Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ХҚО мамандары 500-ге жуық азаматтың құжатын үйіне барып рәсімдеген

18.06.2020, 19:00 412

HALYQLINE.KZ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы көші-қон қызметі басқармасымен бірлесіп, құжаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарды құжаттандыру үшін арнайы тұрғылықты жері бойынша баратын мобильді топ жұмысы ұйымдастырылған. Бүгінгі таңда мамандар 490 азаматтың құжаттарын үйіне барып рәсімдеген.

«Бұл шараның негізгі мақсаты – халыққа қызмет көрсету орталығында азаматтардың орталыққа көптеп жиналуын болдырмау және зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау. Бүгінде жалпы 3 мыңнан астам азаматтардан электронды түрде өтініш келіп түскен. Арнайы мобильді топ үздіксіз құжаттандыру жұмыстарын жүргізуде» – деді филиал директоры Айдын Бөкенбайұлы.

Естеріңізге салайық, төтенше жағдай кезеңінде 9 мыңға жуық қызылордалықтардың жеке куәлік мерзімі өтіп кеткен. Осыған орай, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы көші-қон қызметі басқармасымен бірлесіп осындай игі бастаманы қолға алған болатын.

Осы ретте, бүгін ХҚО мамандары көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлерімен бірге Ұлы Отан соғысы ардагері Бөрібай Құлманов пен зейнеткерлерге дайын болған құжаттарын табыстады.

Ұлы Отан соғысы ардагері Бөрібай Құлмановтың айтуынша, мамандар осыдан 20 күн бұрын үйіне келіп, арнайы формулярмен құжаттарын рәсімдеген. Бүгінде 100 жасқа толуына орай жаңа жеке куәлігін алуда.

«Зейнеткерлерге қолайлы жағдай жасап, үйімізге келіп құжаттарымызды жасап беріп жатқан Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарына ерекше алғысымды білдіремін. Ел үшін жасап жатқан игі еңбектеріңе жеміс тілеймін» – деді, ақсақал.

Айта кету керек, жеке куәлік мерзімі өткен зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар 1414 байланыс орталығына хабарласып, электронды өтініш білдіруге болады. Өтініш түскеннен соң ХҚО мамандары үйлеріне барып, құжаттандыру жұмыстарын жүргізетін болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: