Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Масс медиа туралы» заң жобасында не жоқ?

05.10.2023, 16:05 579

HALYQLINE.KZ

Жуырда Астанада «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры «Қазақстанның медиа кеңістігін құқықтық реттеуді реформалау: ашықтық, тиімділік және ақпараттық қауіпсіздік» атты дөңгелек үстел өткізді. Жиынға қатысқан медиасарапшылар, журналистер Мәжілісте талқыланып жатқан «Масс медиа туралы» заң жобасындағы кемшіліктерді ашық, батыл сынады. Медиазаңнама бойынша тәжірибесі мол халықаралық ұйымдардың мамандары заң жобасында жоқ медиа нарықтың ашықтығы, мемлекеттік БАҚ-тарды бюджеттен қаржыландыру, журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты ең өзекті мәселелерді көтеріп, жиналған қауымның әділ талқысына шығарды.

Сонымен, «Масс медиа туралы» заң жобасында не жоқ?

Бюджет  ақшасын  бөлудегі  былық-шылық

Медиазаңнама жөніндегі аймақтық сарапшы, Internews-тің заңгері Ольга Диденко медиа нарықтың ашықтығы мен БАҚ-тарды бюджеттен қаржыландыруға қатысты терең талдау жасады. Ол Заң жобасында еліміздегі мемлекеттік БАҚ-тарға анықтама беретін бап не ереже жоқтығын айтады. «Мысалы, телеарнаның не газеттің мемлекеттік ақпарат құралы екенін кім, қалай анықтайтыны, оның қандай формада болатыны, кім және қалай қаржыландыратыны туралы заң жобасында бірде-бір сөйлем жазылмаған. Мемлекеттік БАҚ-тардың бюджеттен қаржыландырылуы қандай формада жүзеге асырылады? Егер шығындардың 100 пайызы мемлекеттік тапсырма есебінен жабылатын болса, мемлекеттік БАҚ-тар не себептен тағы мемлекеттік тапсырыс аясында ақша алады? Олардың мемлекеттен ақша ала отырып жарнамалық нарыққа қатысуы әділеттілікке жата ма?» деді О.Диденко.

Сарапшының пайымдауынша, заң жобасындағы ақпарат құралдарының жарғылық капиталының 50 пайыздан астамы мемлекетке тиесілі болса, ол мемлекеттік БАҚ болып саналады делінген норманың өзі қате жазылған. Өйткені жарғылық капиталының 51 пайызы мемлекетке, ал қалған 49 пайызы кәсіпкерге тиесілі болса, мемлекеттің қаражаты негізінде қәсіпкердің баюына қолайлы жағдай туғызамыз. Яғни, заң жобасында «мемлекеттік БАҚ» және «мемлекеттік емес БАҚ» деген нақты анықтама болуы тиіс.

Заң жобасына енгізілуі тиіс ереженің бірі – БАҚ-тарға бюджеттен қаражат алуы үшін қойылатын талаптар. «Мұндай ереже заңдық акті емес, заңнамалық деңгейде қабылданғаны жөн. Заңнамалық деңгейде реттеу болмаған жағдайда, ақша желге ұшып, заңбұзушылық іс-әрекеттер көбейеді, сыбайлас жемқорлыққа жол ашылады. Мәселен, медианы қолдауға бөлінетін қаржы қандай мақсатқа жұмсалады: әкімдердің жарнамасын жасауға ма, әлде, мәдениет, білім беру саласындағы жобаларды жүзеге асыруға ма? Сондай-ақ, бюджет ақшасын алу және жұмсау үдерісін кім бақылайды? Медианарыққа бөлінген бюджет қаражатын жұмсауға парламенттік бақылау орнатылу керек пе? Бюджеттен қаржыландыруда қандай басымдықтар болуы керек: медианы және мемлекеттік тілдегі контентті қолдау ма, ретрансляция жасау үшін шетелдік контентті сатып алу ма? Міне, осындай ережелер заңда тайға таңба басқандай етіп жазылуы тиіс» деді медиазаңнама жөніндегі аймақтық сарапшы.

Ол Қазақстанда ресми түрде тіркелген БАҚ-тың 20 пайызы – мемлекеттік, қалған 80 пайызы жекеменшік екеніне қарамастан бюджет қаражаты әділ бөлінбейтініне нақты мысалдар келтірді. Мәселен, 2019-2021 жылдары мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыруға ел бюджетінен 140 млрд 478,4 млн теңге бөлінген. Осы соманың 80 пайызын екі мемлекеттік телеарна («Қазақстан» телеарнасы, «Хабар» телеарнасы) мен бір ұлттық телеоператор («Қазтелерадио» АҚ) алған. 2019-2021 жылдары мемлекеттік тапсырысқа бюджеттен 13 млрд 200,7 млн теңге бөлінген. Бұл қаржының да 80 пайызға жуығын екі мемлекеттік телеарна («Қазақстан» АҚ – 69072,0 млн теңге (42,64 пайызы), «Хабар» АҚ – 51 173,5 млн теңге (31,4 пайызы) мен цифрлық хабар тарататын оператор («Қазтелерадио» АҚ – 9 059,5 млн теңге (5,6 пайызы) алған.

«Бюджеттен ақша алатын мемлекеттік БАҚ-тар коммерциялық жарнамадан да табыс табады. Алайда, 2019-2021 жылдары барлық телекомпаниялар рейтингінде «Хабар» 10-орында тұр, «Қазақстан» 8-орыннан 4-орынға жылжыпты. «Қазақстан» контентінің басым көпшілігін шетелдік телеөнімдер құрайды, телеарнаның өз контентінің үлесі 2018 жылы 50,73 пайыз болса, 2020 жылы 38,27 пайызға дейін кеміген. Керісінше шетелдің дайын өнімдерінің үлесі 2018 жылы 14,77 пайыздан 2020 жылы 34,3 пайызға өскен. 2022 жылы Есеп комитетінің мәліметі бойынша, бюджет қаражатын игеруде көптеген заңбұзушылық болған» деді О.Диденко.

Internews-тің заңгері Ольга Диденко назар аударған тағы бір мәселе – заң жобасының 50-бабында спутниктік байланыс операторларына бюджеттен қайтарымсыз ақша бөлу туралы айтылған. «Бұл жерде қандай мәселе бар? Біріншіден, «сұр» тарелкаларға қарсы жүргізіліп жатқан күрес ешқандай нәтиже берген жоқ. Олардың жұмысын шектеу мүмкін болмай отыр. Қазақстан цифрлық хабар таратуға көшкенімен, әсіресе өңірлердегі телерадиокомпаниялар тиісті деңгейде дамымады. Заң жобасында «Қазтелерадио» АҚ сияқты бюджеттен онсыз да ақша алатын ұйымдарға қайтарымсыз қаржы бөлу ұсынылған. Ал спутниктік операторлар – бағдарлама пакеттерін сатып, қыруар табысқа кенеліп отырған коммерциялық ұйымдар. Олардың шығындарына бюджет есебінен жәрдемақша бөлудің қандай қисыны бар?» деген сауал қойды жиналғандарға сарапшы.  

Сонымен қатар, медиасарапшы «Масс медиа туралы» заң жобасында жарнаманы және ақылы контентті таңбалау туралы ешқандай бап не ереже жоқтығын сынға алды. «Биыл жазда қабылданған «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама жөніндегі» заң тек онлайн-жарнаманы таңбалауды қарастырады. Бұл жерде қандай өзекті мәселе бар? Барлық БАҚ-тар өз контентін тарату үшін әртүрлі арналарды – телеарна, радио, сыртқы жарнама және т.б. пайдаланады. Дұрыс қадамның бірі – БАҚ-тардағы барлық жарнамаға және ақылы контентке таңба қою. Яғни, оқырман не көрермен ақылы материал мен редакцияның өз өнімін айыра білуі тиіс. Өйткені, қазір жарнамалық материалдар редакциялық контент не жаңалық түрінде шығатын жағдайлар өте көп. Бұл оқырманды адастырады және БАҚ-тарға деген сенім деңгейін төмендетеді» деп түсіндірді О.Диденко.

Құқықтық медиа-орталықтың директоры Диана Окремова «Бюджеттік қаржыландыру және медиа нарықтың ашықтығы» деген тақырыпта сөз қозғап, медиа саласына бөлінген бюджет ақшасының тиімсіз жұмсалып жатқанына нақты мысалдар келтірді. Ол интернет ресурстардың 2023 жылдың үшінші кезеңіне арналған мемлекеттік ақпараттық саясаттың тақырыптары туралы сөз қозғады. Таңғаларлығы, тізімдегі басымдық берілген 13 тақырыптің бірі ретінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметін көрсету деп белгіленген. «Бұл кімнің шалағай шешімі? Тұңғыш Президент өзін кәдімгі зейнеткермін деп бірнеше рет мәлімдеді. Неге біз бюджеттің ақшасын зейнеткердің қызметін насихатттауға бөліп отырмыз? Мұндай тақырыптық бағыттарды кім белгілейді? Осындай шикі-шала шешімдер жемқорлықтың белең алуына жол ашып береді. Қазақстанда онсыз да бюджет қаражатын бөлу мен жұмсау жүйесінің жұмысы жабық, бұлыңғыр. Оған дәлел болатыны, Есеп комитетінің мынадай шешімі: «Бұл саладағы зерттеулер көрсеткендей, жыл сайын қайталана беретін жүйесіз проблемалар жағдайды жақсартуға бағытталған нақты іс-шаралардың жоқтығын әшкерелеп тұр» деді Д.Окремова.

Ол сондай-ақ, заң жобасындағы әлеуметтік дотация тақырыбына қатысты да өз ой-пікірін ашық айтты. «Біз бюджеттің қыруар ақшасын мемлекеттік тапсырысқа жұмсаймыз. Онда неге өңірлердегі қарапайым журналистердің жалақысын өсірмейміз? Қазір ол жаққа бөлінген ақшаның 80 пайызы жергілікті жерлердегі мемлекеттік холдингтердің директорының, орынбасарларының еңбекақысына кетеді. Мұны өңірлердегі журналистермен тілдескенде үнемі естіп-біліп жүрміз. Ал жағдайды өзгертеміз десек, осы ережені мына заң жобасына енгізейік» деп түсіндірді Құқықтық медиа-орталықтың директоры.

Сарапшы медиа саласында алдыңғы рейтингтерден түспейтін Скандинавия елдерінде бюджеттің ақшасы пікір алуандығын ынталандыруға, сапалы контентті ұлғайтуға, жаңалықтарға деген қолжетімділікті арттыруға жұмсаса, Қазақстан әлі күнге дейін министрлер мен әкімдердің, шенеуніктердің жеке басын, жұмысын насихаттауға жұмсалып жатқанына қынжылды. «Финляндия, Швеция, Нидерланды, Канада сияқты елдер ақшаны жаңа БАҚ-тың құрылуына, әлсіз БАҚ-тарды жан-жақты қолдауға бөледі, ал бізде бәрі керісінше, қарапайым салық төлеушідердің ақшасы үш көзден қаржы алатын алпауыт мемлекеттік БАҚ-тарды қолдауға кетеді. Заң жобасында жоқ баптар осы. Бүкіл әлемде медиа нарық бәсекеге қабілетті болуын бірінші орынға қояды» деп түйіндеді сөзін сарапшы.

Журналистердің  өмірі  заңмен  қорғалуы  тиіс

Дөңгелек үстелде заң жобасындағы өзге де түйткілдер ашық талқыға түсті. Солардың бірі – журналистердің қауіпсіздігі. Журналистің заңды жұмысын атқаруға ешкім кедергі келтіруге, соның ішінде күш қолдануға құқығы жоқ. Мұндай әрекетке Қылмыстық кодекстің 158-бабының 2-тармағында екі жыл бас бостандығынан айыру, белгілі бір қызметті атқарудан 3 жылға шектеу жазасы қарастырылған. Алайда бұл бап Қазақстанда орындалмайды. Сарапшылар «журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіргендер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек» деген ұсыныс айтты.

Журналистерге қоқан-лоққы көрсету, шабуыл жасау фактілерін тергеу кезінде жеделдік, ашықтық, әкімшілік және қылмыстық тергеу нәтижелерінің қоғамға қолжетімділігі бірінші орынға қойылуы тиіс. Әлемде 60-қа жуық мемлекет журналистердің қауіпсіздігі туралы міндеттемелерге қол қойған (бұл – жиында сөйлеген Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Нико Схермерстің айтқаны). Қазақстан да осындай халықаралық міндеттемелерге қосылуы қажет.

Заң жобасын әзірлеу кезінде Мәдениет және ақпарат министрлігі Еуропа елдерінің озық тәжірибесін, ЕҚҰЫ және БҰҰ стратегиялық құжаттарын егжей-тегжейлі қарап, жаңа ұсыныстар енгізген. Ал дөңгелек үстелге қатысқан ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесінің басшысы, доктор Фолькер Фробарт Қазақстандағы «Масс медиа туралы» заң жобасы бойынша ЕҚЫҰ елдерінің ұстанымы, көзқарасы, сын-пікірлері ашық келтірілген құжат қазан айында Сыртқы істер министрлігіне, Парламентке жіберілетінін мәлімдеді.

Журналистер қоғамға жедел, шынайы, ашық ақпарат таратуда ең қастерлі миссияны атқарады. Ал заң жобасындағы «Төтенше жағдай кезінде журналистер ақпарат тарату үшін құзырлы органнан рұқсат сұрап, өзінің алған ақпаратын сол орган растағаннан кейін ғана тарата алады» деген ұсынысқа журналистер де, құқық қорғаушылар да, медиа сарапшылар да қарсылық білдіруде. «Нағыз цензура деген – осы» дейді олар.

Баспасөз  картасын  енгізу  қажет  пе?

Заң жобасындағы баспасөз картасын енгізу деген ұсынысқа қазақстандық журналистердің өзі қарсылық білдіріп, уәждерін айтты. Жобада баспасөз картасы бар журналист жеңілдетілген тәртіппен құзырлы органдарда тіркеуден өтеді, картаны алу үшін кем дегенде 3 жыл еңбек өтілі болуы тиістігі жазылған. «Баспасөз картасы дегенде Түркияны жиі мысалға алады. Бұл ел сөз бостандығы, интернетте ақпаратқа қол жеткізу рейтингтерінде артқа кетті. Мысалы, еркін баспасөз рейтингінде Қазақстаннан 10-15 саты кейін тұрған елден үлгі алатындай басымызға не күн туды?» (Думан Смақов, «Фактчекинг» сайтының редакторы) деді сарапшылар. «Баспасөз картасымен журналистер музейлерге, концерттерге тегін кіреді дейді. Бұл – біздің намысымызға тиетін, қорлайтын нәрсе. Музейге кіру құны – 200 теңге. Одан да заң жобасында журналистердің еңбекақысын тиісті деңгейге көтеру туралы жазайық» (Жұлдыз Әбділда, журналист) деді әріптестеріміз. Баспасөз картасы тіркеу тәртібін жеңілдетеді деген министрліктің ұсынысына: «Біз әрбір оқиғаны түсіруге әртүрлі техникамен барамыз. Ол жерде бәрі өзгеріп отырады. Баспасөз картасы тіркеуді жеңілдетеді деген нәрсе ақылға сыймайды» (Евгения Бодрова, журналист) деп үн қатты тағы бір әріптесіміз.

Қазақстан «Шекарасыз репортерлар» халықаралық ұйымының жыл сайынғы еркін баспасөз рейтингінде 180 елдің ішінен 134-орында тұр. Өткен жылмен салыстырғанда 12 сатыға төмендедік, 2022 жылы еліміз 122-орында тұрғанбыз.  

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Фото: disk.yandex.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: