Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда ең жоғары жалақы сұрайтын мамандар белгілі болды

20.05.2026, 11:50 61

Сәуір айында Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер 104,7 мыңға жуық бос жұмыс орнын жариялаған. Ал жұмыс іздеушілер осы кезеңде 123,3 мың түйіндеме орналастырды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысқа қатысты деректерді ұсынды. 

Министрлік мәліметінше, сәуірде жұмыс берушілер ең жоғары еңбекақыны ұшқыштарға ұсынған. Бұл мамандық бойынша жарияланған жалақы шамамен 1,9 млн теңгеге жеткен. Бағдарламалық қамтамасыз ету архитекторларына 1,7 млн теңгеге жуық, ал жабдықтарды сынау жөніндегі басшы лауазымына 1,6 млн теңге шамасында еңбекақы көрсетілген. Сонымен қатар, жұмыс іздеушілердің түйіндемелерінде көрсеткен жалақы күтімі бұдан да жоғары. Ең көп еңбекақы сұрағандар қатарында ұшқыштар бар. Олар орта есеппен 3,9 млн теңге жалақы күтетінін көрсеткен. Стюардессалар шамамен 2,1 млн теңге, бет-жақ хирургтері 2 млн теңге көлемінде еңбекақы алғысы келетінін жазған.

Еңбек нарығында жұмыс іздеушілер саны жұмыс берушілер ұсынған бос орындардан көп. Бұл сәуір айында да байқалған. Бос жұмыс орындарының саны бойынша білім беру саласы алда тұр. Бұл бағытта 20,2 мың ұсыныс жарияланған. Одан кейін өзге де қызмет түрлері секторы орналасқан, онда 15,5 мың бос орын көрсетілген. Сұраныс ауыл, орман және балық шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету салаларында да сақталып отыр. Аталған бағыттарда тиісінше 10,7 мың, 9,5 мың және 9,4 мың бос жұмыс орны жарияланған. Өңірлер арасында бос жұмыс орындарының ең көбі Астанада тіркелді. Елордада 8,5 мың ұсыныс жарияланған. Павлодар облысында 7,2 мың, Алматы қаласында 6,7 мың, Ақмола облысында 6,6 мың, Қарағанды облысында 6,4 мың бос жұмыс орны көрсетілген.Жарияланған вакансиялардың 46 пайызы орта біліктілік деңгейіндегі мамандарға арналған. Жоғары және төмен біліктілік талап етілетін жұмыс орындарының үлесі әрқайсысы 27 пайыздан келеді. Ізденушілердің түйіндемелері де осы құрылымға жақын: 42 пайызы орта, 31 пайызы жоғары, 27 пайызы төмен біліктілік деңгейіне тиесілі.

Түйіндеме орналастырғандардың 39 пайызы 35 жасқа дейінгі азаматтар. 35 пен 44 жас аралығындағы ізденушілердің үлесі 28 пайыз, 45 пен 54 жас аралығындағылар 20 пайыз, 55 жастан асқандар 13 пайыз болды. Гендерлік бөліністе әйелдердің үлесі 53 пайыз, ерлердің үлесі 47 пайыз деп көрсетілген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: