Қазіргі қоғамда минимализм тек дизайн бағыты немесе эстетикалық ұстаным ретінде қаралмайды. Тиісінше, тұтас өмір салтына айналған құбылыс ретінде қарастырыла бастағаны жасырын емес. Соңғы жылдары бұл ұғым әлеуметтік желілерде, медиа кеңістікте және күнделікті өмірде кеңінен насихатталып, қарапайымдылық пен артық дүниеден бас тарту идеясы, жаңа мәдени тренд деңгейіне көтерілді. Алайда минимализмнің мұндай жаппай таралуы оның шынайы мәнін терең түсінуден гөрі, көбіне сыртқы форма ретінде қабылдануына әкеліп отыр.
ӨНЕРДЕН – ИЛЛЮЗИЯЛЫ ӨМІР САЛТЫНА…
Бір қарағанда, минимализм қазіргі тұтынушылық қоғамға қарсы бағытталған, ресурстарды үнемдеуді және саналы өмір сүруді насихаттайтын оң құбылыс ретінде көрінеді. Дегенмен, оның трендке айналуы бұл идеяның мазмұны мен мақсатына қатысты бірқатар қайшылық туындатады. Минимализм кей жағдайда қарапайымдылықтан гөрі жаңа сәнге, тіпті белгілі бір әлеуметтік мәртебені білдіретін құралға айналып бара жатқандай әсер қалдырады.
Осы тұрғыдан алғанда, минимализмді эстетикалық немесе тұрмыстық деңгейде, сонымен қатар әлеуметтік және мәдени құбылыс ретінде қарастыру қажеттілігі туындайды. Аталған мақалада минимализмнің қалыптасу себептері, оның қоғамға әсері және тренд ретінде дамуының оң және теріс қырларын сараптамалық тұрғыдан талдап көрмекпіз.
Минимализмнің пайда болуы ХХ ғасырдың ортасындағы өнер мен архитектурадағы жаңа бағыттармен тығыз байланысты. Бұл кезеңде күрделілік пен артық декоративтіліктен бас тарту идеясы алға шығып, форма мен мазмұнның ықшамдылығы басты құндылық ретінде қарастырыла бастағаны белгілі. Минимализм алғашында бейнелеу және сәулет өнерінде қалыптасып, кейіннен интерьер дизайнына, одан ары күнделікті өмір салтына енді. Оның негізінде «аз – көп» қағидасы жатыр, яғни артық элементтерден арылу арқылы мән мен сапаны арттыру көзделеді.
Уақыт өте келе минимализм тек эстетикалық бағыт шеңберінде қалып қоймай, әлеуметтік-мәдени құбылысқа айналды. Бұл трансформацияға бірнеше фактор әсер етті деуге болады. Біріншіден, урбанизация мен мегаполистік өмір салты адамдарды ықшам әрі функционалды кеңістіктерге бейімдеді. Шағын пәтерлер, жоғары өмір ырғағы және уақыт тапшылығы қарапайым әрі тиімді шешімдерді талап етті. Екіншіден, цифрлану дәуірінде ақпараттың шамадан тыс көп болуы адам психологиясына қысым түсіріп, «ақпараттық минимализм» қажеттілігін туындатты. Яғни адамдар тек материалдық заттардан ғана емес, артық ақпараттан да арылуға ұмтыла бастады.
Сонымен қатар, минимализмнің трендке айналуында әлеуметтік желілер мен медиа кеңістіктің рөлі ерекше. Instagram, Pinterest сияқты платформаларда мінсіз, таза әрі «жеңіл» интерьерлер мен өмір салты кеңінен насихатталып, минимализм визуалды идеал ретінде қалыптасты. Нәтижесінде бұл бағыт тек өмірді жеңілдетіп ғана қоймай, сонымен қатар эстетикалық стандартқа айналды. Алайда дәл осы жерде белгілі бір қайшылық туындайды: бастапқыда қарапайымдылықты насихаттаған минимализмнің өзі кей жағдайда мұқият ойластырылған, қымбат әрі қолжетімсіз стильге айналып, өзінің бастапқы мәнінен алыстай бастайды.
Осылайша, минимализмнің трендке айналуы тек оның ішкі философиясымен ғана емес, сонымен қатар қазіргі қоғамның әлеуметтік, экономикалық және мәдени өзгерістерімен ықшамдала бастады. Бұл құбылыс бір жағынан уақыт талабына жауап ретінде пайда болса, екінші жағынан жаңа тұтынушылық формалардың қалыптасуына молынан ықпал етуде.
Әлеуметтік тұрғыдан алғанда, ол артық тұтынуға қарсы реакция ретінде қалыптасқан жаңа өмір салты саналады. Ғылыми зерттеулер минимализмді «саналы түрде тұтынуды шектеу және қажетті заттармен шектелу» ретінде сипаттайды. Бұл анықтама минимализмнің сыртқы қарапайымдылықпен қоса, адамның құндылықтар жүйесінің өзгеруімен байланысты екенін білдіреді.
ТҰТЫНУШЫЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІҢ МИНИМАЛИЗМДЕГІ МАҢЫЗЫ ҚАНДАЙ?
Минимализмнің қоғамға әсерін түсіндіруде тұтынушылық мәдениет ұғымы маңызды рөл атқаратынын ескерген жөн. Зерттеулерге сәйкес, қазіргі тұтынушылық қоғамда адамдар заттар арқылы өз статусын көрсетуге бейім, алайда минимализм бұл модельге балама ретінде ұсынылады. Мысалы, Anne V. Wilson және Silvia Bellezza жүргізген зерттеуде (N = 3735) минимализм үш негізгі өлшем арқылы сипатталған: иеліктегі заттардың аздығы, қарапайым эстетикаға ұмтылыс және саналы таңдау арқылы тұтыну. Бұл нәтижелер минимализмнің нақты мінез-құлықтық модель екенін дәлелдейді.
Сонымен қатар, минимализмнің жеке тұлғаға әсері де ғылыми тұрғыдан зерттелген. 2023 жылы жүргізілген сауалнама нәтижелері (436 респондент) минимализмді ұстанатын адамдардың өмір сапасы мен субъективті әл-ауқаты жоғары болатынын көрсетеді. Яғни, артық заттардан бас тарту адамның психологиялық күйіне оң әсер етіп, назарын маңызды құндылықтарға бағыттауға мүмкіндік береді. Тағы бір зерттеуде минимализм эмоционалдық әл-ауқатты арттырып, адамның өзін-өзі дамытуына ықпал ететіні дәлелденген.
Алайда минимализмнің әлеуметтік әсері біржақты емес. Кейбір зерттеу бұл құбылыстың қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікпен тығыз байланысты екенін көрсетеді. Мәселен, әлеуметтік-экономикалық мәртебесі төмен адамдар минимализмді оң қабылдамауы мүмкін, себебі олар үшін «азға қанағат ету» таңдау, сондай-ақ мәжбүрлі жағдай болуы ықтимал. Бұл минимализмнің кей жағдайда артықшылықпен қатар, белгілі бір әлеуметтік топқа тән өмір салты ретінде қабылданатынын көрсетеді.
Сонымен қатар, минимализмнің мәдени практика ретінде таралуы да күрделі сипатқа ие. Зерттеулерде «decluttering» (артық заттардан арылу) қазіргі қоғамда өзін-өзі күту формасы ретінде ұсынылатыны, бірақ оның шын мәнінде тұтынушылық мәдениеттің бір бөлігі болып қала беретіні айтылған. Яғни, минимализм кей жағдайда тұтынуды азайтпай, тек оның формасын өзгертеді.
Осылайша, әлеуметтік талдау минимализмнің екіжақты табиғатын көрсетеді. Бір жағынан, ол саналы тұтыну мен тұрақты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етсе, екінші жағынан, әлеуметтік теңсіздік пен жаңа символикалық статус формаларын қалыптастыруы мүмкін. Сондықтан минимализмді толық түсіну үшін оны тек жеке таңдау емес, кең әлеуметтік контексте қарастыру қажет.
Минимализмнің кең таралуы оның қоғам үшін бірқатар оң нәтиже беріп отырғанын көрсетеді. Ең алдымен, бұл бағыт тұтынушылық мәдениетті қайта қарастыруға ықпал етеді. Артық заттардан бас тарту арқылы адамдар қаржылық шығындарын азайтып, ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, экологиялық тұрғыдан алғанда, минимализм қалдық көлемін қысқартуға және тұрақты тұтыну қағидаларын қалыптастыруға әсер етеді. Психологиялық аспект тұрғысынан да бұл өмір салтының артықшылықтары дәлелденген: зерттеулер минимализмді ұстанатын адамдарда стресс деңгейі төмендеп, өмірге қанағаттану көрсеткіші артатынын көрсетеді. Яғни, минимализм адамның назарын материалдық емес құндылықтарға бағыттап, өмір сапасын арттыруға жағдай жасайды.
МИНИМАЛИЗМ МИҒА КЕРЕК
Психолог Тоғжан Тілентайдың пікірінше, минимализм алдымен біздің миымызға қажет.
– Оқыған кітабымыз, тұтынған тауарымыз, тіпті, араласатын ортамыз бен адамдарымызды біз сүзгіден өткізуіміз міндетті. Себебі, минимализм, біріншіден, миға қажет. Күнделікті өмірдегі бейсаналы түрде қабылдайтын ақпаратымыз, көрген киномыз, сонымен қатар, «біреуін алсаң, екіншісі тегін» деген түрлі жарнама – біз байқамасақ та, миға түсетін жүк. Осыдан соң, энергияның төмендігі, тез шаршау, әлсіздік, көңіл күйдің болмауы, тіпті депрессия белгілерін байқауға да болады. Ал бұның алдын алу – миға сүзгі жасау. Маман ретінде берер кеңесім минимализм миға керек, — дейді психолог Тоғжан Қалиқызы.
Сонымен қатар, минимализм уақыт пен кеңістікті басқаруда тиімді құрал ретінде көрінеді. Қарапайым әрі ұйымдасқан орта адамның өнімділігін арттырып, күнделікті өмірді жеңілдетеді. Бұл әсіресе урбанизация жағдайында, шағын тұрғын кеңістіктерде өмір сүретін адамдар үшін өзекті. Осы тұрғыдан алғанда, минимализм қазіргі қоғамның нақты қажеттіліктеріне жауап беретін практикалық шешім ретінде бағалануы мүмкін.
МИНИМАЛИЗМ МӘДЕНИЕТІНІҢ «МИНИМАЛИСТІК» ДЕП АТАЛАТЫН ПАРАДОКСЫ ҚАЛЫПТАСЫП КЕЛЕДІ…
Алайда минимализмнің трендке айналуы оның мазмұндық тұрғыдан өзгеруіне әкеліп отыр. Бастапқыда қарапайымдылық пен үнемділікті насихаттаған бұл бағыт қазіргі уақытта кей жағдайда коммерциялану процесіне ұшырауда. Нарықта «минималистік» деп ұсынылатын қымбат жиһаздар мен брендтік өнімдердің көбеюі бұл ұғымның бастапқы философиясына қайшы келеді. Яғни, минимализм артық тұтынуға қарсы бағыт бола тұра, өзі жаңа тұтыну формасына айналып бара жатқандай көрінеді.
Сондай-ақ, минимализмнің әлеуметтік қырына қатысты сыни пікірлер де едәуір көп. Кейбір зерттеу бұл өмір салтының барлығына бірдей қолжетімді еместігін көрсетеді. Экономикалық тұрғыдан тұрақсыз топтар үшін минимализм таңдаудан бұрын мәжбүрлі жағдай болуы мүмкін. Ал әлеуметтік желілерде насихатталатын «идеалды минимализм» көбіне жоғары табысты топтарға тән эстетикамен байланыстырылады. Бұл өз кезегінде қоғамда жаңа символикалық теңсіздік түрін қалыптастыруы ықтимал.
Тағы бір маңызды мәселе – минимализмнің үстірт қабылдануы. Көп жағдайда ол терең философиялық мәнінен ажырап, тек визуалды стиль ретінде ғана қабылданады. Нәтижесінде адамдар минимализмді өмірді жеңілдету құралы емес, белгілі бір трендке ілесу тәсілі ретінде қолдануы мүмкін. Бұл оның мәнін тарылтып, уақытша сән құбылысына айналу қаупін күшейтеді.
Осылайша, минимализмнің артықшылықтары мен кемшіліктерін саралай отырып, оның екіжақты табиғатын байқауға болады. Бір жағынан, ол саналы тұтыну мен өмір сапасын арттыруға бағытталған тиімді модель болса, екінші жағынан, коммерциялану мен әлеуметтік теңсіздік мәселелерімен астасып жатқан күрделі құбылыс саналады. Сондықтан минимализмді бағалауда оны терең әлеуметтік-мәдени контексте де қарастыру аса маңызды.
– Қазіргі қоғамда минимализмді тек эстетикалық немесе тұрмыстық тренд ретінде қарастыру жеткіліксіз. Әлеуметтанушы ретінде айтарым, бұл құбылыс ең алдымен тұтынушылық мәдениеттің трансформациясын көрсетеді. Адамдар артық заттан бас тарту арқылы тек кеңістік емес, әлеуметтік қысым мен ақпараттық жүктемеден де босауға ұмтылады. Дегенмен, минимализмнің әлеуметтік желілерде идеалдандырылуы оны кей жағдайда жаңа статус белгісіне айналдырып жіберуде. Яғни, ол қарапайымдылықты насихаттағанымен, парадоксальды түрде жаңа тұтыну үлгілерін қалыптастыруы мүмкін. Сондықтан минимализмді қоғамдағы терең әлеуметтік өзгерістердің бір көрінісі ретінде қарастырған жөн, — дейді әлеуметтанушы Мейірман Ерланұлы.
Минимализм – бүгінгі қоғамның айнасы іспеттес құбылыс. Дәлірек, ол бір жағынан артық тұтынудан шаршаған адамның ішкі сұранысына жауап берсе, екінші жағынан жаңа заманның сәніне айналып үлгерді. Оның тартымдылығы қарапайымдылықта болғанымен, мәні тереңірек – саналы таңдау мен өмір сапасын қайта қарауда жатыр. Дегенмен, минимализмді сыртқы форма деңгейінде қабылдау оның шынайы философиясын әлсіретуі мүмкін. Сондықтан бұл бағытты соқыр еліктеп емес, жеке қажеттілік пен құндылықтар сүзгісінен өткізіп қабылдау маңызды. Шын мәнінде, минимализм – аз затпен қатар артықтан арылу арқылы шынайылыққа жақындау өнері. Ал бұл өнер әркім үшін әртүрлі мағынаға ие болуы мүмкін.
Перизат ЗАХРАДИН
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!