Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада Сырдария өзені арқылы жаңа көпір салынады

28.07.2026, 20:16 33

Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов баспасөз конференциясында жол-көлік инфрақұрылымы туралы кеңінен айтты.

– Биыл бюджет қаржысының ауқымды бөлігін халықтың сұранысы мен талабы жоғары болып отырған жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағыттап отырмыз. Ағымдағы жылы бұл салада жалпы құны 38 млрд. теңге болатын 23 жоба іске асырылуда. Аталған жобалар бойынша жалпы ұзындығы 71,1 шақырымды құрайтын 71 көшеге күрделі жөндеу, қайта жаңғырту және 1 көпір салу жұмыстары жүргізілуде, – деді ол.

Әкімнің сөзінше, қазіргі таңда қаланың 32 көшесінде күрделі жөндеу қарқын алған. Өткен жылы 8 көшедегі шаруа толық аяқталса, биыл қалған 24 көшедегі жұмыс жыл соңына дейін қорытындыланады.

– Маңызды нысандардың бірі – «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы оңтүстік магистралды канал арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы. Бұл жобаның бүгінгі дайындығы жақсы деңгейде, оны қыркүйек айында пайдалануға береміз. Дәл осы қыркүйек айында Торайғыров көшесінен «Қызылорда-Құмкөл» автожолына дейінгі Сағымбаев көшесіндегі қайта жаңғырту жұмыстарын да аяқтаймыз. Бұл жаңа көпір мен жаңартылған Сағымбаев көшесі «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық дәлізі мен Астана қаласынан келетін жолды түйістіретін үлкен әрі заманауи қақпаға айналады, – деді қала басшысы.

Назарбаев даңғылында, Тасбөгет кентіндегі Иманов, Бозғұл-1, Наурыз, Ш. Есенов көшелерінде қайта жаңғырту жүріп жатыр. Аталған көшелер плотинаға дейін кеңейтіліп, жол қозғалысына түсетін жүктеме азаяды. Кенттер мен ауылдық округтердің 32 көшесінде де жөндеу қызу жүруде.

Ең ірі жоба ретінде Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол өткелінің құрылысы аталды. 4,6 миллиард теңгеге бағаланған жоба аясында екі жолақты өткел, көпір, тіреу қабырғасы, жаяу жүргінші жолы және жол жабыны салынады. Бүгінде айналма теміржол желісі төселіп, инженерлік желілерді көшіру жұмысы аяқталған.

– Жоспарымыздағы тағы бір ілкімді іс ол — Сол жағалау мен қаланы байланыстыратын автожол көпірі. Иса Тоқтыбаев көшесінен Сырдария өзені арқылы өтетін автожол өткелінің құны 19,5 млрд. теңгені құрайды. Нысан құрылысын бастау үшін республикалық бюджетке өтінім берілді, – деп мәлімдеді Нұржан Ахатов. Жоба бойынша 2026 жылға 3 миллиард, 2027 жылға 16,5 миллиард теңге бөлінуі керек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: