Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кітапты ерте тапсырып, демалысқа ерте шығып кеткен мектептер жазаланады

25.05.2023, 10:51 300

HALYQLINE.KZ

Журналистер үкімет отырысынан кейін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтан оқу жылының ұзартылуы туралы пікірін сұрады. БАҚ өкілдерінің айтуынша, мамыр айында елдегі кей мектептерде сабақ дұрыс өткізілмейді, тіпті оқу жылы аяқталмай жатып, кітап өткізіп жатқан сыныптар бар.

«Алматы облысындағы мектепте мұғалім, директордың орынбасары, директор болып жұмыс істедім. Бұл мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Мұғалім жақсы оқытса, оқушылар оның артынан жүгіреді. Демалысқа шыққысы келмейтін балалар бар. Сонымен қатар білім беру стандарттары, заңнамалық нормалар бар. Әр мектеп стандартқа сай болуы керек. Бұған қаржылай заңбұзушылықтар кіреді, өйткені мұғалімдер жалақысын сағатына қарай алады. Стандарттар орындалмаса, түсіндіру шаралары қолға алынады», – деді министр.

Ғани Бейсембаев кітапты ерте тапсырып, демалысқа ерте шығып кеткен мектептер жазаланатынын жеткізді. Алайда бұл жағдайда қандай жаза көзделгенін ашып айтпады. 

Министр мектепте ақша жинау фактісі жөнінде де пікір білдірді.

– Мектептерде қажетсіз шараларға ақша жинауға шектеу қою туралы біздің министрліктің бұйрығы шыққан. Жеке өзім мектеп директоры болып істегенімде осы үрдісті тоқтатқанмын, одан еш проблема көрген жоқпын. Ата-аналар ренжіп, қаржы жинағысы келді, шектеу қойған соң мектеп ұжымы да, ата-аналар да көндікті, – деді министр Үкімет отырысынан кейінгі кулуарда.

Қазір осы бұйрыққа бағынбау фактілері анықталып жатыр. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен бірлесіп, тиісті шара қабылдауды бастаған.

– Бұл бағытта ең алдымен кез келген азамат ақша жинау фактісі туралы колл-орталыққа хабарлай алады. Әзірге 20 мектептен осындай шағым түсіп үлгерді. Екіншіден, бұйрыққа бағынбай, бұрынғы «дәстүрді» жалғастырған мектеп басшылығына агенттік тарапынан шара қолданылады. Яғни, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеу қарастырылып отыр, – деп түсіндірді Ғани Бейсембаев.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: