Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халықтың арам пиғылды лаңкестерді шақырмағаны айдан анық ақиқат

19.01.2022, 14:50 459

HALYQLINE.KZ

Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған азаттығы мен еркіндігіне қол жеткізген еліміз тәуелсіздіктің 30 жылдығын кеше ғана тойлап, қоғам дамуындағы жетістіктер мен табыстарын бір бағамдап алған еді.

Еліміздің бірнеше қалаларында болған қантөгіске апарған лаңкестік әрекеттер қоғамымызды дүр сілкіндірді. Бұл дүрбелең бүгінгі біздің қоғамымыздың панорамасын тағы бір қырынан көрсетіп берді.

Ежелден қазақ елі сансыз сұрапыл соғыстар мен небір зобалаң зұлматтарды басынан өткерген. Ал, қазіргі өмірде халықтың мүдде-талаптарына мүлдем кереғар сипаттағы мұндай қатыгез экстремистік шаралар елімізде алғашқы рет бой көрсетіп отыр.

Жаңаөзен қаласындағы мұнайшылардың үкіметке ұсынған әлеуметтік сипаттағы талаптарын орындату жолындағы шерулеріне қолдау көрсету мақсатындағы елдің басқа өңірлеріндегі жұртшылықтың бейбіт шерулері, осындай қарулы сойқандыққа ұласатынын ешкім де болжамағаны анық.

Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Тараз, т.б. қалалардағы халықтың әлеуметтік және саяси талаптарымен көшеге шыққан бейбіт шеруін азаматтардың конституциялық құқықтарының пайдалану көрінісі деп санауға болатын. Көп ұзамай бейбіт шерушілер қатарына бейбіт тұрғындар кейпіндегі, экстремистік шаралар жүргізуді мақсат еткен лаңкестердің қосыла кетуі жағдайды күрт шиеленістіріп жіберді. Халықтың өз қатарына арам пиғылды лаңкестерді шақырмағаны айдан анық ақиқат. Лаңкестердің құқық қорғау өкілдеріне қарсы қарулы қақтығыстар мен стратегиялық маңызды нысандарға шабуыл жасап, қирату, өрт қою секілді радикалдық бағыттағы өрескел қылмыстары қарапайым халық арасында алғашқы кезде түсінбестік туғызды. Құқық қорғау өкілдері мен бейбіт шерушілер арасындағы жазықсыз қаза тапқан құрбандардың пайда бола бастауы қоғам жұртшылығын әрі-сәрі күйге түсірді. Көпшілік жұрт бейбіт басталған шерудің қандай сипатқа айналғанын түсіне алмай қалды.

Әсіресе, Алматы қаласындағы лаңкестердің құқық қорғаушылар мен қарапайым халыққа жасаған қатыгез, озбыр қылмыстары, ашық түрдегі тонаушылық әрекеттері жан түршіктірді. Тонаушылық қылмыстарға бейбіт тұрғындардың да қатысып, пендешілік күнәға батқандары байқалып қалды. Мұндай лаңкестік топтардың радикалдық сипаттағы белсенділіктерінің кенеттен пайда болуы, жұртшылық арасында түрлі қауесеттер мен саяси сипаттағы сыбыстардың пайда болуын өршіте түсті.

Кейінгі күндердегі ашық ақпарат көздерінен лаңкестік топтардың алдын ала арнайы осы іс-шараларға дайындалғаны және жоспарлы түрде қоғамның саяси құрылымын шайқалтуды көздегені белгілі болды. Ізгілікті қарекеттерде түсінігі аз, қанды тәуекелге бас тіккен лаңкес топтардың бейбіт қоғамда аяқ астынан пайда болуы және бұларды құқық қорғау жүйелерінің осы күнге дейін білмей, көрмей қалуы көпшілікті қайран қалдырды.

Соңғы ақпараттардағы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдеуінше лаңкестік топтарды ұйымдастырушылар тобының мемлекеттік төңкеріс жасауға бағытталғаны белгілі болды.

Дегенмен, мұндай экстремистік пиғылдағы лаңкестік топтарды кімдердің ұйымдастырғаны және кімдердің мүддесі үшін ауыр қылмыстарға барған деген сұрақтар басы ашық күйінде қалып отыр. Сонда да болса, елдегі жағдайды өз қолына алып үлгерген Президент командасы алдағы уақытта қоғамға қарсы жасалған зор бүліншіліктің алғышарттары мен себептерін, осыған мүдделі топтардың мақсат-пиғылдарын анықтап береді деген сенімдеміз.

Қазіргі күні әлеуметтік-саяси талаптарын көтеріп, бейбіт шеруге шыққан халық өкілдерінің тілек-мүдделері аяққа басылғаны анық болды. Бұл, билік үшін өзара жауласқан жасырын топтардың мемлекеттің басты тірегі болып саналатын халықтың қамын ойламайтынын дәлелдеп берді. Сондықтан «Уақыт – төреші, халық – сарапшы» дегендей қоғамға қарсы бұл зобалаңның да себеп-салдары анықталып, халық өз бағасын берер күнге де жетерміз.

Түрлі деңгейдегі саяси процестердің әсерінен қоғамдық сананың уақыт өте келе өзгеріп отыратыны бұрыннан белгілі. Сондықтан, алдағы уақытта азаматтар қазақ қоғамына зор қауіп төндірген осындай өрескел қылмыстардан сабақ алып, саяси саналылыққа ұмтылу қажеттігін түсінетін болар деп санаймын.

Қоғамның тұрақтылығы мен бейбітшілігін сақтау үшін бәріміз азаматтық саналы белсенділік танытумен қатар, ел Президентінің жағдайды қалыпқа келтіру жолындағы батыл шешімдері мен бастамаларына қолдау көрсетуіміз қажет деп есептеймін.

Ербол  АБЕНОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті

«Философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер»

кафедрасының доценті, с.ғ.к.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: