Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Остров»-қа су келді

19.10.2020, 10:15 744

HALYQLINE.KZ

Халық үшін ауызсуға қол жеткізудің маңызы зор. Облысымызда түрлі мәселелерді санамағанның өзінде тұрғындарды қарапайым ауызсумен қамтамасыз етудің өзі қиынға соғып тұр. Тіршілік көзіне зәру болған қара халық суды қала орталығынан тасуға мәжбүр. Бюджеттен бөлінген қаражат «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті ме, әлде биліктегілердің салғырттығынан ба, су тапшылығы қазақ қоғамындағы үлкен әлеуметтік мәселелердің біріне айналғаны қашан. Осындай суға зәру болған тұрғын аудандардың бірі «Арай-Шұғыла» еді. Жергілікті тұрғындардың тілімен «Остров» атанып кеткен мұнда осы уақытқа дейін ауызсу құбыры жүргізілмеген екен. Тиісінше, тұрғындар суды көршілес мөлтек аудандардан тасуға мәжбүр болған. Дегенмен, қазіргі таңда мұнда ауызсу желісінің құрылысы басталып кетті. Ағымдағы жылдың ішінде тұрғындардың барлығы ауызсуды пайдалана алады деп күтілуде. Тіршілік нәрінің шеті көрінгеніне тұрғындар да дән риза.

Күлпән  Өтегенқызы,  тұрғын:

  • Мен осында қоныс тепкен алғашқы тұрғындардың бірімін. Көшіп келгенде мұндағы тұрғындар саны көп емес еді. Тиісінше, өмір сүруге ешқандай жағдай жасалмаған тұғын. Дегенмен, уақыт өте тұрғындар саны артып, мекеніміз қала орталығына айналды. Сонда да, біршама уақыт бойына ауызсу болмады. Ішетін суымызды орталықтан тасымалдайтынбыз. Бұл мәселе халықтың мұқтажына айналған десем де болады. Бірақ, соңғы жылдары қуанышымызға орай, біздің тұрғын ауданымызға көңіл бөлініп жатыр. Былтыр газ келіп, қатты қуандық. Биыл міне, су кіргізу жұмыстары жүруде. Осы игі жұмыстарға себепші болған барлық жандарға және қала әкімдігіне алғысым шексіз.

«Қызылорда қаласындағы Арай тұрғын ауданы Жібек жолы көшесінен Тәуелсіздік көшесіне дейін ауыз су желісінің құрылысы» нысаны бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге сатып алу конкурсының жеңімпазы болып «Механизатор» ЖШС танылды. Ауызсу жөндеу жұмыстарының авторлық қадағалаушысы «Прикаспийское управление строительства-Шымкент» ЖШС болса, техникалық қадағалаушы «Дан-Строй-Проект» ЖШС екен. Жалпы нысанға бюджеттен 251 миллион 340 мың теңге бөлінген. Жоба бойынша мұнда құрылыс жұмыстарымен қатар 175 жеке үйге ауызсу құбырын кіргізу қарастырылған. Қазіргі уақытта 86 үйге су құбырлары кіргізіліп үлгеріпті.

Пакуатдин  Шамұратов,  қалалық  сәулет  және  қала  құрылысы  бөлімінің  басшысы:

– «Арай» мөлтек ауданында ауызсу құбырын тарту мәселесі бойынша осы жылы құжаттар дайындалып, бастапқы қаржы қарастырылған болатын. Қазіргі таңда қаржы толық бөлінді. Бюджет толықтай игеріліп, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ауызсу желісінің жалпы ұзындығы 8 шақырымды құрайды. Бүгінде барлық жұмыстың үштен бірі бітті. Қараша айының соңына дейін жұмыстар толыққанды аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, әр тұрғынның үйіне су құбырлары кіргізіліп беретін болады. Сонымен қатар, бұл аумаққа жолды жөндеу жұмыстарының құжаттарын әзірлеп жатырмыз. 2021 жылы тасжол салынатын болады деп межеленген.

Қала аумағында жасалып жатқан жұмыстарға жергілікті тұрғындар дән риза. Өмір сүру бұрынғыға қарағанда жеңілдегенін жеткізіп отыр. Осындайда «жер сатып алсаң – суына қара» деген жақсы сөз ойға келеді. Бар берекенің бастауы болатын ауызсуға қол жеткізу кімді де болса қуантатыны анық.

Талғат  Сарымсақов,  тұрғын:

– Осы жерде тұрып жатқаныма 12 жылдай болды. Басты мәселеміз ауызсу болатын. Дегенмен де, көріп тұрғандарыңыздай, бұл мәселе де өз шешімін табуда. Әкімге осы ауызсу бойынша жеке арызданған едік. Шағымдарымыз биліктегілердің құлағына жеткеніне қуаныштымыз. Алдағы уақытта жолды да жөндеуге уәде етіп отыр. Бұл мәселе де оң шешімін табады деген сенімдемін. Жалпы, жөндеу жұмыстарына атсалысқан жандарға біздің ауданның тұрғындарының атынан алғыс білдіремін.

Халқымыз «өзен мен өмір ағысын бөгеуге болмайды» деген. Сол үшін тіршіліктің нәрі, ауызсу мәселесін барынша тез шешуге тырысу қажет. Бір ғана ауызсудың болмауынан көптеген мәселе туындайды. Түрлі қауіпті аурудың себебі де осы таза судың жоқтығынан болады екен. Осы аталған фактілер белгілі бола тұрып, елімізде ауызсу тапшылығы әлі де өзекті. Жыры таусылмаған бұл мәселе соңғы уақыттарда шешіліп жатқан көрінеді. Алдағы уақытта осы қарқыннан таймаса, халқымыздың әлеуметтік жағдайы біраз оңалып қалар еді…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: