Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ДӘСТҮР мен ДІН сабақтастығы – халқымыздың рухани иммунитеті

04.10.2023, 17:40 323

HALYQLINE.KZ

Бабадан мұра, атадан аманат болып қалған ислам төңірегінде әртүрлі алыпқашпа әңгімелер мен ақиқаттан өзге сөздер еріп жүргені жасырын емес. Олар шындыққа жанаспақ түгілі, илануға келмейтіндей деңгейде. Міне сондай оспадар ойлы, өресі төменділердің әсерінен дініміз қайсы, дәстүріміз қандай деген күмәннің артынан еріп жататын жағдаяттардың ортасында қалдық. Қазіргі күні байқасаңыз, жастар мешітке көп баратын болды. Бұл бір қарағанда қуанышты жағдай әрине. Дегенмен, сол жастардың бәрінің бірдей дінімізге деген көзқарасы дұрыс па әлде жаңсақ басып жүргендері де бар ма? Міне, гәптің бәрі осында!
Әсілінде, дін мен дәстүр – түбі бір егіз ұғым. Мұны біз, әсіресе жастар қауымы қалай ұғынып жүрміз? Бұл екеуі ажырамас, бірі мен бірі біте қайнасқан ұлағатты ұғым. Оның аражігін ажырату үшін үлкен діни білім, ұлттық дәстүрді жете меңгерген қабілет керек. Ең бастысы, дініміз бен дәстүрімізді ұғындыратын, соған жетелейтін насихат құралы қажет. Қазақ халқы қашанда дәстүр-салтымен, әдет-ғұрпымен өмір сүрген халық. «Уықты басқұр сақтайды, ұлтты дәстүр сақтайды» деп бабаларымыз бекер айтпаса керек-ті.

Домбыра шанағына дақ жұқпасын

Әлеуметтік желіде «домбыра шерту, беташар жасау, келіннің сәлем салуы – харам» деген мағынада айтылған пікір қоғамды екіұдай күйге түсірді. Осы пікірге қатысты азаматтар тарапынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына сауалдар көптеп түскен.

– Ислам әлеміндегі танымал ғұламалардың бірі де бірегейі Имам әл-Ғазали мен Әбу Ханифа мәзһабының көрнекті ғалымы Абдул-Ғани ән-Нәбулусидің көзқарасы бойынша дінді насихаттау, халықты отансүйгіштікке, имандылыққа, бірлік пен адамгершілікке шақыру мағынасында айтылған әнге рұқсат. Ал адамға жаман ой тастайтын, арақ пен әдепсіз іске үндейтін ән айтуға шариғатымыз тыйым салған. Ғұлама Абдул-Ғани ән-Нәбулуси өзінің кітабында: «Пайғамбарымыздың кейбір хадистеріндегі әуенге байланысты тыйымдар осындай теріс бағытқа жетелейтін әуендерге байланысты болса керек» (әл-Имамул-әкбар Махмуд Шәлтут, Әл-Фәтаауа. 355-бет) деп жазады.

Сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан қазақ халқы ұлттық аспабымыз – домбыра арқылы ән, терме-толғау шырқап, тыңдаушыны имандылыққа, ізгілікке, адамгершілікке, Отанды қорғауға, ата-анамызды қадірлеуге шақырған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желі қолданушыларын «домбыра шерту, беташар жасау, сәлем салу – харам» деген мағынада біржақтама, негізсіз пікір айтып, халық арасында түсінбеушілік тудырмауға үндейді. Ұлттық құндылықтарға қарсы келу дұрыс емес екенін мәлімдейміз, – делінген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарламасында.

Елді іштен ірітуді алдына мақсат қойған топтар дәл осы кезде қайыру бермей тұр. Бұл арандатушылардың түбін іздей бастасаң тым әріге тартып кетеді. Елді рухсыздандырудың алғы шарты рухани құндылықтарға қол сұғудан басталатыны белгілі. Себебі, ұлттық құндылықтардан айырылған ұлт, ұлт есебінде өмір сүруін тоқтатады. Сондықтан да сыртқы күштердің өз шіріген жұмыртқаларымыз арқылы жанды, жансыз рухани дүниемізді тартқылайтыны.

– Әлемжеліде сақалы белуарына түсетін бір кеще домбыраны харам, пәлен-пәштуан деп, пайғамбардың аһ дегенде аузынан түскен баласы сияқты ақтарылып жатыр екен. Ау, ағайын бұл не бассыздық?

«Адам ата жұмақтан жерге түскен соң көп жылдардан кейін,ол жақтағы сазды, сол сазды шығаратын аспапты сағынып, алғаш домбыра жасапты» дейтін, ата-бабамыз айтып кеткен қиссамыз қайда? Тіпті, Шыңғысқа Жошының қазасын естіртіп, ашуға булыққан қаһан шанағына қорғасын құйатын да осы домбыра еді ғой. Сонда, ұлт үшін қасиетті болған дүниелердің бәріне кім көрінген итше сарып кете бере ма? Бұл қасиетті аспап бүкіл өнеріміз бен мәдениетіміздің құндағында жетілген қара домбырамыз емес па еді?

Он тоғызыншы ғасырда өмір сүріп, біздің дәуірімізге дейін аты өшпей келе жатқан Қашаған Есқали молдаға:

Қолымдағы қу ағаш,

Сайрап отыр бұл ағаш.

 Асылы емен, қарағай,

Шыққан жері су ағаш.

Найзасына батырдың

Сап та болған бұл ағаш.

Дариядан өткенде

Пырақ болған бұл ағаш.

Қараңғыда жарығы

Шырақ болған бұл ағаш.

Қаріп пенен қасірге

Қуат болған бұл ағаш.

Жетім менен жесірге

Суат болған бұл ағаш

Жаңа дәрет алғанда,

Сәждеге басың салғанда,

Аузыңа салған мәсуәк

Ағаш емей, арқан ба?!

 Боқтағаның қай ағаш? – деп,қасиетті қара домбыраны қорғаштап запыран төкпеуші ма еді, – дейді жыршы, ҚР мәдениет қайраткері Берік Саймағанбетов.

Ұлтты ұйыта алатын қасиет пен кие атаулыны қаны Қазақ азаматтар ғана қорғамаса, ол өзге ұлт пен өз ұлтымыздың ішінен шыққан шұбар жыландарға мүлде қажет емес. Ұлтқа зияны тиетін, ұлттық мүлдеге қайшы келетін, ұлттық құндылықтарымызды құрдымға жіберуге әрекет ететін кез келген нақұрысқа жаза тағайындалу керек. Өмірден өтем дегенше Қазақтың рухын асқақтатып кеткен, батыр Бауыржан Момышұлы «Ұлт болам десең бесігіңді түзе» деген жоқ па. Сақтасақ ұлттығымызды сақтайық.

Дәстүрін дәріптеген дін берік

Соңғы жылдары күн тәртібінен түспеген қоғамдық мәселелердің бірі – дін мен дәстүр мәселесі. Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз дәстүр мен дінді қатар ұстап келгенін жақсы білеміз. Осы ретте, біз зайырлы мемлекет ретінде қоғамнан діннің бөлінуі мүмкін еместігін және дін мен дәстүрдің ажырамас құндылықтар екенін жақсы білуіміз керек. Себебі дін де, дәстүр де – қоғамдық қарым-қатынастарды реттеуші, олар бір-бірін толықтырып отыратындығын білікті дінтанушылар тарапынан әрдайым айтылып келеді. Тіпті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан да бірнеше жыл бұрын «Дін мен дәстүр» кітабы да жарық көрді. Заманында Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) сахабаларына: «Дінді өзге халықтарға сіңдіру үшін сол халықтың салт-дәстүріне тиіспеңдер, нұқсан келтірмеңдер, егер шариғатқа қайшы келмесе», – деген еді. Осы сөзді ұстанған сахабалар мен дін таратушылар қазақ даласына келіп, қазақтың салт-дәстүріне, түріктік дүниетанымына негізделген ислам мәдениетін қалыптастырды. Оның көрнекті өкілдері ретінде – Маңғыстау топырағынан шыққан ғұламалар Бекет ата, Бектеміс Ержан хазрет, Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы, Қожа Ахмет Яссауидің шәкірті сопы Шопан ата секілді тұлғаларды айтса болады.

 Өкінішке қарай, соңғы жылдары түрлі ағым өкілдері діннің тазалығы жайында әңгіме айтамыз деп, қазақтың салт-дәстүрін ысырып тастап, өзінің теріс идеологиясын қабылдатқысы келеді. Олар тек Құранмен ғана жүруіміз керек деп, сүннет пен салт-дәстүрді тәрк етуде. Шәкәрім атамыз мұндай ағымдарды «шатақ діндер» деп атаған. Жат ағымды ұстанушылар анасын жылатып, атасын сыйламай «сенің қолыңнан тамақ ішпеймін, өйткені сен намаз оқымайсың, сендер кәпірсіңдер» деп талайы тура жолдан адасып келеді. Қазіргі таңда елімізде жат ағым өкілдеріне қарсы қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстың уақыт өте келе нәтижесін көріп келеміз. Яғни дәстүрлі дінге бет бұрып, жат ағымда жаңылып жүргендерін мойындауда. Бұлармен жұмыс жасау үшін әуелі біз олардың бойына ұлттық иммунитетті сіңіруіміз керек.

Ұлттық иммунитет дегеніміз – халқымыздың ұлттық салт-дәстүрі, өзіндік дүниетанымы. Халқымыз исламның тек сыртқы формасына ғана емес, оның ішкі мәйегіне де жақсы үңіле білген. Қай халықтың болмасын салт-дәстүрлері сол халықтың мінез-құлқын, қасиеттерін таныта алады. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптары халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезіне, сеніміне қарай қалыптасып келеді. Бүгінгі таңдағы басты мәселе халықтың асыл қазынасын жастардың бойына сіңіре білу, рухани байлығынан сусындату, салт-дәстүрін, тілін, діні мен ділін үйрету. Дін адамның рухани қажеттіліктерін өтейді. Адамзат баласын ізгілікке, адамгершілікке бағыттай отырып, оны теріс қылықтардан сақтандырады. Әрдайым Құдайдың бар екенін еске салып отырады. Ал дәстүр – ұлттың қағаз бетіне түспеген заңдары десек те болады. Адамдардың қатынастарын жазбаша заңдарға дейін ғасырлар бойы салт-дәстүр қамтамасыз етіп келген дейді тарихшыларымыз. Осы ретте елімізде әлі күнге дейін халық арасындағы кейбір мәселелер салт-дәстүр арқылы реттеліп келе жатқанына куә болып жүрміз.

Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор. Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Мәселен, еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі ғасырлар бойы халқымыздың бойындағы, батырлық пен ерлік дәстүрін тудырған. Қазақ – ұлттық дәстүрге ерекше мән беретін халық. Дәстүр – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым. Екеуі егіз тақырып десек те болғандай.

Ислам – адамгершілік пен парасаттылықтың, қайырымдылық пен ізгілік діні. Осынау асыл дінімізді әр саққа жүгіртіп, бұрмаламай өзінің тұнық қайнарынан үйренуге тырысқанымыз жөн. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып келген дәстүрлі дінін, әдет-ғұрпын жоққа шығармайық.

Айдар САЙЛАУОВ,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: