Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақын Қатира Жәленова 70 жасқа толды

08.04.2021, 14:00 64 0

HALYQLINE.KZ Бүгін А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде сұлу Сырдың ақын қызы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қатира Жәленованың «Өмірімнің өрнегі өлеңімде» атты шығармашылық кеші өтті.

Қызылордалықтар тағылымды шараны Қатира Сыздыққызының 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырған. Әдеби мазмұны бай, әсерлі кешке қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов және аймағымыздың белгілі қаламгерлері, ақынның достары мен шәкірттері де қатысты.

Өлеңсүйер қауым жиылған кешті қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов ашып, мерейтой иесіне «Сіздің жырларыңыз сан алуан тақырыпты қамтиды. Өмірін өлеңмен өрнектеп, жүректегі қуаныш, мұңын, нәзік сезімін өлең жолдарына сыйғыза білген талантты ақын ретінде жыр сүйер қауым үшін орныңыз ерекше» – деп, ыстық ықыласын білдіріп, ақын шығармашылығына зор табыс тілеп, сый-құрмет көрсетті.

Сондай-ақ, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ақынның замандасы Сайлаубай Әбішев ақын шығармаларындағы адами асқақ сезім, өрелі ой, өмірлік рухани құндылықтар туралы пікірін ортаға салып, Қатира Жәленоваға құттықтау лебізін білдірді.

Ал ҚР Мәдениет саласының үздігі, белгілі айтыскер ақын Серік Ыдырысов «Қатираның қаламы» атты арнауын оқып, ақын қаламынан туған қуатты жырлардың өнегелі де өміршеңдігін өлеңге арқау етті.

Рухани шарада жас өрендер ақынның өлеңдерін оқып, қаламгер сөзіне жазылған әндер орындалды. Бұл кеште жас күйшілер де өз өнерлерін ортаға салып, «Жастар театрының» актерлары көрерменге сахналық қойылымдарын ұсынды.

Шара соңында ақын Қатира Жәленова шығармашылық кешін ұйымдастырушыларға және қатысушыларға алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: