Қазақстанда тұрғын үй кезегін орталықтандырылған түрде жүргізетін orken.otbasybank.kz порталы іске қосылды. Жүйе азаматтардың мәліметін автоматты түрде тексеріп, тізімдегі қайталанған деректерді алып тастайды. Тұрғын үй бөлу кезінде қызметкерлердің араласуы да барынша шектеледі.
«Отбасы банкі» 15 мемлекеттік деректер базасына қосылған. Сол мәліметтердің негізінде әр отбасының цифрлық картасы жасалады. Жүйе тұрғын үйге мұқтаж азаматтың белгіленген талаптарға сәйкестігін өзі анықтайды.
«Жүйе тұрғын үйге мұқтаж адамның бөлу шарттарына сәйкес келетінін өзі тексереді. Есепке тұру банктің мобильді қосымшасында қолжетімді. Сол арқылы тұрғын үй бөлуге де қатысуға болады», — деді Үкімет отырысында «Отбасы банкі» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Алдағы уақытта платформаға өңірлердегі тұрғын үй қажеттілігін болжайтын жасанды интеллект енгізіледі. Азаматтарға онлайн кеңес беретін ЖИ-агентті іске қосу да жоспарланған.
Цифрландыру тұрғын үй бөлу қарқынын үш есеге арттырған. «Отбасы банкі» ұлттық даму институты ретінде жұмыс істеген алғашқы жылы 23,5 мың отбасы пәтер кілтін алды.
«Жыл соңына дейін құны 130 млрд теңге болатын тағы 8812 кредиттік пәтерді бөлу жоспарланып отыр. Бұрын әкімдіктер жылына 7 мыңға жуық пәтер бөлетін. Бұл жұмыспен 700 қызметкер айналысатын. Қазір “Отбасы банкінде” осы міндетті 20 маман атқарады», — деді Ләззат Ибрагимова.
Соңғы бір жарым жылдың ішінде «Отбасы банкінің» қолдауымен кезекте тұрған 40 мың отбасы баспаналы болған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!