Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру

20.07.2020, 18:15 679

HALYQLINE.KZ Қазақ тілі – өте бай, құнарлы тіл. Соны сақтау, қастерлеу өзімізге сын. Қазір мемлекеттік тілдің жағдайы жақсара бастағанын айтқан жөн. Соттар да біртіндеп мемлекеттік тілге көшіп жатыр. Мемлекет те ана тілімізге ақырындап ден қойып келеді. Әрине, бұл – дұрыс саясат. Өйткені, бәрін бір күнде аяқ астынан қазақшаға көшіру күткен нәтижені бермейді. Қазір тілге құрмет артып, тіпті, еліміздегі өзге ұлт өкілдері де қазақ тілін үйренуге ден қоюда. Бұл арада бастысы халықтың өзінде қажеттілік, сұраныс болуы тиіс.

Мемлекеттік тілдің күнделікті өмірдегі орны мен қолданылуы туралы аз айтылып та, аз жазылып та жатқан жоқ. Алайда еліміздегі тілдік идеология, тілдік саясат орыс тіліне, орыс тілділердің сұранысын қанағаттандыруға ғана басымдық беруде. Солардың көңілін аулап, бабын тапсақ, елде сыйластық пен келісім орнайды деген қағида үстем болып келеді. Мемлекеттік тілді меңгеруге байланысты қазақстандық қоғам бүгінгі күні тілдік принцип бойынша қазақ тілді және орыс тілді болып екіге бөлінуде. Мемлекеттік тілдің өз мәртебесіне лайықты болмауының бір себебі – қазақ халқы тұрғындардың 70 пайызына жуығын құраса да, қазақ тілінде «ана тілі» ретінде сөйлейтін қазақтардың санының төмен болып қала беруінде.

Сондықтан, бүгінгі күні тіл саясатын асқан көрегендікпен жүргізу – мемлекетіміздің қалыптасуын және оның қауіпсіздігін жүйелі түрде жүргізудің басты шарты. Тіл саясатын жүргізу дегеніміз – мемлекетке атау берген, сол елдің көпшілігін құрайтын ұлттың мүддесін қорғау, саны басым ұлтпен санасу. Мемлекеттегі ресми шаралар, ұлтаралық және қоғамдық қарым-қатынастың барлық аясындағы кездесулер тек қана мемлекеттік тілде кедергісіз өткізілуі тиісті. Мемлекеттік тілдің ресми функциясы сол тілдің өзінде болуы тиіс. Ұлтаралық қарым-қатынас тілі де тек мемлекеттік тіл болғаны жөн. Сонда ғана «Тіл туралы» заңда көрсетілген «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы» болып табылатын мемлекеттік тілді меңгерудің сұранысына, мемлекеттік тілді білу қажеттілігіне, тілдік орта қалыптастырудың алғышарттарына қол жеткізетін боламыз.

Мемлекеттік тіл – ерекше рухани құндылық. Қазіргі қолданыстағы Қылмыстық іс жүргiзу кодексінің 30-бабына, Азаматтық іс жүргiзу кодексінің 14-бабына сәйкес «Қазақстан Республикасында қылмыстық және азаматтық сот ici мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi. Ал қажет болған жағдайда сот iсiнде мемлекеттік тiлмен қатар орыс тiлі және басқа тiлдер қолданылады» делінген.

ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2025 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс» деп нақты атап көрсетті. Демек, мемлекеттік тілді дамытудың жолын көрсетті. Елбасының осы тапсырмасын орындалу барысында және қазір елімізде демографиялық жағдайымыз түзеліп, мемлекетті құраушы ұлттың саны 70 пайызға көтерілгенін, мемлекеттік тілдің қолдану аясы күннен-күнге кеңейіп, мәртебесі көтеріліп, толыққанды тілге айнала бастағаны иісі қазақ ағайындардың көңіліне қуаныш ұялатары сөзсіз!

Руслан АЛИБЕКОВ,

Қызылорда қалалық сотының бас маманы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: