Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада мектеп формаларына арналған жәрмеңке өтеді

24.07.2023, 16:48 120

HALYQLINE.KZ Қызылорда қаласында 5-30 тамыз аралығында «Мектепке жол» жалпы республикалық акциясы аясында оқушылардың мектеп формасына арналған ауқымды жәрмеңке ұйымдастырылады. Ал аудандарда аталмыш акция 16-21 тамыз аралығында жалғасады. Бұл жәрмеңкеге жергілікті «Ас-Ка» ЖШС, «Ақжүрек мүгедектер қоғамы» ҚБ, «Айша-бибі» тігін цехы және тағы да басқа кәсіпкерлер өз өнімдерін облыс тұрғындарына ұсынбақ ниетте. Жәрмеңкеде мектеп формалары нарық бағасын төмен әрі жоғары сапада сатылымға шығады. Сондай-ақ, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына да арнайы жеңілдіктер қарастырылған.

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз турында БАҚ өкілдері қаладағы бірқатар тігін цехының жұмысымен танысты.

Оқушылардың мектеп формасына арналған жәрмеңкені ұйымдастырудағы басты мақсат – ата-аналардың алысқа бармай-ақ балаға қажетті мектеп құралдарын бір жерден алуын қамтамасыз ету және қажетті заттарды төмен бағада тұрғындарға ұсыну болып табылады. Қалада ұйымдастырылатын жәрмеңке Қорқыт ата көшесі, 55 «Small» сауда орталығының алаңында өтеді. Жәрмеңке сөрелеріне қойылатын барлық тауарлар төменгі бағада және жоғары сапада сатылымға шығады. Осы орайда барша облыс тұрғындарын жәрмеңкеге белсене қатысуға шақырамыз! – деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Азамат Қаюпов.

Баспасөз туры барысында мектеп формаларын тігумен айнылысатын тігін цехтары өз өнімдерін таныстырды. Соның бірі – «Ас-Ка» ЖШС цехы үш жылдан бері мектеп формаларын тігуді қолға алған. Бұл цех өз қолдарынан шыққан 7-8 мың өнімді жәрмеңкеге ұсынуды жоспарлап отыр.

– Біздің цех 2007 жылдан бері тігін тігумен айналысып келеді. Бірақ 2014 жылдан бастап өндіріс саласына бет бұрып, арнайы киімдерді тігуге тапсырыс қабылдадық. Қазіргі таңда цехта арнайы киімдерден бөлек, мектеп формаларына да тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары. Осыған орай қаланы ғана емес, барлық ауданды өзіміз аралап, қолжетімді бағадағы өнімдерімізді жұртшылыққа ұсынуды жөн көрдік. Биыл да ұйымдастырылатын жәрмеңкеге 7-8 мыңнан астам өнімді сатылымға шығаруды жоспарлап отырмыз, – деді «Ас-Ка» ЖШС директоры Дина Махатова.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: