Қазақстанда ветеринариялық препараттарды сатып алу жүйесін орталықтандыру ұсынылды. Мәжілісте таныстырылған «Ветеринария мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына сәйкес, бұл функцияны республикалық деңгейдегі бір мемлекеттік мекемеге беру көзделіп отыр. Сонымен бірге ауруға шалдыққан жануарларды, сондай-ақ адам мен мал денсаулығына қауіп төндіретін жануар тектес өнімдер мен шикізатты алып қою және жою құнын өтеу де орталық деңгейге өтпек.
Заң жобасын таныстырған мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, құжатта ветеринария саласындағы өкілеттіктерді мемлекеттік басқарудың әр деңгейі арасында қайта бөлу қарастырылған. Соның ішінде ветеринариялық препараттарды сатып алу, оларды сақтау, тасымалдау және пайдалану қызметтерін бір республикалық мемлекеттік мекеменің құзырына беру ұсынылған. Бұл бастама саладағы шашыраңқы жауапкершілікті азайтып, сатып алу тетігін біріздендіруге бағытталған.
Бұдан бөлек, ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне де бірқатар қосымша функция беру ұсынылып отыр. Атап айтқанда, эпизоотиялық ошақтарды тексеру, эпизоотологиялық зерттеу актілерін беру, жануар тектес өнімдер мен шикізатқа ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізуді лицензиялау, сондай-ақ ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы жеке және заңды тұлғалардың хабарламаларын қабылдау функцияларын әкімдіктерден осы комитетке өткізу көзделген.
Ал жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне қалалар мен аудандар аумағында мал қорымдарын және сою алаңдарын салу, қайта жаңғырту және оларды күтіп-ұстауды ұйымдастыру міндеті берілмек. Яғни заң жобасы тек сатып алу жүйесін ғана өзгертпей, ветеринариялық инфрақұрылымға қатысты жауапкершілікті де нақтылауды көздейді.
Құжатта ветеринария саласы мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі де көтерілген. Депутаттардың ұсынысына сәйкес, сала қызметкерлеріне жыл сайынғы еңбек демалысы кезінде екі лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысын төлеу, ғылыми дәрежесі үшін қосымша ақы қарастыру және арнайы киіммен қамтамасыз ету нормалары енгізілмек. Бұл бастама ветеринар мамандарының мәртебесін көтеріп, кадр тапшылығын азайтуға бағытталған шаралардың бірі ретінде ұсынылды.
Мәжілісте айтылған мәліметке қарағанда, заң жобасына Үкімет оң қорытынды берген. Республикалық бюджет комиссиясы бұл өзгерістерді іске асыру үшін жыл сайын шамамен 27 млрд теңге көлемінде қосымша шығын қарастыруды мақұлдаған. Оның 22 млрд теңгесі ветеринария саласы мамандарын әлеуметтік қолдауға бағытталса, 1,8 млрд теңге арнайы киім алуға, ал фарминспекторларды оқытуға 16 млн теңге бөлу жоспарланған.
Жалпы, ұсынылып отырған өзгерістер ветеринария саласындағы басқару тетігін қайта құрып, кей функцияларды орталыққа шоғырландыру арқылы жүйенің тиімділігін арттыруды көздейді. Алайда мұндай орталықтандырудың іс жүзінде қаншалықты нәтижелі болатыны, сатып алу үдерісінің ашықтығы мен аймақтардың нақты қажеттілігі қалай ескерілетіні заң жобасын талқылау барысында негізгі назардағы мәселелердің бірі болмақ.
Фото: Ветеринарлық бақылау комитеті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!