Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада құрылыс қарқынды жүруде

27.04.2023, 17:25 313

HALYQLINE.KZ ​Қызылорда қаласы күн сайын ұлғайып келеді. Оны соңғы жылдардағы қарқынды құрылыс көлемінен байқаймыз. Алаштың астанасы болған, қос ғасырдан астам тарихы бар шаһарда биылғы жылы да қолға алынған жұмыстар орасан.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, жылдар бойы қордаланған инфрақұрылым мәселесін шешу және отандық өндірісті дамытуға қатысты қала аумағында жүзеге асырылып жатқан ілкімді істердің жұмыс сапасын қадағалау мақсатында қала әкімі Асылбек Шаменов бірқатар нысандар құрылысын аралады.

Шаһар басшысы алдымен жақында ғана қаланың сол жағалауында құрылысы басталған 84 пәтерлі 7 қабатты 6 тұрғын үйдің аумағына барды. Жаңа тұрғын үй құрылысы және қазіргі жұмыс барысы жөнінде баяндаған тиісті бөлімнің басшысы Айдын Әнуар және мердігер компания «Аман құрылыс» ЖШС-нің директоры Ә.Маштаев нысан 2024 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілетінін айтты. Өз кезегінде қала әкімі Асылбек Шаменов мердігер компания басшысына құрылыс сапасы жіті бақылауында болатынын жеткізді.

​- Мемлекет басшысы ондаған жыл бойы жинақталған инфрақұрылым мәселелерін шешу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуды қолға алуды тапсырғанын білесіздер. Бұл ретте, салынып жатқан 7 қабатты үйлердің орны бөлек, әрі жауапкершілігі де жоғары екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан, тұрғындар өміріне қауіпсіздігі мен барлық техникалық мүмкіндіктерін мүлт жібермеу керек, – деген шаһар басшысы Сол жағалауда салынып жатқан басқа да көпқабатты 10 үйдің құрылыс жұмыстарын аралап көрді.​

Содан соң қала әкімі Сұлтан Бейбарыс көшесінің Н.Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейінгі аралығын абаттандыру жұмыстарының жүру барысын бақылады. Көшенің бір шақырымға созылған бұл бөлігі 6 жолақты. Сондай-ақ, көшенің бойына екі субұрқақ, скверлер мен балалар ойын алаңдары салынбақ.​Шаһар басшысы бұған дейін де ауқымды жобаларды жүзеге асырып жүрген «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС-нің жұмысты сапалы жүзеге асыратынына сенім білдірді.​

Қала әкімі көшенің Н.Назарбаев даңғылынан Қызылорда-Құмкөл трассасына дейінгі қайта жаңғырту жұмыстарын да барып көрді. Аталған аумақтағы жөндеу жұмыстарын «УАД» ЖШС жүргізуде. ​Бұған дейін көлік ағыны толастамайтын республикалық маңызы бар көшенің тарлығынан жолаушылар мен сол маңдағы тұрғындар қауіпсіздігі өзекті мәселе болып келген еді. Жақында бұл мәселе де шешімін табатын болады. Шаһар басшысы Асылбек Шаменов Сұлтан Бейбарыс көшесін абаттандыру және қайта жаңғырту қазан-қараша айларында толық аяқталуы тиіс екенін айтты.​

Ары қарай қала әкімі Тасбөгет кентіндегі денешынықтыру-сауықтыру кешеніндегі жұмыс барысын бағамдады. Кент тұрғындары үшін маңызды жобалардың бірі саналатын нысан құны – 542,1 млн теңге. Жоба құрылысы 2024 жылдың наурыз айында бітеді. Жауапты мердігер – «Интегрострой» ЖШС.​

Мемлекет басшысы тапсырмаларының еліміздің одан әрі дамуы, азаматтардың тұрмысын жақсарту үшін маңызы зор екенін айтқан шаһар басшысы халық игілігіне берілетін кешеннің сапасы мен қауіпсіздігі басты орында болу керек деді.​Саяхат тұрғын ауданындағы Ш.Бәкірова көшесінде де жұмыс қызу жүріп жатыр. Бір шақырымға жуық аумақты орташа жөндеу мердігер компания «Қызылорда-Траст» ЖШС-нің міндетінде. Асылбек Шаменов маусым айында бітетін жөндеу жұмыстарын ширатуды, сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырды.

​Мұнан соң қала әкімі Белкөл кентіндегі сауын фермасының құрылысымен танысты. Белгілі кәсіпкер Мұрат Нұрсейітов басқаратын «Абай» шаруа қожалығына тиесілі нысан кәсіпкердің өз қаражатына салынуда. Жалпы аумағы 15 гектар сүт фермасында бір мезетте 450 бас сиыр сауылады. Нысан алдағы жылдың қыркүйегінде толық іске қосылғанда, мұнда 300 адам жұмыспен қамтылатын болады.​

Өз кезегінде Асылбек Шаменов жобаның маңызы жоғары екенін, әсіресе жұмыссыздықты азайтуға елеулі үлес қосатынын айтып, кәсіпкерге сәттілік тіледі.​

Сонымен қатар, мемлекет басшысының «Отандық өндірісті дамытуға негізгі басымдық берілуге тиіс. Агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігін арттырудың маңызы зор. «Қазақстанда жасалған» өнімдер бәсекеге қабілетті және қолжетімді бағада болуы керек» деген тапсырмасын тілге тиек етіп, осы бағытта жұмыс істейтін кәсіпкерлерді әрдайым қолдауға дайын екенін білдірді.​

Жұмыс сапарын қорытындылаған қала әкімі аймақтың бас шаһарында жүргізіліп жатқан барлық әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысы жұмыстарына күнделікті бақылау жүргізіп отыру жөнінде жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: