Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елімізге «Қасиеттер кодексі» керек!

07.09.2020, 9:10 701

HALYQLINE.KZ

Шошымаңыз, тура сұрақ сол. Бірақ, жауап беру тіптен қиын. Ұлтты қорлау – сол ұлттың Ұлы ұлдарын, ұстанған дәстүрін қорлау. Қызық мысал айтайын, Расул Ғамзатов деген Дағыстанның ақиық ақыны бірде АҚШ-қа жиынға қатысуға барады. Сонда бір қандасы ақынды іздеп кеп (АҚШ-та тұратын) біраз дидарласқан соң өзі салған картинаны Дағыстандағы кейуана шешесіне сыйға беріп жібереді. Р.Ғамзатов еліне келген соң әдейі қарияны іздеп барып суретті беріп, сәлемдемесін жеткізеді. Ой, құдірет-ай, қария суретке («Дағыстан аруы» деген картина) қарап тұрып: «Ол кісі сенімен қай тілде сөйлесті?» – деп сұрайды. Р.Ғамзатов екеуі ағылшын тілінде сөйлескенін жеткізгенде, картинаны ысыра сап: «Менің ұлым әлдеқашан өлген», – депті. Өз ұлын қай ана өлдіге қисын? Бірақ осы оқиға ұлдан ұлттың артық екенін аңғартып тұр емес пе? Ұлттың қасиеті – тілі, діні, ділі емес пе?

Ал бізде ше? Баз біреу домбыраны жын қуғандай билеп, жерге соғып быт-шытын шығарады. Ешкім ештеңе демейді. Қазақтың сәукелесін киіп тыржалаңаш бейнесін әлемге жолдайды басқа біреу. Ол да тып-тыныш өмір сүре береді. Енді кеп тағы біреу Абайды, Әлиханды, Ыбырай мен Ахметті, қазақтың қазақ болуына ғұмырын сарп еткен қасиеттілерді шетелдің не мәні, не мағынасы жоқ әніне билетіп, тик-ток түсіреді. Мұның бәрі қазаққа істелген қиянат емес пе? Біреудің қоршауына не үйіне баттастыра жазу қалдырып, болмаса сурет салып кетсең, олар сені міндетті сотқа сүйрейді. Болмаса бұ дүниеде жоқ атасын не әкесін келемеждеп дәл осылай видео түсірсең жазаланасың. Өйткені олардың ұрпағы мұндай базбұзарлық істетіп қоймайды. Ал қазақтың жыртығын кім жамайды? Кешеге дейін собет үкіметінде білім алғандар Ахметті, Әлиханды «халық жауы» деп оқып келді. Ел үшін өмірін қиғандар үшін қорлық еді, бұл. Қазақ тәуелсіздігін алған соң аруақтылар орнынан бір аунап түскендей еді. Тірісінде разылық көрмегендер, өлісінде де тыныш жата алмады-ау. Осындай нәрсені шешеннің біреуі істесінші. Күллі Шешенстан аяқтан тұрып, әлгі басбұзарды тірі қоймайды. Шешеннің жаман жолға түскен қызы туралы фильм түсірмек болған режиссердің жайы соған дәлел.

Әуелгі сұраққа келейік, қазақты әркім қашанғы қорлай бермек? Жалпы, елімізге «Қасиеттер кодексі» керек! Кімде-кім қазақтың қасиеттісін қор етеді, сол кодекске орай жазасын алады. Оның жазасы қандай болмақ? Айыппұл мен қоғамдық жұмыс деген керек емес. Абақтыға жабу қажеттісі. Қасиеттілерім, қоғамдық орында қоқыс тастағанға жаза берер заң болғанда, қасиетімізді «қоқыс оймен» ластағанды да жазалайтын заң керек! Сонда ғана қазақтың қасиеті төмен түспейді. ДӘЛ СОЛАЙ! Ал сіз қалай ойлайсыз?

Дастанбек  САДЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: