Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада коронавирустың жаңа штамы анықталды

09.04.2021, 15:40 358

Облысымыз «сары аймаққа» қайта оралды. Коронавирус індетін жұқтырып жатқандар саны күннен-күнге өсуде. Жағдай осылай жалғаса берсе, эпидахуал күрделеніп кетуі әбден мүмкін. Өткен жылғы шектеулер қайталануы да ғажап емес. Қазіргі таңда осы мәселе мамандардың бас ауруына айналған. Оның үстіне өңірімізде індеттің жаңа штамы анықталды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департамент мамандары өңірдегі эпидахуал мен қайта қолданылатын шектеу шаралары жайлы айтты.

– Өңірімізде індетті жұқтырғандар саны қайта көбейіп келеді. Қарым-қатынас арқылы тіркеліп жатқан аурулар саны өте көп. Өзіміз санитарлық талаптарды сақтамағаннан осылай індет өршіп кетіп отыр. Жұқтырғандар санының көбеюі қаңтар айынан басталды. Айта кетсек, қаңтар айында 217 жағдай тіркелді. Ал ақпан айында – 240, наурыз айында 195 жағдай тіркелсе, сәуір айының небәрі 7 күнінде 201 жағдай болып отыр. Бізді 1 жасқа дейінгі сәбилер мен мектеп жасындағы балалардың ауру жұқтыруы алаңдатуда. Сондықтан ата-аналардан балаларын індеттен барынша сақтауға шақырамын. Барша тұрғындарға да санитарлық нормаларды қатаң ұстауға кеңес беремін. Болмаса қатаң шектеулер қайта оралуы мүмкін. Сондай-ақ, вакцина салдыруға шақырамын. Өңіріміздегі вакцина қоры жеткілікті, – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Департамент өкілінің айтуынша, өңірімізде вирустың жаңа штамы анықталған. Алдын ала зерттемелерге сенсек, ол британдық, бразилиялық және оңтүстік африкалық штамдарға ұқсас. Қазіргі таңда солардың ішінде қай түрі екені Алматы қаласында зерттелу үстінде. Жаңа штамның жұғу қаупі жоғары және өлім жағдайы бұрынғыға қарағанда екі жарым есеге жоғары.

Сондай-ақ, қайта шектеу шараларының қолданылуы бек мүмкін. «Сары аймаққа» кіргеннен кейін 5 күннің үшінде облыстағы эпидахуал тұрақтамаса, арнайы комиссияның шешімімен шектеу шаралары бекітілетін болады. Яғни, шектеу шараларын алдын ала болжап айту мүмкін емес. Арнайы органдармен ақылдасып отырып шешілетін мәселе. Десе де, департамент өкілінің айтуынша, өткен жылғыдай қатаң шектеулер қойылуы екіталай. Себебі, облысымызда бастау алған вакцинация жұмыстары өз жемісін беріп жатыр. Өңірімізде егілгендердің екінші мәрте вирус жұқтыру жағдайы әлі кездеспеген. Осы қалыптан тоқтап қалмай, ай соңына дейін екпе егуді жалғастырсақ, қатаң шектеулерден сытылып өтуге де болады. Қазіргі таңда қоймадағы вакцина саны облыс тұрғындарының 60 пайызын қамтуға жетеді және алдағы уақытта тағы да әкелінетін болады.

Департамент басшысының орынбасары өткен жылғы шектеу шараларындағы жіберілген қателіктер биыл ескеріле ме деген сұраққа теріс жауап берді. Оның ойынша, былтырғы шектеу кезінде ешқандай қателіктер болмаған. Сондықтан да ол жұмыстарды биыл да қайталауға болатынын жеткізді. Естеріңізде болса, былтырғы карантин уақытында қоғамдық көліктердің санын азайтып, тиісінше оның ішіндегі халық саны да күрт көбейіп кеткен еді. Сондай-ақ, басқа да шектеулердің әсерінен тұрғындардың шоғырлануын тудырған жайттар көп болды.

Жалпы, өткен жылдан бері облысымызда жалпы саны 4288 адам коронавирус жұқтырған. Оның 896-сы ағымдағы жылы тіркелді. Облысымызда вакцина салдырғандар саны 10 мыңға жуықтады. Ал Қазақстан бойынша 250 мыңға тарта адам коронавирусқа қарсы екпе қабылдаған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: