Қазақстанда тұрғын үй салуда климаттың өзгерісін алдын ала ескеру қажеттігі күшейіп келеді. Аптап ыстық, су тапшылығы, нөсер жауын, қатты жел секілді құбылыстар құрылыс пен қала жоспарлау талаптарын қайта қарауды талап етеді.
Осыған байланысты Kazinform тілшісі Қазақстанда климатқа төзімді үйлер салу қаншалықты мүмкін екенін, мұндай құрылысқа қандай технологиялар қажет екенін және қазіргі нормалар жаңа климаттық жағдайға дайын ба деген сауалдарға жауап іздеп, сала мамандарымен тілдескен.
Сарапшылар жаңа үйлерді тек бүгінгі ауа райына емес, алдағы 20–30 жылдағы климат жағдайына бейімдеп жобалау керек деп есептейді. Мәселен, қалаларда асфальт пен бетонның көбеюі, ағаштың азаюы және құрылыс тығыздығы жаздағы ыстықты күшейтеді. Сондықтан жаңа аудандарда жасыл шатырлар, тік көгалдандыру, жаңбыр суын сіңіретін жабындар, көлеңкелі жаяу жолдар мен жасыл дәліздерді алдын ала қарастыру ұсынылады.
Мәселен, қалаларда асфальт пен бетонның көбеюі, ағаштың азаюы және құрылыс тығыздығы жаздағы ыстықты күшейтеді. Сондықтан жаңа аудандарда жасыл шатырлар, тік көгалдандыру, жаңбыр суын сіңіретін жабындар, көлеңкелі жаяу жолдар мен жасыл дәліздерді алдын ала қарастыру ұсынылып отыр.
Үйдің өзінде де өзгеріс қажет. Мамандар жазда ғимараттың шамадан тыс қызуына жол бермейтін көлеңкелеу жүйелері, сапалы жылу оқшаулағыштар, энергия үнемдейтін терезелер, дұрыс желдету және автоматтандырылған инженерлік жүйелер маңызды екенін айтады. Болашақта суды қайта пайдалану мен шатырға күн панельдерін орнату да кеңірек қолданылуы мүмкін.
Бірақ Қазақстанның барлық өңіріне бірдей құрылыс үлгісін қолдану мүмкін емес. Алматыда сейсмикалық жағдай мен таулы рельеф маңызды болса, Астанада қатты жел мен ұзақ қыс ескеріледі. Оңтүстікте аптап пен су тапшылығы, батыс және шөлейт аймақтарда құрғақшылық, шаңды және құмды дауылдар басты тәуекелдердің қатарында.
Мәселенің экономикалық жағы да бар. Қазақстандағы ғимараттар елдегі энергия тұтынудың шамамен 40 пайызына жауап береді. Ескі үйлерде жылу тұтыну орта есеппен 200–250 кВт·сағ/м²-ге дейін жетуі мүмкін. Елдегі ғимараттардың шамамен үштен бірі 50 жыл бұрын салынған. Сондықтан жаңа үй салумен қатар, ескі тұрғын үй қорын жаңғырту да маңызды болып отыр.
Қазақстанда жасыл құрылыс стандарттары да біртіндеп енгізіліп келеді. OMIR стандарты энергия мен суды пайдалану, қалдықтарды басқару және ғимарат ішіндегі ортаның сапасын бағалайды. Дегенмен сарапшылар сертификаттың өзі үйді автоматты түрде климатқа төзімді етпейтінін ескертеді. Нәтиже жобаның сапасына, құрылыс жұмысына және ғимараттың кейін қалай пайдаланылатынына байланысты.
Сарапшылардың пікірінше, климатқа бейімделген үй тек жақсы оқшауланған ғимарат емес. Оның айналасындағы аула, ағаштар, көше, су жүйесі, көлік және бүкіл ауданның жоспарлануы бірге қарастырылуы керек. Климат өзгерген сайын Қазақстандағы құрылыс нормалары да осы жаңа жағдайға бейімделуі тиіс.
Фото: Казинформ ЖИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!