Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қызылорда» автобус паркі»: онжылдық меже

03.08.2023, 15:50 141

HALYQLINE.KZ

Тамыз айының алғашқы жексенбісі көлік қызметкерлерінің төл мерекесі болса, Қызылорда қаласында жолаушылар тасымалымен айналысып келе жатқан «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС-нің құрылғанына 10 жыл толуда.

Осы орайда, бүгін қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС-нің директоры Мақсат Жүсіп онжылдық межеде серіктестікпен атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер туралы баяндады.

– 2023 жылы серіктестік жұмысына 10 жыл толуда. Онжылдық межеде серіктестікпен көптеген жұмыстар атқарылды. Айтулы датаға орай жыл сонында жақсы қыметі үшін біршама автобус жүргізушісі «Үлгілі жүргізуші», «Елеулі үлесі үшін», «Креативті жүргізуші», «Шеберлі жүргізуші», «Жол қауіпсіздігі қозғалысының үздігі», «Таза автобус» және «Жыл жүргізушісі» номинациялармен марапатталатын болады. Сондай-ақ, автобус жүргізушілерін ынталандыру мақсатында әр ай қорытындысымен жол жүру ережелерін бұзбай, автобустың ішкі және сыртқы тазалығын жоғарғы деңгейде қамтамасыз етіп жүрген жүргізушілерге түрлі қаржылай бонустар берілуде, – деді Мақсат Өмірбекұлы.

Өздеріңізге белгілі, өткен жылы «Қызылорда» автобус паркіне» «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы жаңадан лизингке 150 дана автобус алынды. Сондай-ақ, бұрын қолданыста болған үлкен сыйымдылықтағы көліктердің 40 данасы күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп, қосымша бағыттарға қосылды. 2022 жылы серіктестік 5 бағыт бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асырған. Ал, 2023 жылы бұл көрсеткіш артып, 18 бағытта қызмет көрсетуде. Олар: №1, №3, №10, №11, №12, №14, №15, №16, №17, №18, №19, №20, №22, №25, №28, №29, №30, №31 және қосымша жүктелген «Ягодка», «ПМК-29» саяжайы бойынша қызмет көрсетуде. Алдағы уақытта қоғамдық көліктер санын арттыру бағытында өңір басшысының қолдауымен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ы арқылы лизингке қосымша 150 дана үлкен сыйымлықтағы автобус сатып алу жоспарланып отыр.

Қоғамдық көлік санының еселеп артуына байланысты серіктестікте жүргізушілер тапшылығы байқалады. Айта кету керек, жолаушыларды тасымалдауды қамтамасыз ететін жүргізушілерге қойылатын кәсіби талап: 25 жасқа толған, кемінде 5 жыл жүргізуші жұмыс өтілі бар, кемінде үш жыл «D1» кіші санатына жатқызылатын көлік құралдарын басқару өтілі бар жүргізушілер қабылданады.

– Цифрландыру күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналып кеткені барлығымызға аян. Бүгінгі таңда, «ALEMPAY» ЖШС-мен жасалған келісімге сәйкес жолақысын ұялы байланыс операторының көрсетілген қызметтері немесе электрондық жол жүру картасы арқылы жүзеге асады. Соңғы өткен қалалық мәслихаттың отырысында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС қарасты қоғамдық көлік бағыттарында қолма-қол төлемді 130 теңгеге көтеруге ұсыныс беріліп, қолдау тапқан болатын. Электронды түрде төлем ақысы 85 теңге болып қала бермек. Бұл өз кезегінде жолаушылардың электронды түрде төлем жасауын арттырып, көлеңкелі кәсіптің алдын алады, – деді серіктестік директоры.

Бүгінде серіктестіктің автобустары 2GIS ұялы қосымшасына тіркелген. Өз кезегінде қызылордалықтар мен қала қонақтары баратын жерлеріне қосымша арқылы қай бағыт қай уақытта жүретінін көру мүмкіндігі жасалған. Мекеменің барлық автобустарына «автоинформатор» орнатылып, автоматты түрде аялдамаларды хабарлау қызметі жұмыс істеуде. Ал, QR кітаптар 18 бағыт бойынша жолаушыларды тасымалдайтын автобус салондарында қолжетімді. Қызылордалық «Қайсар» футбол клубының өз алаңында өткізетін ойындары кезінде арнайы жанкүйерлер үшін үлкен сыйымдылықтағы автобустар қызмет жасауда. Сонымен қатар, «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС-нің buspark.kz атауымен жаңа ақпараттық сайты іске қосылып, сайт арқылы автобус паркінің тыныс-тіршілігі, жүргізушілер мен жолаушылардың дұрыс диалог құру мәдениеттілігін қалыптастыру, автобустардың қай аймақта келе жатқанын және қанша минутта болатынын тікелей бақылап, қоғамдық көлік туралы маңызды ақпараттар мен сараптамалық материалдар ұсынылуда.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: