Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шындыққа айналған шыны зауыты

25.05.2023, 12:17 315

HALYQLINE.KZ

«Қызылордада Орта Азиядағы ірі шыны зауыттарының бірі бой көтереді» дегенде талайлар мысқылдап, сенімсіздік танытып еді. «Ертегі» шындыққа айналды.  «Orda Glass ltd» ЖШС-нің «Қуаттылығы жылына 197,1 мың тонна табақша шыны өндіру және өңдеу зауытының құрылысы» жобасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда. Бұл – республикадағы инновациялық зауыттардың бірі. Былтыр қазанда іске қосылған зауыт осы уақыт ішінде 32 мың тоннаға жуық республикадағы алғашқы инновациялық шыны өнімін шығарды.

Өткен жылы зауыт өнімі Шымкент, Алматы, Астана қалаларына сатылып, Өзбекстан Республикасына экспортталды. Биылғы 4 айда құны 6 млрд теңгені құрайтын 3,5 млн шаршы метр өнім шығарды және жыл соңына дейін 140 мың тонна өнім шығару жоспарлануда. Шыны өнімдері еліміздің барлық қалаларына жіберілуде. Одан бөлек  Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан Республикаларына экспортталуда. Бүгінгі күні өнім шығару үшін шикізат сырттан әкелінуде. Шыны зауыты жылына 36 мың тонна кальцийленген соданы Башқұртстан мен Өзбекстаннан тасымалдауда. Қытай, неміс және түрік компанияларымен 100 млрд теңге құрайтын 8 шағын ілеспе зауыттар құру бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Зауытта бас-аяғы 400-ге жуық жұмысшы бар. Оның жартысы – қазақ, жартысы – қытайлықтар. Орташа айлық жалақы – 400 мың теңге. Қытайлардың айлығы 900 мың теңгеден асады. Шетелдік мамандардың шыны өндіру саласында 10 жылдан аса тәжірибесінің және жоғары біліктілігінің болуына байланысты жоғары көлемде жалақы төленуде.

Келесі жылдан бастап энергия үнемдегіш шыны шығаруды қолға алмақ ниетіміз бар. Соған 15 млн доллар инвестиция тартамыз. Қазіргі уақытта жұмысшылардың, оның ішінде қытайлықтар мен қазақ жұмысшыларының айлық жалақыларында айырмашылық бар. Өйткені қытайлықтар өндірісті толық біледі. Алдағы уақытта қазақтардың да біліктілігін арттырып, қызметтегі дәрежелерін де өсіру ойда бар. Ең маңыздысы, біз қазір «жамбо» шынысын шығарып жатырмыз. Ұзындығы – 6 м, ені 3,2 метрге дейін жетеді. Ең үлкен шыны болып саналады. Бұл үлкен құрылыстардың сыртын қаптауға, хоккей алаңдарына пайдаланылады. Бағасы кәдімгі шыныға қарағанда арзандау болады, – деді зауыт басшысы  Хан Лицзюнь.

Зауыт жұмысы автоматтандырылған. Алдағы уақытта автомобиль айналары, шыны кәдесыйлар, шыны мақтасы, шыны ыдыстар өндірілмек.

Ә.НАЖМАДИНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: