Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Маймыл мен тотықұс немесе «елді түземес бұрын, өзіңді түзе»

10.05.2021, 11:00 593

HALYQLINE.KZ

Баяғыда Африка құрлығында маймылдар құйрығында жарық жанатын қоңызды ұстап алып, ол жарықтан от шығарамыз деп әуреленіпті.

Оны көрген тотықұс мырс күліп, талдың басында тұрып ап:

– Әй, маймылдар сендердің естерің дұрыс па, одан от шықпайды, ол жай ғана шіркей ғой. От тас пен тасты ұрғанда шығады, – деп ақыл айтыпты.

Маймылдар тотықұсты тыңдамай, қоңызды одан ары қинапты.

Болмағасын, тотықұс талдан сәл төмен түсіп, тағы айтыпты. Маймылдар сонда да мән бермейді екен.

Тотықұс қоймай қастарына ұшып келіп, «әй, маймылдар» дей бергенде басынан ұрып, өлтіріп қойыпты.

Осы тәмсіл кезінде маған таптырмас ақыл боп еді. Алғаш дінмен таныс болғанымда айналамдағы елдің бәрі адасқан, қателесуші, тура жолдан тайған боп көрінген.

Менің мақсатым сол – адасқандарды тура жолға салу болып көрінген болатын.

Кейін уақыт өте мұның бәрі жайында қалды. Өзім босқа әуреге түстім. Ешкім тыңдаған жоқ, қызықпады да, керісінше мазақ қылды.

Сол кезде, мына жұрт қайда барады, адасып, құритын болды ғой деген уайымға түстім. Сөйтсем бар гәп өзімде екен ғой.

Оны кейін, логотерапиямен таныс болғанымда анық түсіндім.

Жалпы, мұндай кезең әр адам басында өтеді екен. Қауіптісі – сол кезеңде қалып қоймау керек.

Логотерапия бойынша, адам жаман, қате, дұрыс емес нәрсені жоқ қылумен күреспейді, керісінше мәнді, мағыналы, өнегелі өмір сүру үшін күреседі екен.

Егер, мәнді мағыналы өмір сүре алсаң, жаңағы адасушылар сенің өміріңе қызығып, өздері айналаңа жамырап жиналады.

Қасыңа адам қаншалықты көп жиналса, сонша жамандық атаулы жойыла береді.

Психологтардың да принципі сондай.

Адам, өзі жаздым-жаңылдым, адастым, маған тура жол көрсет, көмектес деп келмейінше «қиналдың ғой, маған келсеңші, консультация берейін» деп бір сөз айтуға болмайды.

Былайша айтқанда жаны ашымайтын безбүйректің кейпінде болу керек.

Сенің беретін бар көмегің – өзің үлгі болатындай өнегелі өмір сүру. Одан басқа жол жоқ.

Ал, егер елді тура жолға саламын деп, мені тыңдаңдар, сендер қателесіп жатсыңдар дейтін болсаң, тотықұстың күйін кешесің.

Яғни, өмірің құр босқа зая өтеді де, кетеді.

«Елді түземес бұрын, өзіңді түзе» деген рас екен ғой.

Амангелді  МЕЙРАМБЕКҰЛЫ,

психолог,

Алматы қаласы

Суретте: А.Мейрамбекұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: