Кеше қалалық мәдени және демалыс паркі жаңа маусымын бастады. Қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов шаһар тұрғындары мен қонақтарына арналған әсем де жайлы демалыс орнына арнайы барып, қызылордалықтарды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен және жазғы демалыс маусымының басталуымен құттықтады.
«Мемлекет Басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында облыс әкімінің үйлестіруімен шаһарымыздағы парктер, аллеялар, скверлер мен тарихи орындар қайта жаңғыртылып, тұрғындарымызға жайлы орта қалыптастырылуда.
Өткен жылы дәл осы мәдени және демалыс паркі заманауи кейіпке еніп, саялы мекенге айналды. Сондай — ақ, «Қорқыт ата» сквері де қайта түлеп, жасыл желекке оранған тынығу орталығы атанды.
Кешегі Наурыз мерекесінде жаңа үлгіде жаңғырған Президент саябағының салтанатты ашылуы өтті.
Қазір мұнда жаныңа рахат сыйлайтын, саф ауада серуендейтін барлық мүмкіндіктер қарастырылған.
Алдағы күндері осы аумақта бой көтеріп жатқан балалардың тынығу лагері мен Ботаникалық бақ пайдалануға беріліп, тұрғындарымызға толымды тарту болмақ. Өздеріңізге белгілі, аймақ басшысының қолдауымен қаламызда жарқын жобалар сәтті жүзеге асуда. Халықтың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында жаңадан әлеуметтік нысандар ел игілігіне берілуде. Денсаулық, мәдениет және спорт салаларын дамыту, халыққа қолжетімділігін арттыру бойынша серпінді құрылыстар қолға алынды»,- деді Арнұр Әлібекұлы.
Айта кету керек, қалалық мәдени және демалыс паркінде тұрғындардың тыңғылықты тынығуына және жаз маусымында уақытты тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған. Биыл да келушілердің көңілін сергітуге арналған танымдық және тағылымды шаралар ұйымдастырылады. Парк аумағындағы барлық ойын құралдары түбегейлі тексерістен өтіп, техникалық қауіпсіздігі қатаң сақталынған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!