Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Патима

26.04.2026, 12:50 27

HALYQLINE.KZ

Патима Кеңес үкіметі құлардың алдында біздің ауылға көршілес Райым ауылынан көшіп келді. Күйеуі Аманқос – менен бір жас кішілігі бар жігіт. Патиманың екі-үш жас кішілігі бар шығар. Мен ауылдың сыртынан сарай салып жатқанымда, біз көрші болдық.

Аманқос – біздің ауыл Қамбашта оқығанмен, көршілес ауыл Райымның жігіті. Патима да – көршілес ауыл Ақбайдың қызы. Бірақ екеуіне ортақ қасиет қазаққа тән өте қонақжайлылық еді. Әрі керемет көршілер болатын.

Осы керемет көршілер еске түссе, көршілер туралы халық даналығы ойға оралады. «Жақсы көрші – баға жетпес байлық, татулық пен сыйластық белгісі». Қазақ халқы көршісін туысымен тең көріп, «Көрші ақысы – тәңір ақысы» деп есептеген. Ең танымал мақалдар: «Жақсы көрші тапқаның – мол олжаға батқаның», «Жақсы көрші – төрің, жаман көрші – көрің», «Туыс – атадан, көрші – Алладан», т.б.

Міне, «Халық айтса, қалт айтпайды» дегендей, айна-қатесіз тура пікір!..

Олай дейтінім, бұл пікірдің ақиқатын осы көршілерімнен байқадым. Әсіресе, бар жақсылықты Патимадан көрдік. Үйі біздің үйден алшақтау тұрса да, біздің, ол кездегі, тоқсаныншы жылдардың басындағы, мұғалімдердің, алты айда әрең келетін жалақысына күніміз қарап қалғанын байқап, үнемі аш жүретінімізді сезіп, үйге жиі-жиі соғатынды шығарды. Жай соғып жүрген жоқ. Біздің қиын жағдайда қалып, отбасын әрең асырап жүргенімізді байқап, үйге оны-мұны шай ішетін азық-түлікті білдіртпей әкеп тастап кетіп жүрді. Мені «отбасын асырай алмай жүр!» деп намыстанбасын дейді-ау, деймін.

Жылжып күндер өтіп жатты. Бір таңғаларлығы, талай данышпан айтып кеткен, нағыз жанашыр досты табу қиынның қиыны екен! Оны мен басқа іс түскенде бір-ақ білдім. Қапелімде, інімнің үйінде тұрғанымда келгіштеп жүрген достарым да, сыныптастарым да сарай салып жатқан кейінгі кезде сонадайдан қашатын болды. Ең болмаса, жылы сөздерін де қимайды-ау! Оның үстіне, Кеңес үкіметі тарап, дүние астан-кестен болып жатқан өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басындағы ауыр кезең жас отбасылар үшін өте үлкен сынақ болды.

Міне, осы сынақ кезеңінде жалғыз-ақ Патима ғана қол ұшын бере алды. Мен күні бойы мектепте боламын. Олай-былай тірлік жасауға қол тимейді. Бір көне ауым бар. Көлге жаяу барып саламын. Ауым қалың жіп сықылды. Балық жолай бермейді. Соған қарағанда, балық та үркетін секілді.

Осылай күндер зулап өте берді. Бір күні үйге Патима келді. Арқалаған иығында қабы бар. Қап толы кептірілген балық екен. Келіншегіме айтып жатыр.

— Үйде қашанғы отыра бересің?! Тіршілік етсейші! Қазір үйден дайындап қойған балықты ала шығайын. Сен мына балықты арқала! Жарты сағаттан кейін пойыз келеді. Мына балықтарды соған сатайық. Бұйырса, Қазалыдан түсіп, азық-түлік алып қайтайық.

Сөйтіп, келіншегім Гүлмира алғашқы сауда-сапарына шықты. Мен сәт-сапар тілеп шығарып салдым. Пойыздың ішіне енген соң, келіншегім балық салынған қаптардың жанына отырыпты да қойыпты. Ол кезде ерсілі-қарсылы жүріп жатқан орыстар өте көп. Менің келіншегім орысша түк білмейді. Ауылдың қызы. Ауылдың қызы болғанда да, құм арасындағы малды ауылдың қызы! Тірі орыс көрмеген!..

Қазір кейбір данышпан айтып жүргендей, «Өмірде қажеттілік үйретеді!» демекші, тіл білетін Патима қашанғы балығын сатып бере береді дейсің? Өзің де тірлік жасауың керек қой!.. Ол-ол ма!.. Қазалының базарына барып, сатқан балықтың ақшасына тең етіп екі үйге азық-түлікке дейін алатынын айтсаңшы!..

Бұл қамқорлық, әрине, келіншегім Гүлмираны да оятты. Тірлік жасауға талпынды. Үйге келіп, орысша үйренуге тырысты. Мен де қайбір орысшаға жүйрік дейсің?! Қолымнан келгенше, үйретіп жатырмын. Қағазға балықтардың түр-түрін сұрыптап, бағасын қазақша-орысша жазып қойып, келіншегіме жаттатып қойдым. Ол жан-тәнімен жаттап жатыр. Шамалыдан соң, тілі сынған сықылды. Сонда да, пысықтап қоямын.

Ертеңіне, жорыққа аттанар алдында тағы бір пысықтап алып, келіншегімді ұлы дүбірге қосып жіберіп, тақымымды қысып қала бердім. Түстен кейін, бәйгеге қосқан «аттарымды» күтіп алуға шықтым. Құйындатқан пойыз да тоқтады-ау!.. Жоқ!.. Келіншегім жараған аттай пойыздан секіріп түсті. Өзі тіпті, көңілді! Жадырап күлген күлкісіне дейін сондай жағымды!..

Сөйтсе, жаман орысшасымен өз бетінше бірер балық сатқан екен. Соның қуанышы болар, әйтеуір мәз! Мен де келіншегімді қоштап, қуанышына ортақтасып жатырмын. Алғашқы саудасына Патима да мәз!..

— Өстіп-өстіп үйреніп кетеді ғой! — дейді шын көңілімен қуана.

Осылайша, тәй-тәй басқан балаша саудадағы алғашқы қадамын баса бастады. Рас, кейде орысшаға тілі келмей, айтқан бағасына шатасып «мың» деген санды қосып жіберіп, балық алушыны шалқасынан түсіре жаздайтын оқиғалар да кездесіп қалып тұрады. Мысалы, балықты «екі жүз» деп тұрады да «мың» деген сөзді қалай болса солай қосып жібереді. Сонда бір балық «екі жүз мың» болып шыға келеді де, балық алушыны шошытып жібереді. «Бағасы не деген удай» деп жанынан қуып жатады. Шын мәнісінде, «екі жүз рубль» деп айтқысы келген ғой! Орысшасында осындай ақаулар болмаса, негізінен саудасы сәтті жүріп жатады. Оның басты себебі, келіншегімнің келбетінде жатыр-ау! Орыстар, шіркін, шетінен ұлтшыл, шовинистер ғой! Менің келіншегім ақсары, жирен шашты, көк көз болғандықтан, іш тартып алдымен соған барып саудаласады. Сондай жағдайды пойызға қатар мінгенде бірнеше рет байқағанмын. Содан болар өзге келіншектерге қарағанда, менің келіншегімнің саудасы тезірек жүреді.

Зулап күндер өте берді. Патиманың кеңесімен жиналған азғантай қаражатқа көптеп жас балық сатып алып, тұз әкеліп, тұздап тастадық. Іс оңға баса бастады. Келіншегім түу сонау Ақтөбеге дейін балық сатып барады да, қайтарда түрлі тәтті кәмпит, үйге қажетті азық-түліктер алып қайтатын болды. Келіншегімді мен ғана емес, үйдегі майда балалардан бөлек көрші үйдің майда балалары да асыға күтетін болды. Келіншегімнің әкелген тәттілеріне бәрі де мәз! Біз де мәз!..

Осы шаттықтың арасында көңілді оқиғалар да болып тұрады. Бірде сондай оқиға болды. Келіншегімнің жолға алып шықпашы болған балығын түнімен жуып кептіріп қойып, арасында кітап оқитын әдетім бар еді.

Бір күні түнімен балық жуып, таңертең сабаққа барғанмын. Ұйқы шала болса да сабақ өз мәнінде жүріп жатқан. Сабақта Қасқырбайдың баласынан (атын ұмыттым) сабақ сұрадым. Сабаққа дайындалмапты. Сосын оқыған кітабымдағы Ярослав Гашектің «Сайыпқыран Швейктің басынан кешкен оқиғалары» атты кітабындағы дөрекі офицердің образына кіріп: «Сабаққа неге дайындалмағансың?!» деп әмірлі үнмен сұрап алып, жұдырығымды түйіп: «Ненің иісі шығып тұр?!» деп сұрағанмын. Кітапта Швейк офицердің жұдырығын иіскеп: «Ажалдың иісі аңқып тұр!» деп жауап берсе, менің оқушым аңқау кейіпте жұдырығымды иіскеп: «Капшоный балықтың иісі шығып тұр!» деп жауап берді. Мұны естігенде, бүкіл сынып ду күлген. Сөйтіп, образым өте күлкілі аяқталған.

Тағы бірде мынадай оқиға болды. Келіншегім бір топ әйелмен балық сатып келе жатып, пойызда кездесіп қалдық. Келіншегім екеуміз сөйлесіп отыр едік. Бір орыс кемпір жанымызға келіп отырды. Жай отырған жоқ, менен: «Мына орыс қыз неге орысша сөйлемейді?» деп сұрады. Мұны естігенде, «аттың басын жібердім», яғни «бұл орыс қызы қатыным ғой, орысша сөйлеп қоймаған соң, төбесінен қойып қалып едім, аяқ асты қазақша сөйлеп, орысшаны ұмытып қалды!» деп едім, маған жақтырмай қарады. Жанында отырған орыстардың баршасы жиырла қалды. Соған қарап ой түйдім. «И-ә-ә! Орыстың бәрі ұлтшыл екен- ау!»

Міне, балық сатуда есіме түскен қызықты оқиғалар тізбегі осындай!..

Сөйтіп, қызығы мен шыжығы мол балық саудасының арқасында бұл тоқыраудан да аман-есен шықтық-ау!

Өкініштісі, бізді тоқыраудан да, аштықтан да өзінің күш-жігерімен, тәжірибесімен аман-есен алып шыққан Патима да, күйеуі де көп ұзамай бірінің соңынан бірі жаңа ғасырға таман қайтыс болды.

Естуімше, біздің ауыл Қамбаштан өз ауылы Райымға қайта көшіп кеткеннен кейін жағдайлары болмапты. Үнемі сөмке толы ауыр балықты көтеріп жүріп, балық сату да денсаулығына үлкен зиян келтірді-ау деймін.

Соңғы уақытта менің келіншегім де бүйрегін ұстап жатып қалатынды жиілетті. Соған қарап қорқатын болдым. «Жаман айтпай жақсы жоқ!», олай-былай болып кетіп жатса…

Дереу ауылдан жұмыс іздей бастадым. Есік жағалап жүріп, ауыл мектебінен еден жуушы қызметіне іліктірдім-ау! Ауыр еңбектің зардабы ма әлі күнге ыңқыл-сыңқылы бар!..

Кейде ойланам, «қазақ әйелдері нағыз ерлер ғой!» деп. Өзінің қамын да, көршісінің қамын да бірдей ойлап жүретін, ұлт ұйтқысы от аналар ел арасында әлі де көп-ау! Әрқашанда сол аналарға бақыт тілеймін!

Нұрбай  ЖҮСІП,

Арал  ауданы,

Қамбаш  ауылы

Көрнекі фото: ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: