Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Хайди» қалай әлемге танылды?

21.05.2026, 6:00 25

Швейцарияны әлемге танытқан ең әсерлі туындылардың бірі – «Хайди» тарихы. Бұл оқиға швейцариялық  жазушының  «Heidi»  романынан бастау  алады.  Кітап  авторы  Йоханна  Спири табиғат пен адам арасындағы байланыс, мейірім мен балалықтың тазалығын қарапайым, бірақ өте терең оқиға арқылы жеткізген.

Кейін бұл шығарманың танымалдығы артып, оны жапондықтар анимацияға айналдыру  идеясы  туады.  Осылайша 1974 жылы «Heidi, Girl of the Alps» атты әйгілі жапон аниме жарыққа шықты. Аниме өндірісі кезінде режиссерлер Швейцария табиғатын мүмкіндігінше шынайы көрсету үшін арнайы елге сапар шегіп, Альпі таулары, ауылдар мен жайылымдарды өз көзімен көріп, әр бөлшегін мұқият зерттеген.

Нәтижесінде анимеде Швейцарияның табиғаты өте шынайы әрі әсерлі бейнеленді: биік Альпі таулары, жасыл жайлаулар, ағаш үйлер мен таза ауа көрерменге ерекше тыныштық сыйлады. Бұл тек балаларға арналған мультфильм емес, нағыз табиғатқа деген махаббатты оятатын туындыға айналды.

«Хайди»  анимесінің  ең  үлкен ерекшелігі – оның атмосферасы еді. Жетім қыз Хайди мен оның қатал көрінгенімен жүрегі жұмсақ атасының оқиғасы арқылы адамгершілік, мейірім және отбасы құндылығы терең суреттелді. Осы сезімдер Швейцарияның табиғи сұлулығымен үйлесіп, көрерменге ерекше әсер қалдырды.

Аниме  алғаш  рет  Жапонияда көрсетілгенімен, ол тез арада бүкіл әлемге тарады. Азияда да, Еуропада да, Америкада да үлкен танымалдыққа ие болып, көптеген тілге аударылды. Уақыт өте келе бұл туынды тек мультфильм емес, Швейцарияның мәдени символына  айналды.

Кейін Швейцарияның өзінде де «Хайди» бейнесі ерекше құрметке ие болды. Туристер Альпі тауларына анимедегі көріністерді көру үшін  арнайы келеді екен. Осылайша  әдеби шығарма, жапон  анимациясы және шынайы табиғат бірігіп, бір елдің әлемдік брендіне айналған  ерекше  құбылыс пайда болды.

Бүгінде «Хайди» тек балаларға арналған оқиға емес, ол табиғаттың сұлулығын, мейірім мен адамдық құндылықтарды әлемге танытқан  мәңгілік  туынды  ретінде  бағаланады.

Дайындаған О.Бақытжанқызы

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: