Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақын мұрасы – ұрпаққа аманат

21.05.2026, 21:45 32

HALYQLINE.KZ

Биыл Арал өңірінен шыққан қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығы.

Осыған орай Қамыстыбас ауылдық округінде ақын мұрасын ұлықтауға арналған мазмұнды іс-шаралар өтті. Ақынның 80 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараларға ақынның жары Ж.Сариева қызы және немересімен бірге арнайы келіп қатысты. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Алдымен №21 орта мектепте ұйымдастырылған «Ұлы дала – шөл даланың ұлымын» атты әдеби-сазды іс-шарамен бастау алды. Жас шәкірттер ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, өнерпаздар халық жүрегінен орын алған әндерді орындады. Сондай-ақ, ақынның өмір жолы мен шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетілді. Кеш соңында қонақтар мектеп жанындағы мұражайды аралап, ақын мұрасына арналған жәдігерлермен танысты.

Рухани іс-шаралар легі ауылдық мәдениет үйінде өткен «Шөмішбай мұрасы – руханият шамшырағы» атты сыр-сұхбат кешімен жалғасты. Мәдениет үйінің фойесінде арнайы фотоаймақ ұйымдастырылып, ақын шығармашылығына арналған көрме көпшілік назарына ұсынылды.

Тағылымды сыр-сұхбатты «Толқын» газетінің бас редакторы Айдар Сайлауов жүргізді. Кеш барысында Жұмагүл Сариева ақынның шығармашылық жолы, отбасылық өмірі мен азаматтық болмысы жайлы естеліктерімен бөлісті.

Кеш Шөмішбай Сариевтің өз дауысымен оқылған «Кел, жылдарым!» өлеңінің бейнежазбасымен ашылып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Одан кейін жас өнерпаздар мен көркемсөз оқу шеберлері ақын шығармаларын орындап, поэзия мен өнер үндескен мазмұнды кешке ұластырды.

Қамыстыбас ауылдық округінің әкімі А Төлебайқызы сөз сөйлеп, Шөмішбай Сариев мұрасының ұлттық руханияттағы орны ерекше екенін атап өтті. Ол өз сөзінде ақын шығармаларының жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталып, мұндай тағылымды іс-шаралардың рухани құндылықтарды дәріптеудегі рөлі зор екенін жеткізді. Құрметті қонаққа ұлттық дәстүрге сай құрмет көрсетілді.

Мазмұны бай, тәрбиелік мәні зор қос іс-шара да ақын мұрасын ұлықтап, жас ұрпақтың рухани дүниесін байытуға бағытталған маңызды кездесулердің біріне айналды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: