Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Әкемнің ақталатын сәтін ерекше күттім»

29.01.2023, 12:30 415

HALYQLINE.KZ «Шыбын жаны шырқыраған сәтінде әкем «Гүлнәр, Гүлнәр, Гүлнәрім» дейді екен. Жаны қиналғанда сүйікті қызын сағынып, аңсап, менің атымды атап, шақырғаны көңіліме біртүрлі аяныш туғызады…

Орынборда тұрғанымызда әкем мен шешем қайсысын артығырақ көретінімді әдейі сынау үшін, көшеде кетіп бара жатқанда екеуі екі жаққа тұра қалып мені шақырады екен. Сонда жүгіріп келіп әкемнің мойнына асылғанымда, шешем біртүрлі ренжіп қалатын болыпты.

Тұрмыста көп қиындық көрдік. Әкем оқу, жұмыстың қамымен көбіне сыртта жүрді де, анам екеуміз нағашыларымның қолында болдық. Сондықтан әкемізді сағынып, бір көруді армандайтынбыз. Әкемнің тұңғышы болғандықтан, әрі басқа перзенттері қалмағандықтан, мен өнебойы әкемнің тегін алып жүрдім. Тегімізді сақтау ол заманда қиынның қиыны болды ғой. Тегімді сақтау жолында көрмеген қиындығым қалмады. Соның барлығына мен төздім. Қазақстанда мені оқытпады, сол үшін мен Том қаласына барып дәрігерлік оқуға түстім. Мен әкемнің жазықсыз кеткенін білетінмін. Әйтеуір түбінде әділет жеңіп, әкемнің ақталатын сәтін ерекше күттім.

1937 жылдан бастап шешемді Алматыда тұрғызбады. Сонан соң ол әпкесімен бірігіп Талғардан бір үй сатып алып, сонда тұрды. 1939 жылы мен Том қаласындағы оқуымды бітіріп, Шымкентке келдім. Шешемді қолыма алып бір жылдай ғана тұрдық, 1940 жылы 15 қыркүйекте небары 45-ке қараған шағында шешем Ғайнижамал Дулатова дүниеден озды.

1936 жылы студент кезімде демалыс үйіне барғанымда бірде Телжан Шонанұлының жұбайы Шахзада апайды көргенім бар. Бір көрмекке керемет сұлу, өзі оқыған, білімді Халық комиссариатында қызмет істейтін апай да сол жерде демалып жатса керек. «Жүр, екеуміз саяхат жасайық» деді де мені ертіп, тау басында үлкен жартасқа сүйеніп тұрып, бір керемет өлеңдерді оқыды. Таңдана қарап қалған маған ол кісі кенет «Бұл сенің әкең жазған «Бақытсыз Жамалда» жазылған өлеңдер» деді. Сөйтіп мен «Бақытсыз Жамалды» бірінші рет Шахзада Шонанованың аузынан естідім. Оған дейін білмеген себебім «Бақытсыз Жамал» біздің қолымызда болмады. Бертін келе маған ол романды Жүсіпбек Аймауытұлының «Қартқожа» шығармасының кейіпкері Қартқожа Тоғанбаев деген кісі берді…»

Гүлнәр ДУЛАТОВА,

Міржақып Дулатовтың қызы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: