Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада 101 БАҚ құралы жұмыс істейді

26.06.2020, 16:20 685

HALYQLINE.KZ Бүгінгі таңда Сыр өңірі медиа кеңістігінде 101 БАҚ құралы жұмыс істейді, оның 8-і электронды, 6-ауы – ақпараттық агенттік, 87-сі – мерзімді баспасөз құралы. Төтенше жағдай басталған сәттен қызылордалық журналистер коронавирус індеті жайлаған кезеңде де прогресшіл қалпынан айныған жоқ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте ҚР Журналистер одағы Қызылорда филиалының төрағасы Аманжол Оңғарбаев мәлімдеді.

«Жалпы, пандемия басталғалы полиция, дәрігер мамандарымен қатар журналистерге де артылар жүктің салмағы артты. Яғни, БАҚ қызметкерлері де алдыңғы шепте жанын салып еңбек етіп жатыр. Олар халыққа шынайы, сенімді, толыққанды ақпарат жеткізу үшін оқиға ортасына барып, тікелей байланыстарға шығып, сала мамандарынан сұқбат алуда.

Наурыз айында «Kyzylorda-news.kz» АА базасында әлемді шарпыған қауіпті індеттің Қызылорда облысындағы ахуалы туралы нақты, ресми әрі жан-жақты мағлұмат беретін «COVID – 19» атты ақпараттық-медиа блогы іске қосылды. Осы айдар ішінен Қызылорда облысындағы ахуалдың, яғни, коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқастардың статистикасын көруге болады», – деді Аманжол Сақыпұлы.

Қазіргі таңда «Сыр медиа» серіктестігі – басылымдарын өз баспаханасынан басып шығаратын және оларды облыстағы барлық елді мекенге тасымалдап, оқырмандарға өзі тарататын республикадағы жалғыз құрылым. Серіктестік газеттерінің бір мезеттегі таралымы (тиражы) 90 мыңға жуықтады. Ең бастысы, дәстүрлі баспасөз бен жаңа медианы ұштастыра отырып, мемлекет, ел мүддесі жолында жүйелі жұмыс істеп келеді.

««Qyzylorda», «Қоғам ТВ» телеарналары, «Ақмешіт ақшамы», «Әлімсақ» газет-журналдарының және «Сыр медиа» серіктестігінің, басқа да БАҚ-тың атқарып отырған жұмыстарының бәрі – Сыр журналистикасының көсегесін көгертіп, мерейін өсіруге бағытталған. Өздеріңізбен 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары күні қарсаңында жүздесіп отырмыз. Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын», – деді ҚР Журналистер одағы Қызылорда филиалының төрағасы.

Сондай-ақ, биыл да «Сыр журналистикасының тарихы» атты 5 томдық дайындалуда. Бұл – ауқымды жоба. Бұл серіктестіктің ғана емес, аймақ баспасөзінің тарихын түгендеп, қаламгерлердің өмірі мен еңбегін елеп-ескеруге мүмкіндік бермек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: