Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елде жаңғыртылған 70 теміржол вокзалы жолаушыларға есік ашты

04.08.2026, 9:30 55

Қазақстанда жаз басталғалы қайта жаңғыртудан өткен 70 теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Соның 40-ы шілде айында ашылды, деп хабарлайды halyqline.kz.

Жаңарту жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған 124 теміржол вокзалын қайта жаңғырту бағдарламасы аясында жүріп жатыр. Ірі өңірлік вокзалдармен қатар шағын станциялар да жөндеуден өткен.

Ауқымды жұмыс Ақмола облысында жүргізіліп, 12 вокзал жаңартылды. Қарағанды облысында 11 нысан жөнделді. Олардың қатарында жолаушылар платформалары мен Қарағанды-Сұрыптау станциясының инфрақұрылымы бар. Жаңғырту жұмыстары Қызылорда, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл, Жетісу және Ұлытау облыстарын да қамтыды.

Бірқатар станцияда ескі ғимараттар бұзылып, орнына жаңа жолаушылар кешендері салынды. Кей вокзалдардың аумағы кеңейтіліп, көтергіш құрылымдары күшейтілді. Жолаушылар платформалары мен аялдау павильондары жаңартылды.

Вокзалдардың шатыры мен қасбеті жөнделіп, су, жылу, электр, кәріз және байланыс жүйелері ауыстырылды. Ғимараттарға заманауи жиһаз, навигациялық жүйе, бейнебақылау камералары, металл іздегіштер, желдету және кондиционерлеу құрылғылары орнатылды.

Жолаушыларға қолайлы орта қалыптастыруға да басымдық берілген. Нысандар пандустармен, лифттермен, көтергіш құрылғылармен, тактильді бағыттағыштармен және арнайы санитарлық бөлмелермен жабдықталды.

Жаңартылған вокзалдар күн сайын ондаған мың жолаушыға қызмет көрсетеді. Олар ел өңірлері арасындағы қатынаспен бірге Қазақстанды Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен байланыстыратын бағыттардың жұмысын қамтамасыз етеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: