Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қосекеңнің әңгімесі

27.02.2024, 16:55 217

HALYQLINE.KZ

Іргелес жатқан О.Мәлібаев, С.Сейфулин, Қалжан ахун ауылдарының еншілері бөлінбеген, ауылы аралас, қойы қоралас жатқан бір-бірімен ағайын-жекжат адамдар тұрады. Осыдан 15-20 жыл бұрын көршілес ауыл жігіттерінің сыйластығы ерекше болғандығын қимастықпен еске аламын. Бір ауылдың марқасқалары екінші елді мекенге той-томалаққа келе қалса, сол жақтың жігіттері ауылдың шекарасына дейін шығарып салып, сый-құрмет көрсететін.

Бір күні сол дәстүрмен Сәкен ауылына тойға барған Баку, Қайрақбай ағалар бастаған қалжанахундық жігіттерді Әбдібек, Алмас қоштаған сәкендіктер ауыл шекарасында құрмет жасап, «Тойдан тобықтай» дегендей… дастарқан жайып, әңгіме-дүкен құрып тұрғанбыз. Бір кезде теміржол бекеті жақтан есекке мінген қария мен оның артынан таймен ілескен бала көрінді. Сөйтсек, есекке мінген ауданға белгілі құймақұлақ, тілі мірдің оғындай қария Қосан ағамыз екен. Жанындағы – немересі.

Дереу жапырылып, қос қолдап амандасып жатырмыз.

– Е-е-е, өзімнің інілерім екен ғой. Орталарың толсын айналайындар! – деді.

– Көршілер кездесіп қалып едік, бір-бірімізді қимай тұрмыз…

– Әп, бәрекелді! Өте дұрыс қарақтарым. Күліп қарсы алатын және қимай шығарып салатын, өздеріңдей азаматтары жоқ ауылдан Құдай сақтасын, – деді

– Өзіңіз қайда жол тарттыңыз?

– Е, мына «Шағырлыдағы» малшыдан «сиыр туды» деген хабар келіп, немеремді ертіп, соны айдап келуге бара жатырмын, – деді.

– Жөн екен ақсақал. Онда шамалы ентігіңізді басыңыз. Күнде кездесіп жатқан жоқпыз аға, бізге бір-екі әңгіме айтыңыз, – деп қолқа салдық.

Інілерінің сөзін қимай Қосекең есегінен түсіп, ортамыздағы төрге жараса кетті. Содан қызу әңгіме басталып, қария қаумалаған інілерін күлкіге қарық қылды. Әңгіме ұзаққа кетіп, қызды-қыздымен іңір үйріле бастады. Көп әңгіме айтылды. Есімде қалған бір әңгімесін айтып берейін.

Қосекең кемпірі ертерек қайтыс болып, көңілі жабырқаулау болып жүргенде бір құрдас жеңгесі топтың ішінде жағдайын сұрайды ғой. Сонда екі сөзбен бәрін түгендеп жеткізген екен, жарықтық.

«Е, несін сұрайсың құрдас-ау, «Ошағы бар да оты жоқ, мылтығы бар да оғы жоқ» жағдайда жүрміз ғой, – дегенде жеңгесі бірден түсініп, бетін басып ортадан тұра жөнелген екен.

Қалған әңгімелерін реті келгенде айта жатармын. Содан қайтатын кез жақындады. Сол шақта жігіттердің бірі:

– Қосеке, күн ұясына кіріп барады, енді не қылмақшысыз?

– Әй, жігіттер! Мен енді билікті мына есекке беремін, – деді. Жігіттер аң-таңбыз. – Осы қайда апарса, мен де сонда барамын, – деді еш шімірікпестен.

Содан астындағы жануарына «Шүу!» дегенде есек келген жолымен Теренөзекке қарай бағыт ала бастады. Үстінде селкілдеген Қосан қария: «Ей, жігіттер, мына есек ақылды екен. Туатын сиыр туды ғой. Сендердей жігіттермен күнде кездесіп жатқан жоқпын. Туған сиыр алынар. Аманымда үйге жетіп алайын», – деп екі ауылдың жігіттерін тағы бір қыран-топан күлкіге қарық қылып кете барды жарықтық.

Бұл кездесуден «Ел болған соң қонақсыз болмайды, оны ретімен құшақ жайып күліп қарсы алатын және қимай шығарып салатындай әр ауылдың, аумақтың бас көтеретін азаматтары болсын» дегені екен. Ол – ауызбіршілік. Оның маңыздылығын жылдар өткен соң түсініп, көріп жүрмін.

ҚОСЕКЕҢНІҢ  АЙТҚАНДАРЫ

Қосекең үлкейген шағында күнде Қалғандария бағытына сиыр айдайтын. Бір күні жұмысқа бара жатқан көршісі Байырбек: «Аға, жағдайыңыз жақсы, путевка алып, демалмайсыз ба?» дегенде, «Ай інім-ай, путевка алғаным қашан, демалуға өшіретім келмей жатыр. Әлде, құдекең ұмытып кетті ме?» деп Бәкеңді ұялтып тастапты.

Қосекең бір күні есекпен Сәкен ауылынан құдайыдан қайтып келе жатса, жолда жақын бір балдызы бұлармен жарысып жаяулатып ұрып келе жатыр дейді.

Балдызына ойнап: «Кел, артыма мінгес, Теренөзекке апарып тастайын» десе, «Сен кәрі шал ренжіме, мені темір тұлпар алған соң апарарсың» деп қағытқан екен.

Сонда Қосекең: «Ай балдыз, мен емес, мына есегім ренжіп келе жатыр, «ана жамбасы жұмсақ сұлу келіншекті жуыр болған арқама бір отырғызбадың» деп» деген екен серіктестерін күлкіге батырып.

Марат  ОМАРОВ,

Сырдария  ауданы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: