Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өңірдегі жедел ішек инфекциялары аурушаңдығы бойынша эпидемиологиялық жағдайды бірқалыпты деп бағалап отыр деп хабарлайды, halyqline.kz тілшісі Қазақпарат сайтына сілтеме жасап.
Жыл басынан бері инфекция жұқтырудың 413 жағдайы тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық деңгейі 6,3%-ға төмендеген. Ауруға шалдығу деректерінің басым бөлігі облыс орталығының үлесінде — 96%. Жұқпалы жедел ішек ауруларымен науқастанғандардың 77%-ы — 14 жасқа толмаған балалар.
Департамент қызметкерлері аурудың басты таралу себептері ретінде үй жағдайында дайындау технологиясы бұзылған, дұрыс сақталмаған тағамдарды, қайнамаған суды тұтынуды және бала күтімі барысында жеке бас гигиенасын сақтамауды атады.
— Сонымен қатар мерзімінен ерте піскен жеміс-жидектерді мөлшерден тыс пайдалану да ауруға шалдығу қаупін арттырады. Аурудың алдын алу үшін жеке бас гигиенасын сақтауды, тек қайнатылған немесе бөтелкедегі тазартылған суды пайдалануды, жеміс пен көкөністі жақсылап жууды, тез бұзылатын тамақ өнімдерін салқын жерде сақтауды, жарамдылық мерзімі өткен азық-түлікті пайдаланбауды ұсынамыз. Сонымен қатар шикі өнімдерді дайын өнімдерден бөлек сақтау, субұрқақтарға суға түспеу, тек арнайы белгіленген орындарда шомылу және асүйді, ауланы таза ұстау керек. Ауру белгілері байқалған жағдайда медициналық көмекке жүгіну қажет, — деді департамент басшысының міндетін атқарушы Ерлан Ұзақбаев.
Фото: Pexels
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!