Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Абайдың 8 қыры…

23.06.2020, 15:40 1152

HALYQLINE.KZ «Абай – дана, Абай – дара» дейміз. «Ұлы Абай» деген тіркес те санада сақталып, жадымызда жатталып қалған.
Сөзді айтамыз, бірақ, мәні мен мазмұнына, астары мен қатпарына назар аудара бермейтініміз бар, кейде. Ендеше, Абайды ұлт болып ұлықтауымыздың сыры неде? Әлеуметтің уақытын құрметтей отырып, қарапайым сұраққа барынша қарапайым, әрі қысқаша жауап беріп көрелік.

1. Абай – қазақ жазба әдебиетінің бастауы! Рас, бұл тұжырымға екіұдай пікір бар. Тарихын тасқа басқан көк түркінің текті ұрпағымыз. Отырар кітапханасы, Яссауи, Дулати туындылары, таңды-таңға жалғайтын жыр-дастандар, т.б көптеген жауһарлар бар. Бірақ, Абайға дейін фольклор мен жыраулық сарын басым болғаны тағы шындық. Дәл Абай өмір сүрген дәуірде «Қазақтың қалыптасқан жазба әдебиеті бар еді» деп айта алмаймыз. Демек, Абай «жоқтан бар жасады».

2. Абай – философ! Пәлсапа толы өлеңдерінен бөлек 45 қара сөзі барын бәріміз білеміз. Бірақ не жазылғанын біле бермейміз. Қысқа қайырсақ, данышпан Абайдың өзі өмірдің мәнін іздеп, толғанған. Қазақты сынап, қамшылап, оятқысы келеді. Сосын, ең көп тоқталған тақырыбы – Құдай құдіреті, жаратылыс нығметі, құран, дін. Советтік саясат – Абайдың философтығын жоққа шығарып баққан.

3. Абай – ақын, жаңалық әкелген ақын! Қазақ поэзиясында бұрын болмаған 8 аяқ, 6 аяқ өлеңдері бар. «Алыстан сермеп, Жүректен тербеп» – бунағы бөлек; «Бойы бұлғаң, Сөзі жылмаң».. – ұйқасы, шумағы ерек..

4. Абай – аудармашы! Шығыс пен батыс мәдениетін тел емген Абай – қазақ әдебиетіне сапалы аударма әкелген ақын. Аудармалары қазақы болмыс, шұрайлы тіл, өзіндік өрнегімен ерекшеленіп тұрады. Тіптен, кейбір аудармалары оригиналынан да асып түскенін әдеби сыншылар жиі айтып жүр. Мысалы, Гетенің «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі. Қазақша сөйлеткен ғажап мысалдары- өз алдына бір төбе.

5. Абай – композитор! Дәйекті дәлелдеуге «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» әндері жеткілікті болар.

6. Абай – сері! Ақынның аңшылығы баршаға аян. Аттың жақсысын таңдап мініп, құстың мықтысын ұстаған. Ойдың тұнығын, сөздің шымырын теретін шешендігі, «Әу» дерлік әншілігі де болған. Ақша санамайтын мәрттігі, қонақжайлығы, дарқан-жомарттығы туралы да ұзағынан айтуға болар еді… Қыр қазағының үріп ішіп, шайқап төккен салтанатты өмірі «Советтік саясат» үшін қоңырқай суреттелген.

7. Абай – ағартушы. Барша қазақты оқуға, ғылым-білімге шақырғаны, надандықты мінеп, адамдықты биік қойғаны туралы өз сөзін оқиық, біздің сөз артық болар.

8. Абай – қайраткер! Бір ғана мысал, Семей өңірінде қазақтарды жаппай шоқындыру саясатына қарсы шыққандар қатарында Абай да болған. Нәтиже оң болғаны баршаға белгілі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: