Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Пара алған сәбет үкіметінің тұңғыш доқтыры…

26.07.2020, 9:00 511

 HALYQLINE.KZ Бұл қызықты ертеректе де жазған болармын. Қазір бәріміз емші болған кезде еске түсті.

Әжем 102-ге келіп өмірден өткенін айттым ғой талай. Мен 10-класта оқып жүрген кезім, ол кісі тура 100-ге келген кезі екен ғой. Тың болды. Қолына таяқ алып, Мұқағали суреттегендей «иілген сұрау белгі» болып жүреді. Бес уақыт дәрет алуға сыртқа шығады қысы-жазы. Төсегінің астында бір ожау суық су, таңға сораптап шығады. Сол кездері жөтел пайда болды. Онысын «лоқтырға көрсетпедіңдер» – дей бергесін ауылдағы бәрін білетін Нұрәділ ағаны шақыртып, қаратқан болдық. «Кәрілік» – деді ол кісі. Енді бір ғасыр жасаған адамға басқа қандай диагноз қоясың? Бір көзіне ақ түскені, түнгі жөтел болмаса мен мектептен келгенде шай қайнаулы, тамақ ыстық! Сол кәрілік жеткен, 100-ге келген кемпірдің ісі!

Үйде дәрігердің ақ халаты мен құлаққа қыстырғышы жататын. Әптиектен оншақты пәшкі аскорбинка алып, «Алматыдан үлкен доктор келіпті, соны шақырып келдім, сені қарайды қазір, төсегіңе жат» – дедім. «Тамыр ұстай ма екен?» – деді. Тамыр ұстамаған лоқтырыңды мойындамайтын мадам болатын. Иә! – дедім. Әжем жата салысымен ақ халатты киіп, құлаққа іліп, дауысты өзгертіп, сыртқы есікте тарсылдата ашып, жауып кіріп келдім. Төсекте шалқадан жатыр, тапсырманы бұлжытпай орындайды. Екі қолының тамырын ұзааақ ұстап, кеудесін тыңдап, үш дипломы бар доқтырдың сөзін айттым: «Түнімен жөтеледі екенсіз, ол мына суық судан! Енді шөлдесеңіз су ішпей мен әкелген мына қымбат дәріні жатарда біреуін сорып ұйықтайсыз! «Аскорбинканы пәшкісімен қолына бердім. Жастығының астына зу еткізді. Маған рақметін айтып, бір бет орамал мен үш сом (!) берді! Алмай көр, сарт мезірет жасап, қолын қайтарған болдым, өткізіп жіберді бәрібір. Алматының докторынан шешен боп шықты. Аяқ асты байып, әжесінен пара алған сәбет үкіметінің тұңғыш доқтыры болып шығып кеттім.

Әке-шешем естімеген сөзі жоқ содан кейін. «Күректей қағаздарың бар, елге абыройлы болғандарың бар болсын бүйтіп, қаршадай бала құрлы миларың жоқ! Соноу Алматыдан келген дәу лоқтырды жетектеп келіп, тамыр ұстатып, қымбат дәрісімен көк жөтелді сап тиды!»

Әжем содан кейін жөтелген жоқ. Өлерінен үш күн бұрын ғана төсек тартыпты. Ағайын, көрші-қолаң жиналғанда оқудағы маған хабар айтпаңдар депті. «Жалқы туған, ерке болды, маңдайынан ешкім шертіп көрген жоқ. Туғалы өлім көрген жоқ, мені де көрмесін. Әжем қыдырып кеткен екен ғой деп қала берсін. Демалысқа келгенде естіртерсіңдер» деп өтініш айтыпты. Қазір әжем сол Қайнарда, қырманның жанындағы қорымда, маған айтпай қыдырып кеткен жерінде жатыр…

Мен де доқтыр болғам солай.

Асқар Наймантаевтың фейсбук парақшасынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: