Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Алдаспанның» алғашқы отырысы өтті

11.03.2020, 10:58 1228

Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы жанынан құрылған «Алдаспан» жас ақындар әдеби клубының ұйымдастыруымен орталықтың АКТ залында З.Шүкіров, М.Мақатаев, Ж.Әбдірашевтердың шығармашылығы мен өміріне арналған «Арналы жырдың бұлағы» атты кездесу кеші өтті.

Кеш қонақтары Зейнолла Шүкіровтің мұрагер інісі Алпысбай Шүкіров қазақтың тағдырлы ақыны туралы көптеген тың әңгімелердің тиегін ағытты. Зейнолла ақынның көзі тірі кезінде аймағымыздағы шығармашыл жастардың жетілуіне жасаған істері мен Мұқағалидай ақынның арнайы келіп батасын алып кеткенін және «Қанды кек» повесті үшін көркемсөз шебері Оралхан Бөкейдің іздеп келіп, әңгімелескенін айтып өтті. Филология ғылымдарының кандидаты, ақын Шанжархан Бекмағанбетов ақиық ақын Мұқағали Мақатаевпен кездескені туралы қызықты әңгіме өрбітті. Жарасқан Әбдірашев атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Толыбай Абылаев Жарасқан ағасы жайлы көптеген естеліктер айтып, «Алдаспан» шығармашыл жастар әдеби клуб мүшелеріне ақындықтың қыр-сыры жайлы кеңінен мағлұматтар берді.

Кездесу кешінде термеші Динар Рахман мен Әли Кеңесұлы жырдан шашу шашса, жас ақындар Қуанышбек Өмірбек пен Айдар Сайлауовтар жаңа жырларын оқыды. «Әлімсақ» журналының бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы мен «Айтыстың ақтаңгері» Мұхтар Ниязовтар да жастарға ақыл-кеңесін айтты. Кешті орталық басшысы Жанат Ашанқызы қорытындылап, мұндай жиындардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.

Облыстық халық шығармашылығын дамыту

және мәдени-продюсерлік орталығы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: