Көшпелі жыл құстарының арасында арнайы күзетшінің міндетін атқаратын құс болады. Күзетші құс алыс жолда шаршаған құс үйірі демалып жатқан кезде, сақтық шараларын жасап, оларды болжаусыз қауіптен сақтандырады.
Ал құс аулаушыларда сол күзетшіні өз тобына ұстап беріп, сақтықтан айырып, сосын құстарды топ-тобымен қыратын «қара тәсіл» деген айла болады екен. Қандай тәсіл десең, алыс сапардан шаршап келіп көлге қонақтап жатқан құстар дәл демалып маужырай бастаған кезде аңшы ақырын мысықтабандап жақындап баратын көрінеді. Күзетші оны біліп, құстарға хабар беріп оятқан сәтінде әлгі аңшы сездірмей жасырына қалады. Бірінші мәрте құстар оянып жан-жағын бақылап, назар аударып, ерекше қауіп сезбегендіктен қайтадан тынышталып ұйықтайды. Дәл сол сәтте әлгі аңшы қайтадан сезік туғызып, күзетшіні мазалайды. Күзетші қайтадан қауіп туғанын білдіріп, дабыл қаққанда аңшы қайтадан жасырына қалады. Ал құс үйірі қайта оянып, қауіп-қатер жоқ екенін біліп, тынышталып қайтадан демалып ұйқыға кетеді. Олар демала бере аңшы қайтадан күзетшіні мазалап, сезік туғызады. Осылайша бірнеше рет күзетші құс арқылы топты тәтті ұйқыдан оятып, мазасын алғанда дем ала алмаған құстар шексіз ашуланып, «өтірік хабар беріп демалдырмай қойған» күзетшіні жан-жағынан талап, жүнін жұлмалап өлтіріп тастайды екен. Осылайша қауіпсіздік дабылына маза бермей қағатын күзетшісіз қалған үйірді топ-тобымен құртуға оңай болады екен.
Құс үйірін аулайтын бұл технологияны дамыған мемлекеттер артта қалған елдерді отарлау саясатына да аса айлакерлікпен пайдаланады. Отаршылардың әрекетін түсінген ұлтшылдарды, патриоттарды қайта-қайта қорқытып, үркіту, сонымен қатар оларға қауіпсіздік дабылын тұрақты қақтыра отырып, өздері өте мүләйім, сүттен ақ, судан таза болып көріну, ол түгілі гуманитарлық көмек беріп жатқан кейіп көрсетіп, шынның жүзін бүркемелейді екен.
Ұлтшылдар төніп тұрған қауіп-қатер, батпан қарыз, заңсыз қылмыстар, отаршылардың ел байлығын тонап жатқан әрекеттері, жасырын ақша аудару, ми жуу, олардың басып алмақ ниеттері туралы халық мезі болғанша шуылдаса да оларға дәлел-дәйек болатын деректердің ұшын да ұстатпайды екен. Осының салдарынан халық ұлтшыл-патриоттар туралы өтірікші популистер, ақымақ, даңғаза шуылдақтар, кеудемсоқ малғұндар деген түсінік алып, олардың сөзін ешбір елемей, жексұрындатып, шеттетіп, мазақ қылып, ол түгілі олардың өміріне қастандық жасай бастайтын көрінеді. Әрине, «бір ит көріп үреді, екі ит еріп үреді» дегендей олардың арасында шынымен де популистер, кеудемсоқ малғұндар да болады.
Кей жағдайда арнайы ондай адамдарды олардың араларына кіргізіп бейберекетсіздікке ұрындырып, нағыз патриоттардың атақ-абыройына нұқсан да келтіреді. Ақырында кімдікі ақиқат, кімдікі жалған екендігін айыра алмайтын халге жеткізіп, бұл жағдайдан мезі болған халық ұсақ-түйекке, ойын-сауық, той-томалаққа көбірек мән бере бастайды. Осылайша халықтың қауіпсіздік дабылын құртып тастаған соң байлығын жалғыз күнде өзінікі болдырып, қарызға белшесінен батырып жан алқымынан алатын көрінеді. Бірақ көбінесе бұл істі өздері арқылы жасатады. Африка және Латын Американың көп елдерінде осындай мысал толып жатыр…
ОЙЛАН ҚАЗАҚ, ОЙЛАН!
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!