Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Президент Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдады

09.06.2026, 15:15 71

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдады.

Кездесуде Президентке өңірдің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен биылғы алғашқы төрт айдағы көрсеткіштері баяндалды.

Облыс әкімінің мәліметінше, өткен жылы өңірлік жалпы өнім көлемі 3,9 триллион теңгеге жеткен. Ал 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,8 пайызды құрады. Осы кезеңде инвестиция көлемі 19,4 пайызға өсіп, өнеркәсіп, өңдеу секторы, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларында оң динамика сақталған.

Берік Уәли инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы да есеп берді. Былтырдан бастап жалпы инвестициялық пулға енгізілген жобалар саны 29-дан 112-ге дейін көбейген. Ал тартылатын инвестиция көлемі 2,2 триллион теңгеден 4,4 триллион теңгеге дейін ұлғайған.

Өңірдегі ірі жобалардың қатарында құны 577,5 миллиард теңге болатын «Аягөз – Бақты» теміржол желісінің құрылысы бар. Бұдан бөлек, Семей қаласында 714 миллиард теңгеге жаңа жылу электр орталығын салу және жалпы инвестиция көлемі 255 миллиард теңге болатын тау-кен байыту комбинатын іске қосу жобалары жүзеге асырылып жатыр.

Облыс әкімі Семей қаласында арнайы экономикалық аймақ құру жұмыстары туралы да баяндады. Жоспарланған аймақта жалпы құны 400 миллиард теңгені құрайтын өндірістік жобаларды іске асыру және 2500 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Қазір үш ірі жоба бойынша ұсыныс келіп түскен.

Кездесу барысында Алакөл туристік аймағын дамыту мәселесі де сөз болды. Биыл жағалау инфрақұрылымын жаңғыртуға 15,4 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде электр желілерін тарту және Үржар әуежайы терминалын реконструкциялау үшін Арнаулы мемлекеттік қордан 11,6 миллиард теңге қарастырылған.

Сондай-ақ өңірдегі инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, сумен жабдықтау, кәріз және жылу желілерін жаңарту, Семей қаласындағы жаңа көпір құрылысын аяқтау, тұрғын үй құрылысы мен жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары баяндалды.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы өңірге инвестиция тарту жұмысын күшейту, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Президент сондай-ақ «Абайға құрмет» акциясын лайықты деңгейде жүзеге асыру қажет екенін айтты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: