Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Райымқұлова: «Індетке тосқауыл болудың тиімді жолы – оқшаулану»

15.04.2020, 11:13 469

HALYQLINE.KZ –| ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова сала қызметкерлеріне алғыс айтты.

Құрметті мәдениет, спорт және туризм саласының қызметкерлері!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия мәжілісінде «Береке-бірліктің арқасында Қазақстан бұл індетті артқа тастап, зор сеніммен алға басатыны айқын. Бүгінде біз уақытында жүзеге асқан шұғыл шаралардың арқасында індеттің кең таралуына жол бермедік» деп елге рухани тұрғыда қолдау білдіріп жатқан мәдениет саласының қызметкерлеріне алғыс айтты.

Жаһанды жаулаған қатерлі індетке тосқауыл болудың тиімді жолы – оқшаулану, тәртіпке бағыну екенін көпшілік қазір жете түсінеді. Дәрігерлер, полиция қызметкерлері мен еріктілер күн-түн демей елге қызмет етуде. Бұл – ортақ іске әр азамат өзінің қолынан келетін үлесін аямау керек кезең. Бұл – бар адам баласы бір тілек, бір мақсатқа жұдырықтай жұмылған уақыт.

Осындай күндері мәдениеттің басы-қасындағы майталмандар, ақын-жазушылар мен өнердің әр саласында жүрген жұлдыздарымыз аз уақытта халыққа дем беретін, қызықты жобаларды бастап кетті.

Ел Президенті «Қазақтелеком» АҚ бірлескен YouTube арнасындағы «Карантиндегі жұлдыз» жобасы туралы жылы пікір айтты. Бұдан бөлек онлайн режимде және таспада қаншама спорттық жаттығулар, дәрістер, сұхбаттар және концерттерден тұратын видеоконтент циклы жүзеге асып жатыр. Мұның бәрі өнер қайраткерлері мен спорт және туризм саңлақтарының халыққа деген игі ниеті, ыстық ықыласы деп қабыл алғайсыздар.

Осы ретте мәдениет және спорт саласы қызметкерлеріне бірлік пен ынтымақ танытып, халыққа қолдау жасағандары үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Бастаманы қолдап, жоғары баға берген Мемлекет басшысына бүкіл мәдениет, спорт, туризм саласы қызметкерлерінің атынан зор алғыс айтамын.

Алдағы уақытта да ел көңілінен шығатын өміршең жобаларды жүзеге асырып, көрерменнің, тыңдарманның талабын қанағаттандыруға атсалысуға шақырамын!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: