Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

КОРОНАВИРУС: Қазақстан қауқарлы ма?

05.03.2020, 12:13 448 0

Бүгінге дейін 90 мыңға жуық адамға жұғып, 3000-дай адамның өмірін жалмаған кеселге кесе-көлденең тұруға қазақ елі қауқарлы  ма?  «Жамбыл облысына Оңтүстік  Кореядан  150 адам келіп, коронавирус инфекциясын жұқтырғандар бар екен» деген ақпарат абыржулы елдің одан сайын үрей-құтын қашырды. Артынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. «Коронавирус тіркелген жағдайда бізде  «Б» нұсқасы бар» деп  мәлімдеме  жасап  отыр.  «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деуші еді. Егер бізде «тәжтажал» тіркелген болса, билік оны елден несіне жасырады?

Біртановтың аузынан шыққан әр сөзге ел де елеңдеп отыр. Фейсбук әлеуметтік желісінде бас дәрігер жағдайды жіті қадағала­п отырғандығын жеткізіпті. Қазіргі ақпаратына сүйенсек, елдегі жағдай бірқалыпты. Қорқып-үркитін ештеңе жоқ екен. ҚХР-мен шекаралас мемлекеттерден келген азамат­тарға мониторинг жалғасуда. Мәселен, 2020 жылғы  6 қаңтардан 28 ақпанға дейін елімізге 30 мыңнан аса адам келген. Халықа­ралық әуежайлар мен теміржол вокзалдарында Қытаймен шекаралас мемлекеттер арқылы өткізу пункт­терінде 32456 адам тексерілген. Нәтижесінде температурасы мен ЖРВИ белгілерімен 186 адам емдеуге жатқызылыпты.

– Сырқаттардан алынған сынамалар Ресей, Қытай және отандық өндірістің тест-жүйелерімен зерттелді. Барлық тестте­р Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен валидацияланды. Осылайша, қазіргі таңда барлығы 967 адам зертханалық тексеруден өтті. Оның ішінде 544 адам Қытай Халық Республикасы мен Жапониядан келген. 423 адам коронавирус күдігімен ауруханаға жатқызылған немесе науқастармен байланыста болған, – дейді Елжан Біртанов.

Қайсыбір күні «Қызылорда қаласында Ли Евгений есімді азамат коронавирус жұқтырыпты» дегенде, қызылордалықтар да шыбын жандарын шүберекке түйіп еді. Кейіннен бұл ақпарат­тың жалғандығы расталды. Енді бұл кеселді жұрт ауру ошақтарына барып жұқтырмаса, тосыннан түспейтіні анық. Билік сырттан келетін еңбек мигранттары мен қауіпті мемлекет­термен авиарейстерді шектейміз деп отыр. Бұдан бөлек, Үкімет басшысы Асқар Мамин елде аурудың алдын алу туралы ақпараттық-насихаттық жұмыстарын нығайтып, маскалардың санын ұлғайтуды тапсырды. Біздікілердің атышу­лы  ауруға қарсы шаралардан жасап жатқандарының алды – осы.

Дей тұрғанмен, сыртқы қатынастарды шектеу көптеген мемлекеттермен экономикалық қарым-қатынастардың әлсіреуіне әкеліп соғуда. Оның ішінде Қытаймен сауда қарым-қатынасы қазақстандықтар үшін әлдеқайда маңызды­ еді. Бүгінде Қытай экономкасы 1 пайызға құлдыраған дейді. Әлем нарығында Қытай үлесі 24 пайыз болса, бұл біздің елге де ықпал етпей тұрмайды. Үкімет басшысының орынбасары Ералы­ Тоғжанов «бәрінен де қауіпсіздік қымбат» деп мемлеке­тіміздің басты капиталының қамына алаң екендігін жасырмады.

Жуырда «Diamond Princess» жапон лайнерінде болған  4 қазақстандықтың да қазіргі жағдайы жақсы, алаңдауға негізі жоқ деген хабар тарады. Әрине, мұны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі  ресми түрде хабарлады. Жаман аурудың ошағына­ айналған Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтарды эвакуац­иялау жөнінде ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев:

– Иран мен Оңтүстік Корея бойынша: Иранда қазіргі таңда­ 170 азаматымыз бар. Эвакуация туралы әзірге мәселе жоқ. Дегенмен, біздің елшілік ондағы азаматтарымызбен тиісті жұмысты жүргізіп жатыр, – деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, Оңтүстік Кореяда жүрген 35 мыңға жуық қазақстандықтардың арасында коронавируспен ауырғандар анықталмаған. Ал әзірге елге тек өз еркімен қайтқысы келетін­дер ғана келуіне болады.

Вирусты жұқтырмаудың жолдарына енді намазды көпші­лік жиі жиналатын мешітте емес, далада оқу қажеттігі қосылып­ жатыр. Бұл туралы Үкіметбасының орынбасары Е.Тоғжанов айтты. Өйткені Оңтүстік Кореяда ауру діни орындарда да көп таралған дейді-міс. Бұдан бөлек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеселдің бой алуына байланысты 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне байланыс­ты салтанатты жиын мен мерекелік шараларды өткізуге тыйым­ салып отыр. Бір күндік шараны қысқартқаннан шығар­ нәтиже болса, жақсы. Майда-шүйде жоспарлар­ды қоспағанда биыл жыл көлемінде мемлекеттік деңгейде ұйымдасты­рылатын Ұлы Абайдың – 175, Әл-Фараб­идың 1150 жылдығына орай өтетін шаралар бар. Оны қайда  қоямыз?

ТҮЙІН. Технологиясы дамыған әлемнің алпауыт елдері­ атышулы аурумен арпалысып, жеңе алмай тұрған тұста Қазақстанда да қауқар бола қояр деп айту қиын. Құдай да «сақтансаң, сақтармын» деген. Әр нәрсенің алдын­ алып, дайын отырғанды тәуір көреміз. Гарвард университ­етінің эпидемиолог-ғалымы Марк Липсич жақын­ уақытта адамзаттың 70%-ы коронавирус жұқ­тыруы­ мүмкін дейді. Бұл – 5 млрд адам деген сөз. Қауіп пен  қорқынышты  сейілтетін шараларға билік мұрындық болып  жатқанға ұқсайды. Тәуекелдің қайығына мініп отырмыз,  бір  жөні  болар. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: