Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалының Ерғалиы елеусіз қалмасын

19.05.2022, 15:20 487

HALYQLINE.KZ

«Жанқожа батыр» мешітінің баспасөз хатшысы Беганыш Жақсыбаевтың 05.11.2014 жылғы «Тұран Қазалы» газетінде «Әйтеке би кенті әкімінің назарына» айдарымен «Бір көшенің төрт атауы бар» атты мақаласын кезінде оқыған болатынмын. Мазмұны қысқа көшенің бірнеше атауы барлығы, көшенің асфальтталмағаны, батпақтан аяқ алып жүргісіз екендігі, атақты кісіге 4 үй тұрғыны бар қысқа көше тұйығының берілгені, көше атауының ілінбегені жазылыпты. 2017 жылы сол көшемен менің де жүруіме тура келді. Көшенің солтүстігінен өтетін Роза Бағлановаға екі шеткі үй қараса, оңтүстігінен өтетін Мұстафа Шоқай көшесіне де екі шеткі үй қарайды. Айтса айтқандай, ортасында қысылып қалған Ерғали Төлепов атындағы көшеде небары 5 үй орналасқан ұзындықты өлшегенімізде, 52 метр ғана болды. Көше бойында кездескен ақсақалмен тілдескенімізде: «Облысқа белгілі, ауданның беткеұстар азаматына мазақ қылғандай бес үй тұратын көше атауын бергендері қалай? Соғыстан кейінгі қиын кезеңде, жоқтан бар жасаған, елге үлгі болған, ауданда бірнеше саланы басқарып, талай еңбеккерлердің ықыласына бөленген Қазалының Ерғалиы емес пе еді? Айналдырған 5 үй орналасқан тұйық көшені М.Шоқай немесе Р.Бағланова көшелерінің бірінің тұйығы десе болады ғой» деп, талай адамның таңғалғанын естідік», – деді.

Ерғали Балманұлы Төлепов 1920 жылы Қазалы қаласында дүниеге келген. Қазалы қаласындағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын бітіргеннен кейін, 1939 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылған. 1941-1943 жылдары неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғысқа қатысып, 1943 жылы жарақат алып, елге оралған. 1943-1944 жылдары Қазалы аудандық оқу бөлімінде әскери инспектор, 1944-1950 жылдары Қазалы аудандық комсомол комитетінің екінші, бірінші хатшысы, Қызылорда облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1950-1954 жылдары Қазалы аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық мал дайындау мекемесінің бастығы, 1954-1959 жылдары Қазалы ауданының Сталин атындағы колхоз басқармасының төрағасы қызметтерін атқарған.

Сталин колхозының басқарма төрағасы қызметінде жүрген кезеңін Қорқыт ата университетінің профессоры Нұрлыбек Кәрібозұлының 2016 жылы шыққан «Құмжиек ауылының тарихы» атты кітабына сол ауылдың еңбек ардагерлері Нұршабаев Бегділда, Ешмаханов Смағұл, Байдақов Аманкелді, Ықыласов Сәулет ағалардың берген естеліктерінде келтіреді. Онда: «1953 жылдың қысы өте қатты, көктайғақ болды, малдың күйі тайып, қырыла бастады. Малдың қыстық азығын уақытылы дайындай алмады деген айыппен колхоз төрағасы Бегімбай Қосаев қызметінен босатылып, 1954 жылы орнына Ерғали Төлепов басқарма болды. Ол кісі осы ауылды аяғынан тік тұрғызған, адамдарды молшылыққа жеткізген іскер басшы болды. Ауыл іргесіне қауын, қарбыз ектірді, бақша піскенде өнімді Ресейге саттырды. Тұралап қалған мал шаруашылығын қайта түлетті, колхозға қой, сиыр, жылқы, түйе малдарын әкеліп, мал басын көбейтті. Аудан көлемінде бірінші болып, көрші Қарақалпақстанға жылқы сатып, табыс тапқан да біздің колхоз болды. Мал мен егіс және бау-бақша өнімдерін сатудан түскен қаржылай табыстан колхозшыларға үлес берді. Ешкімнің еңбегін жеген жоқ, бәрі жария түрде, колхозшылардың көз алдына жайып салынатын. Бітпей қалған шаруа болмайтын. Алғаш «Родина» аталатын радионы алдырып, колхозшыларға құрғызып берді. Ол уақытта радио тек бастықтардың үйінде ғана болатын. Ауылға клуб пен жарық беретін электр станциясы салынды. Мектеп, медпункт, монша ғимараттары бой көтерді. Шаруашылыққа трактор, машиналар алынып, жұмыс өнімділігі артты. Вагонымен көрпе жаймасы (пододеяльник), көпшік қаптамасы (наволочка), сүлгі сияқты заттарды алдырып, малшыларға, колхозшыларға еңбекақының есебінен отбасы мен келетін құдайы қонақтар санына екі данадан есептеп, қойма меңгерушісі мен кассирге малшыларға дейін ведомостьпен таратқызды. Тұрғындардың әлеуметтік мәдени тұрмысы айтарлықтай жақсарды. Осындай батыл бастамалар көтеріп, елдің еңбегін лайықты бағалап, әділдігімен халықты ізіне ерте білген, аса зор ұйымдастырғыш қабілетінің арқасында, колхозшылардың тұрмысы түзеліп, 1956 жылдан бастап ай сайын нақты ақша алып, жыл аяғында жалақыны ат дорбамен алатын болды. Бұл колхоз құрылғалы 25 жылдан бергі халықтың еңсесін көтерген кезеңі еді. 1957 жылы Сталин атындағы колхоз еңбекшілері еңбектегі табыстары үшін Қазақ ССР Жоғары Советі Президиумының «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Колхозды бес жыл басқарып, 1959 жылы ауданға басшылық қызметке жоғарылап кетті», – деп зор ықыласпен еске алған.

1959-1960 жылдары Қазалы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметінде жүрген кезеңін: «Аудандық партия комитеті мен атқару комитетінің шешіміне байланысты Қызылқұм алқабын келешек мал шаруашылығы үшін түбегейлі игеру мәселесі 1960 жылдары берік бағыт алды. Міне, осы кезден бастап «Ажар» учаскесіндегі ескі құдықтар аршылып, колхоздардың шағын қой фермалары жинақталды. Сөйтіп ел отырықшылыққа айналдырылып, түпкілікті қоныстану жұмыстары басталды. Бұл жұмыстарға сол кездегі аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, ауыл шаруашылық жұмыстарын жетік білетін, тәжірибелі де білікті маман, соғыс және еңбек ардагері Ерғали Төлепов тікелей басшылық жасады», – деп Елеу Көшербаев естелік кітабына жазған екен. («Серпін», Алматы, Қайнар баспасы, 1988ж.).

1960-1963 жылдары Қазалы аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған жылдарында «ауданның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, жас кадрларды тәрбиелеуге зор үлес қосты» – деп еске алатын үлкендер.

1963-1972 жылдары Ғани Мұратбаев атындағы колхоздың басқарма төрағасы кезеңін, осы ауыл тұрғыны, ІІ және ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері, Қазақстан компартиясының ХVІ сьезінің делегаты, «Қазалы ауданының құрметті азаматы», зейнеткер марқұм Шалқыма Молдабаев ағамыз: «Мен колхозда көп жыл жүргізуші, кейін егіс бригадирі болдым. Мұратбаев колхозын кезінде көптеген адамдар басқарды. Бірақ біліп басқару бар, столға ие болып қана отыру бар. Ерғали Төлепов Ғани Мұратбаев колхозын басқаруға 1963 жылы келді. Мінезді кісі еді, тура сөйлейтін, елде тәртіп орнады. Еңбек жасаған, тура айтатын адамдарды жақсы көретін. Кейінгі басшылар, қысқаша айтқанда, сол кісінің жинаған колхоз байлығын азайтқан шығар, ие болған шығар, бірақ қосқан жоқ. Ол кісінің аудан, облыс көлеміндегі беделі жоғары еді. Мал басы өз төлінен көбейді, мал азығына көңіл бөлінді. Малшылардың жағдайы жақсарды. Ауылда осы күнгі мәдениет үйі, тағы басқа ғимараттар салынды. Ол кезде мұндай клуб аудандағы ауылдарда салынған жоқ. Екі үйлік үйлер салынып, көпбалалы аналарға, жас мамандарға берілді. Осы колхозды миллионер жасаған, халқын байытқан басшы болды», – деп еске алды.

1972-1985 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау және сапа жөніндегі инспекциясының Қазалы ауданы бойынша инспекторы болып қызмет жасады. Ерғали Балманұлы зейнеткерлікке шыққан соң да қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, 1985-1991 жылдары аудандық салауаттылық қоғамының хатшысы, аудандық Ардагерлер Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. Бірнеше мәрте Қазалы аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық Кеңестің депутаты болып сайланды. «Октябрь Революциясы», «Еңбек Қызыл Ту», екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен, жеті медальмен және көптеген «Құрмет грамоталарымен» марапатталған. СОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғарғы партия мектебін бітірген.

Ерғали Төлепов мемлекеттік қызметтің қандай дәрежедегі басшылық жұмысында болмасын, өзін іскер, турашыл, жаңашыл басшы ретінде көрсете білген басшы. Ол басқарған шаруашылықтар аудандағы миллионер колхоздарға айналды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, жастарды тәрбиелеуге өз үлесін қосты.

Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, соғыс және еңбек ардагері Ерғали Балманұлы Төлепов 1994 жылдың 10 қараша күні 74 жасында бұл дүниеден озып, Әйтеке би кентінің Аралға шығатын «Алтай» каналының солтүстік бетіндегі «Сухан» қорымына жерленді. Бірге қызметтестері, замандастары, көз көргендер сыйлады, құрметтеді, үлгі алды, кейінгі жастарға насихаттады. Қазалының Ерғалиы қай жағынан сынасаң да үлгі-өнеге алуға, мақтан тұтуға тұрарлық тазайын, турашыл азамат еді. Кейбір мінездері қазақтың біртуар батыры Бауыржан Момышұлының қылықтарына келетін.

Жалғыз ер баласы Төлепов Мұрат Ерғалиұлы (1953-2012ж.ж.) Алматы зооветеринариялық институтының ветеринария факультетін қызыл дипломмен бітірді, курстың старостасы болды. Өзі бітірген институтқа қызметке қалдырылып, кіші ғылыми қызметкер болып еңбек жолын бастады. Жасы ұлғайған әке-шешесіне қолғабыс жасауды мақсат тұтып, елге оралды. Аудандық ветеринариялық лабораторияны көп жыл сауатты басқарды. Кейін ветеринария саласында өмірінің соңына дейін білікті маман ретінде қызмет атқарып, елу тоғыз жасында кенеттен өмірден озды.

Ерекеңнің тірі кезінде есімі берілген 5 үй тұрғыны бар, 52 метрлік қысқа көше тұйығының құжаты кезінде заңды түрде тіркелмей, 10-15 жылдан кейін, ономастикалық комиссияның 04.07.2011 жылғы №3 ұйғарымымен рәсімделген екен. Заңға сәйкес көше жеке адамның есімімен қайта аталатын жағдайда, бұрынғы аталған күнінен 10 жыл өткеннен (04.07.2021 жылы) кейін өзгертуге болатыны анықталды.

Аудан халқының сұрауына сәйкес, осы кезге дейінгі есепте Ерғали Төлепов атында тұрған тұйық көшенің атауын өзгертіп, соғыс және еңбек ардагеріне лайықты көше атауы берілуін облыстық, аудандық әкімшілік және маслихат депутаттары мен ономастикалық комиссия өткен кезеңде кеткен кемшілікті қайта қарап, оң шешім қабылданар деген ойдамын.

Төлепберген  Тілеуқабылұлы,

Ауыл  шаруашылығы  саласының  ардагері,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: