа қарай бұрғаны қаншама… Солар саған да, «Қайыққа» да қарыздар, ән аға, жан  аға, Шәмші  аға!

Бүгінде сырлы сезімге толы ән жазатын Шәмші ағаның шәкірттері де баршылық. Солардың қатарына Рамазан Тайманов, Лена Әбдіхалықова және Роза Әлқожаны қосар едім. Басқа да ақын-сазгерлер бар.

«Әннің де естісі бар, есері бар» деген ғой. Болашақ жастарға естісінің ерекше әсері етері анық. Ал, есері есте қалмайтын бос дүние ғана.

Қазыбек  ӘШІРБЕКҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: