Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мешіттердегі арабшылдық қазақтың болмысын жалмап бара жатыр

05.02.2020, 12:33 154 0

Отанды сүю иманнан десең, оның тарихы мен ғұрпын сыйлай білу де иманнан болады, молдеке…

Молдалар өз халқының рухани жауһарларынан жұрдай болып кеткен. Өздері жұрдай болып қана қала берсе мейлі ғой, мешітке барған бұқараны да ұлттық рухани жауһарларынан қатты алыстатып тастады.

Біздің тәуелсіздік алған жылдардағы мешіт жамағаты өзінің тарихынын, тағылымынан, ұлттық құндылықтары мен ұлттық болмысынан айырылған жамағат болып қалыптасып шықты. Дінді саясатқа алып келіп тығып тастады. Халық әлеуметтік күйзеліске тап болып, көшеге шықса, сол халықтың ішкі күйзелістерін біле тұра, патшаға қарсы шығуға болмайды, тозаққа барасыңдар, күнәхар боласыңдар, арандатушыларсыңдар деп биліктің ығына жығылып, жылмыңдап шығады. Ханафидің кім болғанын өздеріне үлгі тұтады солай бола тұра. Сонда елдің күйзелісін біле тұра осылай жасауды не деп ұғасыз? Бұл екіжүзділік емей не сонда?

Құрандағы «Мұтаффиффин»сүресі екіжүзділерге арналған. Дәл осындай сәтте молдалар халықтың жағына шығып, бұларың дұрыс емес, дінде де халықтың сөзін сөйлеуді жақтайды, халық болып, қоғам болып үнімізді қосайық, шындыққа тура қарайық, дінімізде солай деген деп айтар болса, міне нағыз шынайы дін сол болар еді. Олай айту олардың азаматтық ұстанымы мен конституциялық құқы да болар еді. Дін негізінен о бастан ізгілікке, әділеттілікке, шындыққа, адамгершілікке, тарихыңды білуге, кішіпейіл болуға, ізетті болуға шақыратын еді. Мұның негізінде отаныңды қорғау жатыр. Осы айтылған қасиеттер бойынан табылған кез келген адам отанын қорғауға дайын тұрады. Иман деген осы, молдеке!

Дін жайында тарап жатқан видеолардағы ғұламасымақтардың айтқандарына құлақ түрсең, тозақпен қорқытудан басқа ештеңе қалмай барады. Елдің санасын зомбилап, араптан басқаны айтпай, талай сорақыны төгіп жатыр. Кешегі бабабардың дін жайында айтқандарына құлақ түрсең, сонау бір замандарда пайғамбар солай депті, әулиелер бұлай депті деп басталып, тек ғана адамдықты насихаттап, тарихың мен шежіреңді біл, отаныңды қорға, иманды бол, таза бол дейді. Мен көнекөз қариялардан кіп-кішкентай бала кезімде осыларды өздерінің қолынан жілік мүжіп отырып, қолдарына су құйып жүріп тыңдадым. Олар маған бата беретін еді. Маған ол қариялар шежіремді, жеті атамның кім екенін үйретіп кетті. Дін деген осы, молдеке.

Дін дәстүрмен байланысса ғана құндылыққа айналады, молдеке… Дін иман мен ізгілікті, отанды сүюді үйрететін еді. Қазіргілердің айтқандарына қарасаң тозақпен қортытудан басқа ештеңе қалмай барады. Сонда біз ұлтымызды сақтамасақ, ұлттығымызды қорғамасақ, ұлттық құндылықтарымызды жаратпасақ, онда қазақ болып не үшін келдік мынау өмірге? Тек тозақтан қорқып, бұғып отыру үшін келдік пе? Мешіттерде отырған жамағат өзіміздің ұлтымыздың тарихынан махрұм болса да, араптың тарихын жаттап алған. Молдалардың өздері айтады, «Отанды сүю – иманнан!» – дейді. Енді отанды сүю иманнан болса, онда олар неге сол отанының тарихын мешіттерде айтуға беті бармайды. Әлде оларға жат, өзге ағым ба біздің тарихымыз…

Өзінің тарихын ұмытып, бір шеттегі араптың кім екенінің бізге не керегі бар? Бұл да – сатқындықтың бір түрі. Мешіттерде Абылайлар, Қабанбайлар, Бөгенбейлар, Наурызбайлар неге айтылмайды? Оның есесіне араптың батырлары – Сағи ибн Абу Уаққастар, Омарлар, Оспандар айтылып жатыр.

Өткенде мешітте бір неке қиюға куә болдым. Соңында молда екі жұпқа қарата араптың біреулерінің жасы мен жолын, махаббатын берсін деп отыр. Сонда бізде, біздің ұзын-сонар тарихымызда үлгі тұтарлық, сол керемет қазақ тұлғаларының жолын, махаббатын берсін деп айтарлық ешбір тұлға қалмады ма? Намысыңыз келмей ме осыған? Жолда да кейбір жастардың араптың адамдарын өздеріне кумир жасап алып, айтып жүретіндерін көргенде жерге кіріп кете жаздайсың. Ойланбайсыздар ма? Молдалар араптарға емес, қазақтарға айтып жатыр ғой мешіттердегі уағыздарын. Неге олар қазақтың батырларын айтпайды? Неге олар арабтың батырларын айтады? Қазақтың батырларын айту иман мен ізгілікке жатпайды ма?

Отанды сүю иманнан болса, оның тарихын, ұлтының батырларының ерлігін сүю де иманнан емес пе? Неге біздің мешітке баратын дінді ұстанатын жастар өзіміздің тарихымыздан жұрдай болса да, араптың батырлары мен тарихын жақсы біліп алған? Бір-біріне қарсы дүние. Арапшылдықтан алыстап, қазақшылдыққа оралмасақ болмайды. Біз қазақшыл, ұлтшыл болмасақ жеңіліске ұшыраймыз.

Алдын ала айтайын, мен де жұма намазына қатысамын, мен де Құран оқимын. Бірақ мен Қазақпын! Мен Исламға, Құранға, Пайғамбарға тіл тигізіп отырған жоқпын. Мен өзгелердің діни сеніміне қол сұқпаймын. Мешіттердегі арапшылдықтың асқынып бара жатқанына, қазақтың болмысын жалмап бара жатқанына алаңдап отырмын.

Бекболат Қаржан

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: