Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оқырман «Сезім серуенмен» сырласты

10.03.2021, 16:15 931

HALYQLINE.KZ  Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғазиза Әбілданың «Сезім серуен» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған іс-шараға өңірімізге белгілі қаламгерлер қатысты. Тұсаукесер жиынын облыстық кітапхана директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас жүргізді.

Сыр өңірі ғана емес, еліміздегі ойлы оқырман атаулыға шығармалары етене таныс ақын Ғазиза Әбілдәның тұңғыш өлеңдер жинағы «Таңсәрі» 2011 жылы жарық көрген. «Сезім серуен» деген атпен оқырманға жол тартып отырған бұл – оның екінші кітабы.

Жиында облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұршат Наурызбаева авторға шығармашылық табыс тілеп, ақын өлеңдері сыршылдықтан, махаббатқа деген сенімнен тұратынын атап өтті. Сонымен қатар, ақын Қатира Жәленова: «Сыр өңірі таланттан кенде емес. Солардың бірегейі – Ғазиза сіңілім», – деп ыстық ықыласын білдірді.

Мұнан соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Айман Айтбаева қаламгер шығармашылығы жайында баяндама жасап, «ақынның бес парызын бір өлеңнің қалыбына сыйғыза білген лирик ақын» деп бағалады. Сондай-ақ, ақын Дүйсенбек Аяшұлы жаңа туындымен қауышып отырған оқырман қауымын құттықтап, лебізін өлеңмен жеткізді. Өз кезегінде автор өлең өлкесіне алғаш қадам бастырып, қолдау білдірген аға буынға ағынан жарылып алғыс білдірді.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қатира Жәленова, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Толыбай Абылаев жинақтың тұсаукесер рәсімін жасады. Іс-шара соңында студент жастар ақын өлеңдерін жатқа оқып, облыстық филармония әншілері ақын сөзіне жазылған әндерді орындады.

Ғазиза Әбілда 1975 жылы 1 сәуірде Қызылорда облысы Жалағаш ауданы, Еңбек ауылында туған. Қызылорда мемелекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 2001 жылы Алматыдағы жас ақындар семинар кеңесінде өлеңдері жоғары бағаланған. 2004 жылы облыстық «Сырдария-жырдария» өнер фестивалінің «Құрмет белгісімен», 2005 жылы Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталған.

Биболат СӘТЖАН,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: