Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мен  таңдаған  кітап

23.04.2026, 5:30 28

HALYQLINE.KZ

23 сәуір – Ұлттық кітап күні

Білім – сарқылмас қазына. Пенденің білім жолында жасаған еңбегі – оның жеткен жетістігі. Әр адамның қол жеткізген ұлы игілігі – білімі. Ал білімнің кілті – кітап. Ғ.Мүсірепов «Кітап таңдап оқи білу, алған әсеріңізді өмірде қажетіңе жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі» деген екен.

Расымен, кітап оқу ең керемет әлемге қадам басу тәрізді. Мен кітап оқығанды жақсы көремін. Кітап арқылы ой-өрісің кеңіп, адамның қоғамға деген көзқарасы өзгеріп, өмірге деген сезімі асқан қызығушылықпен өрбитіні сөзсіз.

Әр кітап – өзінше бір керемет дүние. Менің де білімге деген құштарлықпен қоса кітап оқуға деген қызығушылығымның арқасында көптеген кітаппен таныстым. Ш.Мұртазаның «Ай мен айша», Ш.Айтматовтың «Жәмила», Т.Жұртбайдың «Бір уыс жусан», З.Шүкіровтың «Қиын түйін», т.б. кітаптар. Осы кітаптардың арасынан «Менің сүйікті кітабым» санайтын Ертай Айғалиұлының «Қара жапырақ» кітабы. Бұл шығармада 13 жастағы мүгедек қыз Раушанның өмірге деген талпынысы, экологиялық зардаптан қанша ауру адамның зардап шегуі, бір отбасының түгелдей өмірден өтуі жайлы баяндаған. Менің жүрегіме қатты әсер етуі, сол бала ұзақ өмір сүргенде, елімізде мықты жазушылардың қатарына қосылар еді, әттең ажал құшағында кете барды. Жазушының осы кітабы секілді, қазіргі уақытта да пәк сезімді бейнелейтін, оқырманның сүйіспеншілігін, қызығушылығын арттырарлық кітаптардың жарық көруі нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Өйткені, кітаптың мәні, маңызы зор болуы – басты мақсат. Ал мәнді кітап көп болса, оқырман көбейеді. Кітаптың құдіретін өткен ғасырдың шыңын бағындырған талай тұлға, дана мен ғалымдар да дәлелдеген. Кітапты тақтан да қымбат санаған.

Менің байлығым, барым – ол сенсің, кітабым! Қай кезде де сарқылмайтын, ескірмейтін қазынасың. Есесіне ештеңе де сұрамайсың. Ақылы тасқан данасың, ал ішінде тұнған әлемнің ең кереметі жасырылған, бейне бір «мені оқы, мені таны, мені біл» деп оқырманды шақыратындай. Әркез санаға рухани тыныштық беріп, сабырға шақыратын да – өзіңсің.

Өскелең ұрпаққа кітаптан асқан байлық, кітаптан асқан асыл қазына жоқ дей келе, кітапхана – кітап пен даналықтың иісі қатар сезілетін білім мен шығармашылықтың, руханияттың қасиетті шаңырағы. Ал кітапханашылар – осы мәдени орданың сақшысы, кітап пен оқырманның арасын жалғастырушы құрметке лайық маман иелері.

…. Өткеннің аманат сәлемі,

Өзгеше сәулелі әлемі.

Кітаппен дос болған қыздардың,

Бәрі де керемет әдемі! — деп ақын Баянғали Әлімжанов өлеңмен өрнектеген сауатты да сымбатты, өз ісінің шебер майталмандары, әрдайым кітап оқитын оқырмандарыңыз көп болсын! Ұлттық кітап күні құтты болсын!

Жанат Нарикбаева,

№85  мектептің  кітапхана  меңгерушісі,

Қармақшы  ауданы,

Төретам  кенті

Фото: arsaq.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: