Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көктемгі дала жұмысына дайындық қалай?

24.02.2023, 11:00 169

Қыстың күні әлі аяқталмады. Бірақ, көктемнің лебі сезіліп, күн райы қалыпқа түсіп келеді. Қалай күн жыли бастаса, солай далалық жұмыстар басталатыны анық. Оған ауыл шаруалық құрылымдары да ерте қамданып, көктемгі егін жұмыстарына дайындыққа кіріседі. Жерден несібесін жинаған диқандар егістік жерлері мен су алқаптарын тазартып, жер өңдеу, оны тегістеуде атыздықтарда техникалар қызметін бастап-ақ кеткен. Былтырғыдай мол өнім алуға үмітті диқандар осылайша көктемгі егін егу жұмыстарын жүйелі жүзеге асырудың қамын жасауда. 

Биыл облыста алдыңғы жылмен салыстырғанда 7 мың гектарға артық дақыл егілу көзделуде. Бұл – биыл өңірде азық-түлік өнімдерінен тапшылық болмайды деген сөз. Яғни, егістік жер дайын болса, оған себетін тұқым да, механизаторлар да әзір. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қайратбек Әубәкірұлы баяндады. Сондай-ақ, азық-түлік қауіпсіздігін тұрақтандыру мақсатында жергілікті тұрғындарды өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар бақша өнімдерімен қамтамасыз ету үшін қосымша 3 мың гектар жер дайындау жұмыстары жүргізілуде.

– Биылғы жылы облыс бойынша 195,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарлануда. Оның ішінде дәндi дақылдар – 96,4 мың, майлы дақылдар – 5,7 мың, малазықтық дақылдар – 73,7 мың, қант қызылшасы 7 гектарды, картоп, көкөнiс, бақша 19,8 мың гектарды құрайды. Негізгі дақыл күрiштің көлемі – 83,9 мың гектар. Егіс көлемін өткен жылмен салыстырғанда 7 мың гектарға, малазықтық дақылдарды 2,3 мың гектарға, картоп, көкөніс, бақшаның көлемін 222 гектарға ұлғайту көзделуде. Көктемгі егін науқанына қажетті ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдары 100 пайызға толық қамтамасыз етілді, – деді Қайратбек Сәрсенбаев.

Бұдан бөлек, вегетация кезеңінде су лимиті белгіленгеннен кейін егістің көлемдері қайта нақтыланатын болады. Биыл су көлемінен мәселе туындамайтынын айтқан сала маманы барлық су қоймалары жеткілікті деңгейде толып тұрғанын жеткізді. Сонда да су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы 1,5 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу межеленуде екен. Сондай-ақ, шаруашылық науқанына байланысты барлық қажетті керек-жарақтар сақадай сай екені айтылды.

Шаруашылықтар минералдық тыңайтқыштарды жеткізуші мекемелермен  келісім шарт жасасып, 2023 жылдың егісіне қажетті 61,2 мың тонна минералдық тыңайтқыштардың 32,5 мың тоннасы сатып алынды. Көктемгі егіс егу және дала жұмыстарын жүргізуге барлығы 12,1 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Облысқа ақпан айына бөлінген 7,5 мың тонна дизель отынын жеткізу мақсатында, белгіленген операторлар тарапынан ресурс ұстаушы мекеме «PETROSUN» ЖШС-мен толық көлеміне келісім шарт жасалынып, оның 7,4 мың тоннасына қаржысы аударылды. Бүгінде көктемгі егін егу жұмыстарына қатысатын барлық 3979 бірлік ауыл шаруашылығы  техникалары дайын, – дейді Қ.Әубәкірұлы.

Ендігі егін жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп, уақытылы күтімге алынып отырса, жыл сайын жаңарып отырған рекордтық көрсеткіш одан сайын ұлғайып, биыл да жаңа өзгерістер енгізетініміз анық. Иә, қамбамыз алтын дәнге толып, мол өнім алынса, ел мерейі арта түспек. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: