Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан экономикасы 5%-ға өсті

17.05.2023, 17:45 140

HALYQLINE.KZ ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралды. 

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров есепті кезеңде Қазақстан экономикасы 5%-ға өскенін баяндады. Бұл ретте нақты сектордағы өсім 4,8%-ды, ал қызмет көрсету саласында 4,9%-ды құрады. Барлық негізгі салаларда оң динамика байқалады, ең жақсы көрсеткіштерді құрылыс (+15,4%), сауда (+11,2%), сондай-ақ ақпарат және байланыс (+9,7%) салалары көрсетіп отыр. 

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 18%-ды құрады. Атап айтқанда, көлік және қоймалау – 39,3%, ауыл шаруашылығы – 26,5%, жылжымайтын мүлікпен операциялар – 10%, сондай-ақ өнеркәсіп – 18,1%, оның ішінде тау-кен өндіру – 17,3% және өңдеу – 7% инвестиция тарту деңгейі өсіп отыр. Өңірлік тұрғыда үздік көрсеткіштер Түркістан (+60,4%), Маңғыстау (+46%), Қызылорда (+42,1%) және Батыс Қазақстан (+34,6%) облыстарында байқалады. 

Алдын ала жасалған қорытындыға сәйкес қаңтар-наурыз айларында сыртқы сауда айналымы 13,4%-ға өсіп, $32,7 млрд-ты құрады. Экспорт $18,7 млрд-қа жетті, өңделген тауарлардың экспорты 8,1%-ға өсіп, $5,9 млрд-қа жетті. Жалпы есепті кезеңдегі оң сауда балансы $4,8 млрд-ты құрады. 

Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, қаңтар-сәуір айларында мемлекеттік бюджетке 6,1 трлн теңге кіріс түскен, жоспар 104,6% орындалған. Атап айтқанда, республикалық бюджет 4 трлн теңгеге, жергілікті бюджеттер 2 трлн 123 млрд теңгеге толықты. Барлық өңірлер бойынша кіріс жоспарлары асыра орындалды. Осы кезеңде мемлекеттік бюджет шығыстары 98,6%-ға, республикалық бюджет 99%-ға, жергілікті бюджеттер 98,6%-ға орындалды. 

Премьер-Министр 4 айдың қорытындысы бойынша ел экономикасы жақсы өсу қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті.

«Жалпы ішкі өнім көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға ұлғайды. Экономиканың базалық салаларында оң динамика сақталды. Өңдеу өнеркәсібі 5,1%-ға өсті», — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ машина жасауда – 36%, оның ішінде автомобиль жасауда – 41%, локомотивтер мен вагондар өндірісінде – 64%, жеңіл өнеркәсіп саласы – 35%, тоқыма өндірісінде – 55%, киім-кешек – 8%, былғары өнімінде – 2%, сондай-ақ құрылыс саласында 15%-дан астам орнықты өсім қалыптасып отыр.

Азық-түлік және минералды өнімдер өндірісі 8%-ға, электр энергиясын өндіру 6%-ға ұлғайды. Фармацевтика мен ауыл шаруашылығы 4%-ға, мұнай өңдеу 3%-ға, тау-кен өнеркәсібі 2%-ға өсті. Қызмет көрсету секторы 5%-ға өсті. Бұған сауда, ақпарат, байланыс және көлік салалары оң әсер етті. 

«Тұрақты инвестициялық белсенділік, оның ішінде шикізаттық емес секторларға инвестиция тарту серпінді экономикалық өсімнің басты факторы болып табылады. Тау-кен өндірісін есепке алмағанда, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі 18%-дан асты», — деп атап өтті Премьер-Министр. 

Жалпы, 4 айдың қорытындысы бойынша Абай, Жетісу, Ұлытау, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында барлық макрокөрсеткіштердің өсуі тіркеліп отыр. Ең төмен көрсеткіштер – Атырау және Ақтөбе облыстарында байқалады. 

«Қазіргі жағдайда біз экономикалық өсімнің жоғары қарқынын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл – оңай шаруа емес. Оған экономиканың салаларында үйлесімді жұмысты қамтамасыз ете отырып, қол жеткізуге болады. Алдымызда тұрған міндеттерді орындау үшін әрбір министрлік пен өңірдің қосатын үлесі аса маңызды», — деп атап өтті Әлихан Смайылов. 

Ол министрліктер мен өңір басшылары экономиканы одан әрі әртараптандыру, және тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты жалғастыруы қажет екенін атап өтті. Бұл орайда, ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыруға және шикізаттық емес өнім шығаруға басымдық берілуі тиіс.

Оның айтуынша, іскерлік белсенділікті арттырып, экономиканы сапалы дамыту үшін ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту жұмысын жандандыру қажет. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, IT, туризм және басқа салаларда жоспарланған инвестициялық жобалар пулын іске асыруға күш салу қажет. 

«Біз негізгі капиталға 18,5 трлн теңге мөлшерінде инвестиция тартуымыз керек», — деді Премьер-Министр. 

Сонымен қатар кәсіпкерлік пен бәсекелестікті дамыту, сондай-ақ көлеңкелі экономика деңгейін төмендету шараларын әрі қарай жалғастыру маңызды. Әсіресе, шағын және орта бизнесте жұмыс орындарын құруға баса назар аудару керек. Жаңа өндірістердің пайда болуына және қолданыстағы өндірістерді кеңейтуге бағытталған бастамаларды белсенді түрде қолдаған жөн. 

«Бизнесті ашуға және жүргізуге барынша жағдай жасап, кәсіпкерлердің проблемаларын жедел шешу қажет. Бұл міндет тиісті министрліктер мен әкімдіктердің тұрақты бақылауында болуы тиіс», — деді Әлихан Смайылов. 

Экономикалық саясаттағы басымдықтардың бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін Жалпы ішкі өнімнің 14,4%-ына дейін біртіндеп қысқарту. Биыл 2025-ші жылға дейінгі Жекешелендірудің кешенді жоспарының 90%-ға орындалуын қамтамасыз ету керек. 

Премьер-Министр мұнымен қатар бағаның өсуін тежеуге күш салу қажеттігін атап өтті. 

«Біздің мақсатымыз – биыл инфляцияны 2 есеге төмендету. Ол үшін үйлесімді және нақты шұғыл шаралар қажет. Биылғы жылдың сәуір айында инфляция 16,8%-ға дейін баяулады. Өңір әкімдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша сапалы жұмысты жалғастыруы керек», — деді Үкімет басшысы. 

Ол сондай-ақ Инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі өзектендірілген шаралар жоспарын орындау үшін барлық тиісті шараларды қабылдау қажет екенін айтты. 

Қорытындылай келе, Премьер-Министр қаржылық тәртіпті күшейту және мемлекеттік бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру маңызды екеніне назар аударды. Атап айтқанда, Бизнестің жол картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бойынша іске асырылатын шаралардың сапасын жақсартқан жөн.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: