Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ескі» полициямен «Жаңа Қазақстан» құру мүмкін емес

08.02.2022, 9:40 387

HALYQLINE.KZ

2020 жылы 25 мамырда АҚШ-та миннеаполистік бір полицей Джордж Флойд деген афроамерикалықты тізесімен асфальтқа езгілеп өлтіргенде бүкіл АҚШ-ты цунами сияқты наразылық толқыны шарпыған. Нәтижесінде бүкіл полицейлер тізерлеп тұрып халықтан кешірім сұраған (суретте).

Бізде Қазақстанда 2022 жылы Қаңтар дүрбелеңі кезінде «огонь на поражение!» бұйрығымен 227 адам оққа ұшады. «Қателесіппіз, кешірім сұраймыз!» деген ешкім жоқ. Қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасына 9 млн теңгеден өтемақы төленді. Ал жазықсыз оққа ұшқандардың отбасына көк тиын да жоқ. Кей дереккөздерінің хабарлауынша халыққа оқ ату жөніндегі бұйрық беруден бас тартқан Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал Жанат Сүлейменов өзіне-өзі қол салған. Полиция мундирінің абыройын сақтап қалған азғантай адамның бірі сол болса керек.

Бізде полиция жұмысын реформалау туралы айтылып жүргеніне бірнеше жыл болды. Полиция жұмысын бағалау өлшемдері өзгертіледі деп жар салынған. Полиция қызметкерлерінің саны қысқартылатын болған. Қоғамның сенім деңгейі мен халықтың қауіпсіздігін арттыру ең басты нысанаға алынатыны айтылған. Бірақ бәрі өтірік екен. Өкінішке қарай, Қазақстанның бүгінгі полициясы сонау отаршыл ақ патша заманынан, кешегі кеңестік кезеңнен үзбей жалғасып келе жатқан жазалаушылық функциясы тіпті өзгермегенін көрсетіп берді.

Енді ары қарай полиция қызметкерлерінің саны арттырылатыны, олардың жарақтануы күшейтілетіні мәлім болды. Қазақстан онсыз да полицейлік мемлекет еді, енді суперполицейлік мемлекетке қарай бағыт ұстанғанын көріп отырмыз.

Полиция қызметінің жазалаушылық сипаты Назарбаев режимі өмір сүріп тұрғанда халыққа қызмет ету функциясына алмаспайтынына көзіміз жетті. Полицияның қатыгездіктері, азаматтардың конституциялық құқықтарын аяққа таптауы, тергеу изоляторындағы азаптаулар билік қаншама жасырғысы келсе де әшкере болып жатыр. Халықты үнемі темір кісенмен ұстап тұруға болмайды.

Мұндай «ескі» полициямен «Жаңа Қазақстан» құру мүмкін емес.

Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев),

жазушы-публицист

facebook-тегі парақшасынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: