Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кенжебай Жүсіпов: «Қазіргі айтыстағы басты мәселе – қыз балалардың аздығы»

17.05.2020, 10:10 1666

HALYQLINE.KZ  Айтыстардың қайталануы – «айтқыштардың» майдалануы шығар. Олай деуге себеп, бас бәйге, жүлделі орындар мен ынталандыру сыйлықтарынан өзге, қатысушы барлық ақындарға да ақшалай сыйлық беріліп жатады. Әлбетте, жүлдені сұрап алу болса да, шаппай алу жоқ. Бір айтысты бітіре сала екіншісіне аттанған ақынның алдыңғы сөзінің орнын ауыстырып, келістіре салуы заңды да шығар. Уақыттың тығыздығы мен жүлденің жүз көрсетуі ұятты аз уақытқа ұмыта тұрып, талғампаз тыңдарманға «жобасы бар жырын» ұсынуына әкеліп соқтыратыны анық. Бұл мәселеге келгенде басыбайлы біреуді кінәлі деу дұрыс емес. Айғайлау мен үнсіз қалудың да қажеті шамалы. «Түйін қалай түйілді?» дегеннен гөрі, «оны қалай шешу керек» дегенге жауап іздеген жөн. Сонымен, қайталама айтысты қалай қойдыруға болады? Жалпы, «бір айтқанын екінші жерде қайталау қаншалықты дұрыс?» деген сұрақты ҚР мәдениет қайраткері, айтыскер ақын Кенжебай Жүсіпке қойып көрген едік.

Кенжебай ЖҮСІП, айтыскер ақын:

– 80-90-жылдары айтыс қолға алына бастаған уақытта «қағазға қарап айтысу» деген болған дейді. Бұл айтысты жолға қою үшін, қазіргідей мәртебеге жеткізу үшін жасалған әдіс еді. Уақыт өте келе оның дұрыс емес екені анық білінді, есесіне айтыс жақсы көріне алды, ауқымы да кеңейе түсті. Сол секілді, бір айтқанын екінші жерде қайталау дұрыс дей алмаймын. Бірақ, мұның өзі уақытша нәрсе болмақ. Жас айтыскерлерге ескерту керек, кейін өздері де түсінеді.

Қазір әлеуметтік желілердің дамыған заманы ғой, сондықтан сақа ақындар, бабында жүрген ақындар қайталауға бара бермейді деп ойлаймын. Ал, айтыс сахнасында енді-енді төбе көрсетіп жүрген ақындар бұл қадамға үлкен додаға дайын болмауынан, өзін жақсы жағынан көрсету үшін баратын болуы керек. Көктемде күнге қызып, құмның арасынан қылтиып шығып келе жатқан шөпті алақанмен сипасаң, тамырынан ажырап, қайта өсе алмайды ғой. Сол секілді, кейбір таланттарды «сен қайталадың!» деу арқылы өшіріп алуымыз мүмкін.

Меніңше, бүгінгі айтыстағы басты мәселе мұндағы қыз балалардың аздығы болып отыр. Поэзияда жақсы жағынан көрініп жүргендер бар. Демек, домбыра тарту мүлдем төмендеп бара жатыр. Осыған жете мән беру қажет.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: