Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Интернет алаяқтық: Қаңтарда 1,8 мыңнан астам шағым түскен

10.03.2021, 8:50 602

Қазақстанда интернет-алаяқтық өршіді. Бұл туралы ішкі істер министрлігі мен бас прокуратура мәліметіне сүйенген жергілікті қаржылық басылымдар хабарлады.

Finprom сайтының жазуынша, биыл қаңтар айында елде алаяқтық бойынша 4 мың қылмыс тіркелген. Бұл былтырмен салыстырғанда шамамен 31 пайызға көп. 43 пайызы немесе 1,8 мыңнан астамын интернет-алаяқтықпен байланысты қылмыстар құрайды. Алаяқтықтың ең көбі елдегі ең ірі қалалар – Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында жасалған.

– 4 мың істің 400-дейі ашылды. Оларды ашудағы көбіне қиындық келтіретін нәрсе – олардың Қазақстан аумағынан тыс жасалатыны. Біз Интерпол арқылы өз сұрауларымызды бергенше көп жағдайда қылмыстың ізі суып кетіп жатады, – дейді ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз 9 наурызда Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, елде полицияның да, банк қызметкерінің де тұрғындардан пароль немесе басқа да жеке ақпараттарды талап етуіне құқығы жоқ.

Бұған дейін екінші деңгейдегі 11 банк интернет-алаяқтықтың өршігенін айтып, ескерту сипатындағы ортақ мәлімдеме таратқан. Олардың айтуынша, алаяқтар көбіне өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, клиент есепшотынан ақша ұрланғанын айтып, сақтандыру агентіне немесе «балама шотқа» ақша аударуды ұсынады. Пошта немесе мессенжер арқылы да қайырымдылық акциялары, ерекше қаржы қызметі, сыйлық ұтып алу сияқты түрлі шаралар туралы ақпарат жібереді.

Банктер ондай кезде телефон тұтқасын бірден қоя салуға кеңес береді және ешқашан жеке деректерді бермеуге шақырады.

Статистика бойынша, қаңтар айында аяқталған «алаяқтық істер» бойынша мемлекетке 1,8 млрд теңге көлемінде шығын келген. Одан жеке тұлғалар көбірек зардап шеккен (1,1 млрд теңге).

Дереккөзі: Азаттық радиосы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: