Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Өз анасын өлтірген ұрпақпыз біз»

22.11.2021, 10:30 398

СЫРДАРИЯНЫ ЖОҚТАУ

Қанша ғасыр сақталған қазынам боп,

Суымнан нәр, түбімнен азық ал деп…

Сыр сарқылды.

Үзілді өмір-өзен,

Неге мұнша о, тағдыр, базынаң көп?…

Сенен, тағдыр, сұрап ем басқа нені?

Кеше Арал аһ ұрып көшкен еді…

Бүгін сырғып көзімнен Сырдария,

Жүрегімнің арнасы жас төгеді…

Дариям жоқ, данышпан қариям жоқ…

Құлдық ұрып құдайға шағынам кеп.

Сырдариям, сен едің дертке дауа,

Кімге барам, жарамды жазып ал деп?

Шөлдегеннің нәрі едің, Сырдариям!

Өлмегеннің жаны едің, Сырдариям!

Толқындарың тудырған тағдырлардың,

Жарылқаушы

Жары едің, Сырдариям!

Тарқатылған…

бұрымдай бұрқыраған!

Сырдариям сыр бүккен ілкі заман…

Бұрымынан ұстаған құлқын қолды,

Тойымы жоқ ғасырдың сұрқы жаман…

Хақтан ба әлде бұл пәрмен, адамнан ба?

Азса пейіл, айналар заман зарға…

Өзектіге бір өлім екені рас,

Өзендерді өлтірмес амал бар ма?

Енді кімге жай болар мына тұрақ?..

Асыр салса төріңде кіл ақымақ…

Қасиетін, жерімнің қазынасын,

Құлқын атты құрдымға құлатып ап…

Көзден ұшса шыбын жан – көкөрім бақ,

Бізден де өтер бұл дәурен, өлерім хақ!

Өз анасын өлтірген ұрпақпыз біз,

Кешпе бізді, сен де енді келер ұрпақ!

… Дариям жоқ, жұртымның панасы жоқ,

Панасы жоқ жүректің жарасы көп!

Алпыс мың жыл құрсағы құрғамаған,

Алты алаштың аяулы Анасы жоқ!

Дариям жоқ, жанымның дауасы жоқ,

Жарқылы жоқ жанардың қарасы жоқ.

Жағалауға кеп тұрмын жоқтау айтып,

Анадай қаңғып тиген баласына оқ!

Тағдырына қылатын шарасы жоқ…

Елена ӘБДІҚАЛЫҚОВА,

ақын

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: