Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қазақконцерт» Сыр еліне гастрольдік сапармен келді

14.11.2023, 9:50 161

HALYQLINE.KZ

Алпыс жылдық тарихы бар «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы кеше Сыр еліне табан тіреді. Қазақ мәдениетінде тарихы алтын әріппен жазылған «Қазақконцерттің» шығармашылық кеші Қызылорда облысының 85 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай, өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында «Қазақконцерттің» өнерпаздары БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

– Біз өткен жылдан бастап «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» деген жобаны қолға алдық. Жобаның басты мақсаты шет аймақтағы елді мекендер мен моно қалалардағы өнер сүйер қауымға өзіміздің шығармашылық кешімізді өткізу болып табылады. Осы жоба аясында Ұлытау, Жетісу, Абай облыстарында шығармащылық кешімізді өткіздік. Бүгін қасиетті Сыр еліне келіп, «Қазақконцерттің» өнерін сағынған халықты өз әндерімізбен сусындатпақпыз. Концерт әрі қарай Байқоңыр қаласында жалғаспақ, – деді «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының ресми өкілі Ержан Алданазаров.

– Қазақ өнерінің қара шаңырағы Сыр өңіріне гастрольдік сапармен келіп қалдық. Туған жерімде ән шырқаған кезде ерекше бақытқа бөленемін. Жалпы, бұл концерттік ұйымда жан-жақты жанрды қамтыған өнерпаздар бар. Сол себепті кеш қызықты өтеді деп сенемін, – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының» солисі Жеңіс Ысқақова.

– «Қазақконцерт» өнер ордасының тарихы Ш.Жиенқұлова, М.Ержанов, Ж.Омарова, Н.Тапалова, Р.Бағланова, М.Хамзин сынды қазақ музыка мәдениетінің негізін қалаған ірі тұлғалардың есімінен бастау алды. Кейін олардың қатарын Е.Рахмадиев, С.Тыныштығұлова, Ә.Есқалиев, С.Шүкіров, Г.Талпақова секілді көрнекті өнерпаздармен толықты. Сыр сахнасындағы шығармашылық кештің куәсі болуға баршаңызды шақырамыз, – деді «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының Алматы қаласындағы филиалының директоры Ғазиза Ғабдрахимова.

Айта кетейік, кеше Н.Бекежанов атындағы драма театрында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Қазақконцерт Сыр елінде» атты мерекелік концерті өтті. Кеште ұйымның Алматы қаласындағы филиалының әртістері Сыр халқына ән-шашуын арнады.

Мерекелік концерт бүгін, яғни 14 қараша күні сағат 19:00-де Байқоңыр қаласында жалғасын таппақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: